• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2011

Текті тұлға

603 рет
көрсетілді

Өмірден өтті бір пенде. Қарапайым ғана адам. Өңіріне таққан керемет марапаттары да жоқ. Қара еңбегі ғана кеудесін күм­бірлетіп, еліне сыйлы еткен аса кішіпейіл, азаматтығы басым, өзін емес, өзгенің қамын ойлағыш шынайы адал жан еді. Сол себепті де болар, ортасын ойсыратып, жетімсіретіп тастады. Алдымен Тор­ғай өңірі жоқтады, сосын өзі зейнеткерлік көркем жылдарын өткер­ген елорда қайғырды... Бұл кім еді, бәтір-ау! Ақырын жүріп, анық басқандықтан халқына қадірі асқан қандай жайсаң еді? Ол – Зейнолла Шаймұхан­бетұлы еді. Кеңестік дәуірдегі қате жазылған төл­құжаты бойынша Шаяхметов. Ел оны есіне осы тегімен жаттап қалған. Дегенмен жұрт зердесіне Зекеңді осылайша түйгенімен, ақыретте өзінің анық ныспысы аталып кетті. Зекең адал терімен туған еліне қалтқысыз қызмет еткен жылы жүректі жайсаң еді. Тор­ғай өңі­рінің Аманкелді ауда­нында Абай атындағы кеңшар­дың қазығын өз қолымен қағып, жиырма жыл бас­қарды. Елі ішінде аңызға бергісіз әңгіме бар. Әлгі кеңшарды Зей­нол­ланың оныншы баласына те­ңеп қойыпты. Тоғыз құрсақ  кө­тер­ген зайыбы Орынтайдың онын­шысына «жерік» болуын ел іші қызық әңгіме қылып айтады. Құмкөшу деген жерде алғашқы қазық қағылады. Күндіз бір төбе, түнде жел айдауымен бас­қаша жыл­жып жал-жал боп жататын си­қырлы құмды ай­мақ­та құрылыс­тың ірге тасын қалаудың қияметін айтпаңыз. Әйткенмен, Зекеңдер ойға алғанын тиянақтап тынды. Сол қалашық әлі күнге Торғай об­лысы тарап, жалпы ел сырдаң тарт­қанымен, құмда өскен гүл­дей көз арбайды. Ықылас нұры­мен суарылғандықтан болар, әр жүрек­ке жақын, етене боп кеткен. Аза­маттың арымен, жаны­мен тұрғы­зылғанды адамдар ұмыт­пайды екен. Міне, Зекең­нің соңына қалдырған ескірмейтін ескерткіші. ...1990 жылдың басы. Құмкө­шудегі Абай атындағы кеңшар­дың атағы алысқа кетіп, дүрілдеп тұр­ған дауылпаз кезі еді. Оны бас­қаратын Зейнолла Шаймұхан­бет­­ұлының қо­ғамдық мал басын арттырып, егін түсімін еселеп, зор абыройға бөле­ніп жүрген желпініс шағы болатын. Ауылды жанай ұзын жол өтетін бол­ғандықтан, Зе­кең­нің үйінен қонақ арылмай­ды. Арнайы ша­қы­­рыл­ған мейман емес, жүргін­ші жолау­шылар. Соға кетеді, қыстың боранды түнде­рінде қонып та қалады. Танитыны бар, таны­май­тыны өзінше. Торғай жақ­тан жол азабын тартып келе жатып, жеті түннің ішінде Зекең үйінің есігін біз де қақ­қанбыз. Жыға жүздеспеген кезіміз. Құдай­дай күтіп қарсы алды. Кешікпей алдымызға серкенің басы сәнден­ген табақ толы ет келе қалды. Түн­нің ортасы ауған шақ. Таңырқап отырмыз. Сөйтсек, Орын­тай жеңгей алдын ала қойларды сойғызып, асып қояды екен де, күт­пеген қонақ келгенде жы­лытып жіберіп, жаңа пісіргендей етіп, ұсынады екен. «Ме­нің Орынтайым қонақта­рын солай мырзалықпен күтуші еді», деп Зекең кейін де еске алып отыратын қадірлі зайыбын. Тағдыр желі ала құйын ғой. Қай тұстан қалай ұйтқитынын кім білген? Маңайына өз қадірін асырумен бірге Зекеңнің де абыройын аспан­датқан сол аяулы жан Алматыда дүниеден өткенде қайнысы Әбді­сағит бірнеше көлікпен қыраулы қыстың ішінде елге әкеліп, арулап қо­йыс­қан болатын. Бұл қаралы кезең жайлы кейін Әбекең «Менің де бар еді аяулы жеңе­шем» деп жүрек жылататын эссесін жазғаны оңды болар ма. Әрине, кейінгілерге үлгі-өнеге үшін сүйікті