(Бір кітаптан туындаған ой)
Нұрағаң өз кітабын “Көрген жерден көз кетпейді...” деп атаған екен, мазмұнынан туындап жатқан қонымды атауды қолдай отырып, “Ауырған жерден қол кетпейді...” деп сөз айттық. Өйткені, қазақша ойласақ, еңбек ауырған жерге дәл тиерліктей, қазақ қоғамының арғы-бергісін білімдарлықпен қозғаған, ел басындағы жағдайды сауықтыруға тиісті шаралардың көзін тауып, сөзін айтқан еңбек!
АУЫРҒАН ЖЕРДЕН ҚОЛ КЕТПЕС...
Журналистика мен саясаттың шылбырын тең ұстап келе жатқан Нұрмахан Оразбектің “Көрген жерден көз кетпейді” ныспылы жаңа кітабын оқығанда көптен мұндай формасы тың, баяндау мәнері қоғамды талдауға барып ұласып жататын бесаспап кітапты оқымаған екенбіз деген ойға қалдық. Оқыдық. Қызықтық. Көңілге түйгенімізді көпке жеткізуге тәуекел етіп, үстелге отырдық.
Бұл – алдымен журналистік кітап. Сөйте тұра, мемуарлық сипаты да бар. Оның өзі кітаптың жүрдек оқылып, жақсы қабылдануына септесіп отыр. Майталман журналистің кітабы – тұтас табиғатты еңбек. Формалық ізденіс молынан табылады. Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы журналистің алақанында. Статистикалық есеп-қисап, қаулы-қарар, еліміздің саяси үдерісі – бәрі-бәрі журналиске еркін қызмет етіп жатыр. Әдетте журналист ағайын статистикалық есеп-қисап пайдалана қалғанда, өзі пайдаланып отырған аңғардан шыға алмай қалатыны болады. Нұрмахан Оразбек ондай қатардан емес. Алғы тұрғыда оның өз көзқарасы, өз дүниетанымы, содан туындайтын өз пікірі! Қалғанының бәрі журналистің өзіндік пікіріне қызмет ететін қосымша факторлар.
Орыста ХІХ ғасырда Энгельгард есімді журналист өмір сүрген. Елдің экономикалық ахуалын тамыршыдай тап басып жазған ондай журналист ол кезеңде болған емес. Бәлкім, содан да шығар, ХІХ ғасырдағы орыс көркем әдебиетінің алтын ғасырын жасаған ұлы жазушылармен бірге ғасырларды аттап Энгельгардтың публицистік шығармаларының бүгінге жеткені. Оның публицистикалық кітабын оқысаңыз, ХІХ ғасырдағы Ресейдің экономикалық келбетін көргендей болатыныңыз бар. Экономиканы талдау арқылы қоғамды қалай баянды етуге болады деген сұраққа жауап табуға болады. Қоғамға төнген, төнуі мүмкін барша қауіп-қатерлерді елдің экономикасын талдай отырып айтуға болады екен. Бәлкім, кезінде Энгельгардтың “Из деревни” публицистикалық кітабына Карл Маркс, В.И.Ленин секілді жаңа қоғам ой алыптарының назар аударуы, тіпті В.И.Лениннің арнайы мақала жазуы да оның шығармасының өміршеңдігін көрсетсе керек. Ал бізде қоғамдағы реформалық және реформалануға тиісті мәселелерді қаламгер емес, билік айтуы керек деген пендешілік пікір белең алғандай. Солай ойлайтындарға Нұрмахан Оразбекұлының жаңа кітабын оқуды ұсынар едік.
