Жақында Дархан Қыдырәлі жүргізетін «Болашаққа бағдар» хабарының жазбасына шақырылып, Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы жөніндегі әңгімеге тартылғанбыз.
Сонда бізге қойылған алғашқы сұраққа жауап берерде әңгімені кітаптың затынан бұрын атынан бастауды жөн көрген жайымыз бар еді. Үйге келісімен тағы ойға қалдық. Хабарда айтылған «Шын мәнінде қазақ үшін жаңа дәуір басталды» деген сөзімізді бас газеттің бетінде тарата түсу қажет сияқты көрінді. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа еңбегін осылай атау арқылы біздің бәрімізге Тәуелсіздіктің ел тарихында алатын алабөтен орны туралы тың, терең тұжырымдама түйіп беріп отыр. Ол тұжырымдама ұлттық тарихымыздың 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бергі кезеңін, біз бастан кешіп жатқан қазіргі уақытты ғана емес, бүгінгі, келешектегі, алыс болашақтағы замандарымызды Дәуір деген ұлы ұғыммен анықтауына келіп тіреледі.
Латынның aera – бастапқы сан ұғымынан шыққан бұл сөз, яғни эра ұғымы (кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы «Эра независимости» деп аталады) геологиядағы «палеозой», «мезозой», «кайнозой» сияқты дәуірлер, хронологиядағы «тас дәуірі», «феодализм дәуірі» сияқты уақыттық өлшемдер, Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударған жылынан, яғни хижрадан есептелетін «мұсылмандық дәуір» секілді жылсанау үлгілері, тарих философиясындағы ежелгі дәуір, орта ғасырлар, жаңа дәуір сынды ғасырлық категориялар арқылы бүкіл адамзатқа жақсы таныс. Сонымен бірге бұл ұғымды кей-кейде «заман», «кезең», «уақыт», «мезгіл», «шақ» сияқты ұғымдардың баламасындай ғана етіп, «дәуір талабы», «дәуір рухы» дегендей тіркестерді қолданатынымыз да, «өз дәуірінің сөзін сөйледі», «дәуірді суреттеді» деп сипаттайтынымыз да бар. Оларымыз кейде орынды, кейде орынсыз шығып жатады. Мысалы, осы жақында ғана Интернеттен бір телеарнадағы, бұйыртса, болатын өзгерістерді «Это новая и очень интересная эра для творческих людей и аудитории» деп жалаулата жарнамалағанын оқып қалдық. Мұндай сөздер ұғымның аясын тарылта қараудың көрінісі екеніне күмән келтіре қоймассыз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа еңбегінің аталуы Дәуір ұғымын өзінің түпкі мәніне сай биікке көтеруімен, бұл арқылы осыдан 26 жыл бұрын басталған жаңа тарихтың шын мәніндегі дәуірлік сипатын айқара ашуымен құнды, қастерлі. Ендігі жерде біз қазақтың, Қазақстанның 1991 жылдан кейінгі тарихын Тәуелсіздік дәуірі деп қарастырғанымыз жөн болады. Иә, сіз бен біз басталуын көріп, бастан кешіп жатқан, балаларымыз, немерелеріміз, кейбіріміздің шөберелеріміз дүниеге келіп жатқан мына дәуір – Тәуелсіздік дәуірі. Бұл біз үшін жаңа дәуір. Атымен жаңа дәуір. Айналасы ширек ғасырдың о жақ, бұ жағында біздің бәріміз бірдей бұл дәуірдің дара дидарын, соны сипатын, өзгеше өлшемдері мен тың тұрпатын толық түсініп, терең түйсіне қоймайтынымыз, тіпті анықтаңқырап айтсақ – өйте алмайтынымыз табиғи жай. Өйткені таулардың алыстаған сайын асқақтайтынындай, бұл дәуірдің бүкіл ауқымын айқындау, тұлғасын тану үшін белгілі бір уақыт арақашықтығы керек екендігі күмәнсіз. Оны ширек ғасырдан жаңа асқан тәуелсіздік тарихының тұрғысынан таразылап тастау, жаңа дәуірдің сипатын жан-жақты ашып бере қою өте-мөте қиын еді. Қиын еді, бірақ мүмкін еді. Егер ол жұмысты сол жаңа тарихты өзі бастап, елі қостап жасаған, ұлтты осындай ұлы іске, ұлан белге ұмтылдырған, өмірді түбегейлі өзгертуге тәуекелі тұрған тұлға қолға алғанда ғана мүмкін еді. Дәл солай болғанын көріп отырмыз.
«Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» – жаңа еңбегінің эпиграфына Елбасымыз осылай деп жазыпты. Бүкіл кітаптың өн бойын осы ыстық лебіз оттай шарпып тұрғандай. «Біз әлемге және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. Сол себепті бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір» дейді автор кітап беті ашылатын тұста. Іле-шала мынандай бейнелі суретті көз алдымызға келтіреді:
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде мен альпинистер тобымен Алатаудың мұзарт шыңын бағындыруға шықтым. Шың басына тігілген, тау желінің күшімен құлаш жая желбіреген байрақтың әсері әлі күнге менің есімде...
Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс».