жеңешесінің бейнесін ыстық сағынышпен сомдаған ғой. Ұзын жолдың өтіндегі осы ауыл­дың иесіне қатысты тағы бір қызық та шыжық оқиға есіме түсіп отыр­ғаны. Жаңбырлы күз. Шелектеп құйып тұр. Қайда тығылары­мызды білмей тағы да Зекең үйін паналап қалыппыз. Келсек, ыңыранған өңкей дөкейлер төрде шалжиып жатыр. Бізге елең етісіп, күт­кендері болма­ғасын, бір төресі: «Зейнолла біздей қонақтарын өзі күтіспей мал қора­сында не сандалып жүр», деп дауы­сын көтере дабыл қақты. Зекеңе осы сөз жеткен болуы керек, іле келіп, кешірім сұрап, әлгілердің ығына жығыла қоймай, қайыра мал басына жөнелген. Ел мүддесі үшін зыр жүгіретін Зекеңді ешкім «жөнге» сала алмайтын еді-ау! Ал былайша, шаруадан қолы сәл босағанда өзі ұршықша зырылдап, магниттей тар­тылып тұратын. Қара­пайымның қара­пайымы еді. Осы аяулы азаматты елінің қалт­қысыз сыйлайтын тағы бір жөні, себебі бар екен. Жасы­ратын несі бар, Зекеңді Әбді­сағит Тәтіғұловтың ту­ған ағасы бол­ғандықтан да ел іші қадір­лейді, құрмет тұтады. Әбдіса­ғитты бүкіл еліміз біледі ғой. Даң­ғайыр сәулеткер. Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты. Кезінде Диме­кең – Дінмұхаммед Қонаевтың сеніміне ие болған жас өркен. «Казгор» жобалау академия­сының басшысы, про­фессор. Оның сәулет өнеріндегі қол­таңбасы кез келген қазақ­стан­дыққа оттай ыстық болып көрі­неді. Небір тамсандырар ғима­рат­тарды көріп тұрып, «міне, мынау нағыз Тәтіғұлов перзенті» деп мақтаныш­қа бөле­неді дерсің. Содан не керек, Зекеңді, сүй­сінген жұрт Әбді­сағит­тың ағасы деп те көтер­мелеп жүре­ді. Одан аласарып жатқан Зекең жоқ. Қайта, төбесі көкке бір елі жетпей қалып жатады. Әманда Әбді­са­ғитының амандығын ой­лап, жүйке-жүй­кесі босап жүреді... Сол, былайша айбынды, салмақ­ты, тегеурінді, қайыспас мінез иесі сияқты көрінетін, ал ішкі жан дү­ние­сіне үңіле түс­сеңіз аса нәзік жүректі жара­тылыс көркі Әбдісағит, ағасының басына құлпытас орна­тып, мәңгіге ескерткіш қойған күні жүрегі қысылып, сөйлегелі тұ­рып, жантая жығылғанда, оны Зекеңнің тұңғышы Ғабдолла құлатпай ұстап қалғанда, академик Кенжеғали Саға­диев іле қолтықтан демесіп, дәрі-дәрмек беріп, көзін аштырып, жедел жәрдеммен Астана ауруханасына түскенде, бәріміз дүрлігісіп қалған едік. Денсаулығы күрт сыр бергені несі екен? Әлде, сөйлеп, еске алушылардың жү­рекжарды лебізінен бауыры туралы тебірене толға­нып кетті ме? Әлде, Зекеңнің құл­пы­тасқа ойып жазылған: «Еліме ме­нің, еліме менің сәлем айтыңдар...» деген соңғы демді сөзінің көкірек айырған сағынышын өз іңкәрлігіне балады ма, әйтеуір, кіндіктес ағаның қайғысы іні жүрегін алмастай қарып өткені аян еді... Содан Әбекең Астанада апта емделіп, Алматысында жүрегіне операция жасатып, өмірге қайтып оралғандай болған еді. Қаны бір, жаны бөлек қимастар-ай! Әбдісағит інісінің талай ойға алған шаруаларының табысты тә­мам­далуына қолдан келген көмегі мен сөз демеуін әманда жасап жүре­тін еді Зекең. Ата-бабаларының ба­сын қарайтуға қамданыс кезінде (14.06.2000 ж.) Әбдісағит алыстағы ағасына хат жазып, ақылдасып, нақты іс-қимыл жоспарын айқын­дап, балаларын елге аттандырыпты. Сол хатында былай депті: «Маған өз аталарымның қоры­мының көрінісі көңілді қатты құлазытып, көкірегім­де өшпес­тей өксік пен өкініш қал­дырды. Осы біз өсіп келе жатқан ұрпақ­пыз ба, әлде әркім өзінің бү­гінгі