Нұрағаң өзінің жұлын-жүйкесі тұтас кітабында қандай мәселелер көтеріп отыр? Журналист әр жылдары іссапармен Қазақстанның әр шалғайын аралаған. Редакцияға түскен шағым, арыз, тапсырманы бетке алып, түрлі ауыл бекеттерінде болған, объектісін зерттеп журналистиканың алуан жанрына табан тіреп материал жазған. Енді, міне, елі тәуелсіздік алған, неше түрлі реформаларды жасап жатқан шақта “темір тұлпарын” “жемдеп”, ерттеп мініп сапарға шығады. Өзі бала кезден бастап өмірдің әр белеңінде тағдыр айдап журналистік сапармен барған, көрген, тексеріп, зерттеп материал жазған жерлерді егде шағында қайыра бір аралап көрмек, көзі тірі болса бір кездегі материалдарының кейіпкерлерімен кездеспек, олар бүгінгі реформаға ілесе алып отыр ма, жоқ па? Міне, соны білмек, көзімен көрмек. Еңбекті тұтастырып, оған тың форма сыйлап, оқылықты кітапқа айналдырып тұрған да – осы идея. Бұл – Н.Оразбектің ізденімпаз қаламгер екенін көрсетеді.
Кітаптың алғашқы бөлімі “Шығыс Қазақстан – Семей өңірі”, “Павлодар атырабында”, “Солтүстік Қазақстан”, “Кең жазық Қостанай аймағында”, “Ұлытау – Жезқазған өңірі – Қарағанды аумағы”, “Қызылорда, Оңтүстік, Жамбыл атырабы” деген секілді алты ішкі тараудан тұрады. Журналист жазбагер 2004 жылы Алматыдан автокөлікпен жолға шығады. Алғашқы жол бекеті етіп Шығыс Қазақстан өңірін алуында да мән бар екен. Өңірге студент журналистік практикадан өту үшін келген де, бірнеше ауданда, қалада болып материал жазған. Араға 43 жыл салып, кезіндегі ауылдар мен өндіріс ошақтарында болады.
Ел аралаған сыншы болады дегендей, қазақ жерін алты аймаққа жүйелей, бір қиырынан түсіп аралаған журналист өзіне көп сұрақ қойып, сол сұрақтарға өмір көрінісі, түрлі жолығысу-ұшырасулар, елмен болған нақты-затты әңгімелер арқылы жауап береді. Оның ішінде ел жағдайы – әлеуметтік мәселелер, жер жағдайы – экономика мен экология, ауыз су, жол, жұмыссыздық секілді толып жатқан мәселелер оқиғаға орай кейде ащы, кейде жұмсақтау көтеріліп жатады. Кешегі кеңестік кезеңдегі өмір көрінісі мен бүгінгі тәуелсіз дербес ел тұсындағы өндіріс, тұрмыс өзара салыстырылып әңгімеленеді. Сол салыстыруға себепкер болатын жәйт – журналистің кезінде осы өңірлерден жазған түрлі материалдары. Кешегі күнге әлгі өзі жазған материалдарды бетке ала сапар шеккен қаламгер оны бүгінгі тұрмыс-тіршілікпен салыстырып, елдің келешегі жайында ой кешеді. Өзінің кезінде жазған материалдарына сын көзбен қараушылық бар. Қырық үш жыл бұрын Самар ауданы, “Жамбыл” колхозы тыныс-тіршілігінен “Бүгінгі ауыл осындай” аталатын мақала жазған екен. Сол мақаласы ойына түседі. “Жайдақ екем-ау сол кезде, – дейді журналист өзіне-өзі. – Жайдақ болмасам, сондай тақырып қоям ба? Тап бір қазақ ауылдарының бәрі сол Бастаушыдай болғандай”.(13-бет). Әрі қарай бір кезде өзі жазған ауылдың бүгінгі ахуалын жан-жақты саралау. Саралау қалай жасалады? Адамдармен жүздесу, әңгімелесу арқылы.
Көп жерде бюрократия етек алған, шағын бастықтың өзінің есігінен қарау мүмкін емес, кісіні кісілікті сақтай отырып қабылдамай сырғақсиды, кейбір ауыл әкімдері түрлі жағдаймен орнында болмай шығады, орынбасарлары ауыл жағдайынан мәлімет беруге қорқады (кім келсе де мәлімет берме деп мықтап тапсырып кететінін көреміз). Журналист ауыл тұрғындарымен әңгімелесуге мәжбүр. Олар ауылдағы жұмыссыздықты, зейнет ақшасының аздығын, ауыз судың жоқтығын, жол қатынасының қиын екенін қиналып айтады. Журналистің қабырғасы қайысады...
Бір ауылдың тынысын тану үшін автор Асылғазы Ахметқалиев, Ағиям Қабдиева, Ырысалды Дүйсенбинова секілді кезінде бірі тракторист, бірі сауыншы болған қариялармен, Жанар, Мәриям, Айнұр сынды жаңа буын жастармен әңгімелеседі. Ақыр аяғында ауыл әкімі Бақытжан Қабылбековпен жүздеседі. Ауыл жайында мәліметі түгенделеді. Бұрын 200 түтіні бар ауылда бүгінде 1750 жан тұрады екен. Ауыл аумағындағы 7 мың гектар егістік жер бөлініп берілген. Соңғы бір жылда мал 460 басқа көбейген.
Біз журналистің бір ауылдағы әлеуметтік жағдайды талдаған сәтіне ғана тоқталып отырмыз. Енді, міне, журналист ой кешіп келеді. “Журналистің қолы рөльде, көзі жолда. Бірақ, бұл ойлануға бөгет емес. Ойлануға түрткі әкімнің “Жұмыссыздық жоқ деуге болады” деген сөзі. Сонымен қабаттаса, Ағиям кейуана келінінің: “Бізге тұрақты жұмыс жоқ, отырмыз ғой үйімізде, азаматымыздың тапқаны мен енеміздің пенсиясына қарап” деген елеусіздеу лебізі де миға маза бермейтіндей. “Тегі жұмыссыздық деген ұғымға біз әлі де дәл анықтама бере алмай келе жатырмыз-ау. Анау жылдары “жерін бөліп бердік, оларды жұмыссыздар қатарына қоса алмаймыз” деген кесім “айттым – болды” дегенмен қоңсылас секілді. Ол жерді пайдаға асыратын құралы болмаса, қарапайым қазақ не істей алмақ? Жұрттың үлеске тиген жерін әлді шаруа қожалықтарына беріп, олардың отын-шөбін түсіріп бергеніне шүкір деп отырғаны – сол жоқтықтың салқыны-ау, шамасы”. Журналисті жол үстінде ойға шомдырған осындай дүдәмал ойлар-тын. Бірінен бірі балалап, біріне бірі үстемелеп келе беретін беймаза ойлардан журналист көлденең ұшырасқан ұзын жолға тірелгенде ғана арылды” (23-24-беттер).
Кітапты мазмұн байлығына бастап құнарландыра түсері – осындай ой кешулер. Журналистің дүниетанымы, білімі, содан туындайтын қалам қарымы – қазақ қоғамы бойында өтіп жатқан жаңалық атаулыны және “жаңалық” атауымен өтіп жатқан түрлі асыра сілтеушілік, жоғарыдан алынған шешімнің жергілікті жерге жетпей, орта жолда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жататынын тамыршыдай тап басып тануға себепші.
Автор кейіпкерлерінің психологиясын беруге, оны көркем образ етіп жасауға тырыспайды. Қарапайым адамдар. Боямасыз өмір. Саясат ұстанбай, ашық сөйлесу. Соның өзінен кейіпкерлер үлкен тағдыр иесі екені көрініп тұрады. Оны кейде авторлық баяндаудан, кейде кейіпкердің өзінің әңгімесінен байқайсыз. Байқайсыз да, олардың тағдырына ойша араласып кетіп отырғаныңды байқамай қаласың. Айталық, Галина Ақатайқызының әкесі – қазақ, шешесі – славянь тұқымы. Екеуі Ұлы Отан соғысында жүріп майданда табысқан. Бүгінде олардан сартылдап таза қазақша сөйлейтін, жан-жүрегі таза қазақ ұрпақ тарап отыр. Соның бірі – Галина. Сол сияқты Тоқтасын Сағатов – әкесі 1942 жылы соғысқа аттанғанда іште қалған бала. Олар бүгінгі Қазақстан жағдайын ойланады. Асылында Н.Оразбек қарапайым адамдардың жанына үңіліп, олардың жан-сарайын ашатын шебер журналист. Мейлі журналистік жазба, мейлі көркем дүние – адамдардың жаны ашылмаса, жүрек сыры шертілмесе, “еңбек еш, бейнеті сор...”. Бұл орайда Нұрмахан ағамыз орыс журналистикасындағы Овечкинді еске түсіргендей... Адам және қоғам – бірінсіз бірінің күні жоқ, осы екі өзектес мәселе өзара сабақтасып әңгімеленгенде әлеуметтік ауқымды мәселелер туады. Ол оқырманын толғантады. Адам тағдырына алаңдаушылық, адам өміріне зер салу, оны шығарманың жұлын-жүйкесіне айналдыру – автордың қапысыз ұтысы! Кітапты ауқымдандырып қана қоймай, астарлы ағындарға ұластырып айдындандырып, проблемалы етіп айбарландырып тұрған – осы мінез.