тіршілігін ғана ойлап, өткенді еске алмай, келешекке көз салмай өшіп бара жатқан ұрпақпыз ба деген ойлар содан бері бойым­нан кетпей жүр...». Осындай іні ойымен аға ақылы қабыса кетіп, кейін ата-бабаларының басына сәулетті кесене орнатылған еді. Қанаттасқан қадірменділер еді бұлар. Торғай өңіріндегі Зекең іздері бүгінде сайрап жатқандай. Ер өлсе де еңбегі еленіп, ескеріліп жүреді екен. Жасамыс ісі көзден таса қал­майды екен. Әрегідік ұсыныс, байламдар естіліп қалады. Зекеңді ұлық­тау үшін өзі құрып, қалып­тас­тырған Құм­көшу ауылына оның есімін беруді қалайды жұрт. Немесе Аманкелді село­сының бір кө­шесін атаса. Мектеп те бұ­йырып жатса... Әрине, халық айтса қалт айтпайды. Көп көрінгенді елей бермейді. Көкі­регінде алау тұтанып, от боп еліне қызулы еңбек сіңір­гендерді ұмытпайды. Сондай ыстық ықылас Зекеңнің рухын асқақта­татындай... Нәтижесін күтелік. Иә, өнегелі ғұмырдың берекелі бастаулары қандай еді? Ол 1953 жылы Аманкелді орта мектебінің сегізінші сыныбын бітіріп, Қоста­най ауылша­руа­шы­лық технику­мына түседі. Бітірген соң атамекеніне келіп, Сарыторғай кеңшарын­да мал дәрігері, Сарыбас бөлімше­сінің меңгерушісі қызметтерін атқа­рады. 1966 жылы Целиноград қаласында «Ауылшаруашылық бас­шы кадрларын даярлау» кур­сын бітіргеннен кейін, 1966-1970 жылдары Қазақстанның 40 жыл­дығы атындағы кеңшарда бас мал дәрігері, 1970-1973 жылдары Аман­келді ауданы мал дәрігерлері басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Ал өзі ашқан Абай атындағы кеңшарды жиырма жыл бас­қарған тұсында Алматы мал дәрігерлік институтын сырттай оқып бітірген. 1993-1995 жыл­дары Есір кеңшарын басқарды. 1995 жылы жергілікті халықтың қолда­уымен Аманкелді ауылы­ның әкімі болып сайланып, төрт жылдан соң зейнетке шығып, кейін Астанаға балаларының қасына көшіп келді. Ол елордада да қарап отыр­мады. Қоғамдық жұмыстарға белсене ара­ласып, жастарға ақыл-кеңес беріп, тәжірибе­сімен бөлісіп жүрді. Өмір жо­лында тек адалдық пен шын­шылдықты ту етіп, ойын ашық ай­тып, қиналғандарға қол-ұшын беруді өзінің азаматтық па­ры­зы деп білді. Еліне, жеріне ықы­ласы ерекше еді. Ата-қоныс елді мекенінің, еңбек еткен елінің хал-ахуалын, он­дағы тұрғын­дар­дың жағдайын сұрап оты­ратын. Озық ойлы, заман ағы­сына ілесе білген, тұла бойына тектілік тұнған азамат еді. Бойында адамгершілігі мол, жаны жайсаң, мә­де­ниетті, бай­салды, ойы те­рең, білімі жан-жақты және өз көзқарасын қорғай білетін абзал қасиеттері көпке үлгі. Қыс­қа қайырып айт­қанда, ба­балары мекен еткен қасиетті Торғайының текті тумасы, тұ­ғырлы тұлғасы, халқына қа­дірлі ел ағасы болды. Зекеңнің әкесі Шаймұханбет саяси қуғын-сүргіннің зардабын шегіп, «кәмпескеленіп», түрме­ге жазықсыз отырып, кейін ақта­лып шыққан. Отан соғы­сына қатысқан. Ал оның ағасы Нұрмұханбет алаш арыстары Ахаң, Жақаңмен бірге «халық жауы» атанып ұсталып, алты жыл қамауда отырып, 1936 жылы босанып келіпті. Атасы Тәтіғұл мен оның інісі Тоқсанбай қажылардың өнегесін ел іші әсте жадынан шығармақ емес. Олардан тара­ған текті ұрпақ­тың бірі осы Зекең болатын. Қайран Зекең, қарапайымдылығы­мен жан біткенге шуағын түсірген абзал Зекең, оны білетіндермен әлі күнге қанаттасып, алғы күн­дерге қатар адымдап бара жат­қандай... Уақыт рухы мықты­ларға ешбір бөгесін бола алмайды екен-ау! Қайсар ӘЛІМ.