Оның кейіпкерлері: “Өзіңіз аузыма әдемі сөз салып, әбден бөстірген Марат Арышовыңыз біз боламыз. Сол кездегі насихат қой” (28-бет), – деп бастайды сөзді өзін де, кезінде кеңестік рухта жазған журналисті де мазақтағандай. Алайда, осының өзі шығармаға күлкі шуағын шашып тұрғанын қайтерсіз?!
Бір кездегі мектеп оқушысы, бүгінгі зейнеткер кейіпкері ойшыл да шыншыл. “Бұл өңірдің топырағы қоңыр түсті болып келеді, әрі қыртысы жұқа. 362 күн жел тұрады. Бас агроном дегенің райкомның инструкторының қолбаласы секілді, қаулының жобасын да саған жазғызады. 12,5 мың гектарға егіс салынатын. Жерді жырта берсең “молодец” дейді де, “ау, бұлай болмайды ғой, жерді құртып аламыз ғой” десең, “түк білмейсің, партия саясатын қақпайсың” деп әкіреңдеп шыға келеді. Партиядан екі ме, үш пе, шығарып жіберді. Бұл өңірде тас болмайтын. Жырта бергесін, оның үстіне жел уілдеп тұрғасын оңа ма, қазір тастан басқа түк те жоқ. Содан экологияға байланысты, тоқсан сегізінші жылы, елу бес жасымда пенсияға шықтым да кеттім. Қазір 10 мың теңге зейнетақым” (29-бет). Күлесің бе, жылайсың ба? Трагикомедия! Сөйте тұра, боямасыз өмір шындығы. Кешегі күннің шындығына бүгінгі күннің шыжығы қосыла, сан соқтырып отыр.
Журналист – стилист. Аз сөзге көп мағына сыйғыза жазады. Сөздер суреткерше сараланып алынып, олар бір-біріне шұғыласын төгіп тұрады. Сайланып шыққан сөздерден бас құраған сөйлемдер өзара үйлесім тауып, ырғақты құйылыспен жазылады. “Шынына келгенде, бүгінде Шығыс Қазақстан облысына басы байланған Семей өңірінен жазып жарытқаны шамалы” (47-бет), – дейді журналист. “Біздің елдің тарихын, бір жағынан, ұрандар тарихы деуге болады. Сол алпысыншы жылдардың басында екі ұран дәурендеп тұрды” (102-бет), – деп салады журналист. Артық-ауыз сөз жоқ. Нақты. Затты. Мәселе бар. Астар бар. Сын бар. Соны әдіптеп жеткізетін тіл бар.
Журналистік кітап – мәселені көтере білу, жай көтеру емес, білімдарлықпен көтере білушіліктің көрінісі. Қазақ тағдырына соғып жататын мәселені бірде елеусіз ортаға тастай салып, келесіде іліп алып кетіп салыстыра айтушылық, үшінші бір жерде тарихқа барып жоталандырып беру, сөз жоқ, қаламгер шеберлігі. Жезқазған өңірінде “Су қоймасына Қ.Сәтбаев есімін беру туралы мәселе қойып отырмыз”. Бұл – әкім Владимир Алексеевичтің сөзі. Енді журналисті тыңдайық. “Қанекең ұлы қазақ. Павлодардың қалалық мәслихаты оның есімімен бір көшені атауға талай жылдар бойы қарсы болып келсе, оның екі бірдей себебі бар. Біріншіден, депутат болып жүргендердің білімсіздігі, біліксіздігі, керек болса надандығы. Екіншісі, өзімізден. Маңдайымызға біткен арыстарымызды дұрыстап насихаттай алмайтындығымыздан. Содан да Кенесарының соңынан қалмай қудалаған патша губернаторына Көкшетауда тәуелсіздік жылдары көше аты беріледі де, Павлодарда Сәтбаев есімі пәленбай жылға созылған дауға айналады. Ал мына жерде бізге тән ағаттықтың басы қылтияды. Ұлылығы әбден мойындалған бірдің атын жалаулата береміз де, басқа да ұлы тұлғаларымыздың бар екенін, олардың да тындырған тірлігі үлпеттеуге тұратынын, насихаттау керектігін естен шығарып аламыз, не ескермейміз. Осынау су қоймасы Қанекеңнің шәкірті, сол кісіден кейін республикамыздың Ғылым академиясын басқарған, тұңғыш энергетика институтын құрып, оны ұзақ жылдар бойы басқарған, керек десеңіз Қазақстанның Халық Қаһарманы Шапық Шөкиннің 1937 жылы Омбы институтын бітірерде ойдағыдай қорғаған “Есіл өзеніндегі Марьев ГЭС-і” деген диплом жұмысының материалдары негізінде жасалған. Ендеше, сол кісінің есімін неге ұсынбасқа?!” (90-бет)
Проблема бар ма? Бар! Білімділік бар ма? Бар! Мәселені жол-жөнекей болған әңгімені жоталандырып алып кетіп, білгірлікпен көтеру дегеніңіз осындай-ақ болар. Бейне көп жыл ономастикалық комиссия басқарған кісідей мәселенің арғы-бергі жағдайын біліп, оны ұлттық тұрғыдан қоя білушілікке қалай қайран қалмассыз.
Кітап – бастауы бар, өрістеп шарықтауы бар, түйінделуі бар, композициялық бітімі дөңгеленген, ұлттық пішімді, елдің өткенін бүгінімен салыстыра отырып ой толғайтын, ең бастысы – елдің ертеңіне кәдімгідей біліп алаңдайтын ұлттық ойлы журналистік тұтас туынды. Еңбектің соңына таман қосылып кететін шығармашылық сыр, азаматтық-журналистік толғаныс, кішіпейіл естеліктер ойлы туындымен табиғаттас келіп, толықтыра түседі.
Нұрағаң өз кітабын “Көрген жерден көз кетпейді...” деп атаған екен, мазмұнынан туындап жатқан қонымды атауды қолдай отырып, “Ауырған жерден қол кетпейді...” деп сөз айттық. Өйткені, қазақша ойласақ, еңбек ауырған жерге дәл тиерліктей, қазақ қоғамының арғы-бергісін білімдарлықпен қозғаған, ел басындағы жағдайды сауықтыруға тиісті шаралардың көзін тауып, сөзін айтқан еңбек!
Журналист – халық өкілі. Журналист жазбалары бойынша тексеру, зерттеу жүргізіп, назарға алып, шешім жасап отыру да осы орайда пайдасыз болмас еді.
Қазақ журналистикасында ешқашан барды шиырламайтын, өзінің дербес бәсіре тақырыбы бар, тақырыпты талдай жазатын жүйрік қаламы, сұлу стилі, тіпті журналистік мектебі бар Нұрмахан Оразбектің “Көрген жерден көз кетпейді...” аталатын оқырманға жол тартқан кітабы – барынша тартымды, тың мәнерлі, аракідік мемуарлық сипаты да бар, “қышыған жерге” дәл тиетін аса қажет кітап.
Құлбек ЕРГӨБЕК.