Елбасы еңбегі осы ширек ғасырлық уақыт ішінде біз басып өткен белестердің нағыз тар жол, тайғақ кешу болғанын көрсетеді, мұндай шыңыраудың шетіндегі қатерлі соқпақпен тек жанкешті жұрт қана жүре алатынын, мұндай алапат асулардан тек жасампаз халық қана аса алатынын айқара ашады, айшықты айтады. Қазақ елін алғашқы бетте алдан тосқан апаттардың бәрін айналып өту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап баққан сол бір жанталасты жылдарда жан сақтаудың жалғыз амалы ондаған жылдар бойы орталықтың шикізат шылауы күйінде ғана келген, Одақ ыдырап, бұрынғы байланыстардың бәрі бірінен кейін бірі бырт-бырт үзілгенде қайраңда қалған кемедей қалтаңдап тұрған экономиканың есін жиғызу болғанын жазған автор: «Мемлекет бүкіл күш-жігерін экономикаға жұмылдырып, сол тарихи шайқаста жеңіп шықты» деп бір түйіп қояды. Тарихи шайқас... Иә, сол бір естен кетпес күндер мен түндерде, сол бір әрі азап, әрі ғажап айлар мен жылдарда елдігіміз үшін, ұлттығымыз үшін, халықтығымыз үшін, мемлекеттілігіміз үшін шын мәніндегі шайқас, тарихи шайқас жүріп жатқан болатын. Сол тұста біздің тағдырымыз таразыға тартылып тұрған болатын. Бұл төндіре сөйленген төтен сөз емес. Бұл – уақыт шындығы. Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол – тоқсаныншы жылдардың басында жер-жаһанның алтыдан бір бөлігін жайлап жатқан алып елге ашаршылық қатері төнген. КСРО-ның көптеген аймақтарында негізгі азық-түлік талонмен беріле бастағанын, алайда ұзын-сонар кезектерден ол да құтқара алмағанын ашық айтады автор.
Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекетіміздің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу», «Қалыптасқан мемлекет» деп аталған төрт тараулық кітабында тәуелсіздік тарихының барлық белестерін бажайлап, орындалғанның бәрін ой елегінен өткізіп шыққан. Елбасы кітабының хронологиялық айқындығын, фактологиялық байлығын, композициялық тұтастығын, стильдік тазалығын бөле айтуға болар еді. Еңбекте алғашқы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық тығырықтан шығу, жекеменшікті қалыптастыру, кәсіпкерлікке жол ашу, қандастарымызды Отанға оралтуды бастау, тілді түлету, қоғамдағы саяси тұрақтылыққа қол жеткізу, барша ұлт пен ұлысты бір мақсатқа біріктіру, көпбағытты сыртқы саясатты қалыптастыру, мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешу, шекараны шегендеу, елорданы көшіру, озық елулікке ену, қайта-қайта қыспаққа алған қос бірдей жаһандық дағдарысты еңсеру, демократияны дамыту, саяси жүйені реформалау, демографиялық өсім, рухани жаңғыру сияқты сан салалы ірі істердің бәрі қолмен қойғандай нақтылықпен, ғалым да, жұмысшы да, малшы да, студент те, мектеп оқушысы да бірдей түсіне, түйсіне алатындай анық оймен, қанық тілмен баяндалып шыққан. Үлкен қаріптермен терілген мазмұнының өзі көлемі 500 беттен астам кітаптың тұтас 10 бетін алып жатқан бұл еңбектегі қозғалған тақырыптарға желе-жорта тоқталсақ та мақаламыз газет бетін керіп кетер еді.
«Маған білім мен тәжірибенің қайнар көзіне айналып, мінез-құлқымды қалыптастырған, көзқарасымды кеңейткен өмірдің ауыр университетінен өтуге тура келді. Басқаша айтқанда, мен мемлекеттік маңызы бар қиын міндеттерді шешуге және төңірегіме миллиондарды жинауға қабілетті, жауапты адам болып қалыптастым» деп ағынан жарылатын автордың шынайылығы да атап айтарлықтай. Өзінің де елмен бірге есейгенін, үйренуден ешқашан қорықпағанын жазады. Жас мемлекеттің алғашқы адымдарындағы кезінде келеңсіздеу көрінген коллизияларды да айналып өтпейді. Қайта-қайта өзін-өзі таратқан екі бірдей Парламент тағдырына тоқталғанда «Ол кезде Жоғарғы Кеңестің үкіметке қысым жасауға мүмкіндік беретін билік ресурстарына ие болғанын және ішкі, сыртқы саясатқа айтарлықтай ықпал ете алатынын есте ұстау қажет. Ол менің Мемлекет басшысы есебінде ойластырған қайта құруларыма айтарлықтай кедергі келтіретін», деп ашығына көшеді. Расында да, өзінің ойындағыларын орындауға кедергі келтіретін Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуына Елбасы неге кедергі келтіруі керек? «Кезінде келеңсіздеу көрінген коллизиялар» деп отырғанымыздың да мәні сонда. Ашығын айтайықшы. Сол тұста Назарбаев «Ана жақ не дейді?», «Бұл жақ қалай бағалайды?» деп саясаткер ретіндегі бет-бейнесінің мінсіз сақталуын қамдаумен ғана жүрсе, елдің билік тармақтарының теңдігін таразыға салып түгендеп отыра берсе, сөйтіп парламенттік келесі сайлауға дейінгі уақыт аралығында заңдық күші бар жарлықтар шығаруға мүмкіндік алмаса, сол бір күрделі кезеңде елді нарықтық даму жолына түсірген, тізеге салғандай етіп атқарылған экономикалық реформаларға жол ашқан аты да, заты да жаңа заңдарды қабылдау, қабылдату еш мүмкін емес еді. Оның есесіне біздің мемлекетіміздің сипаты басқаша қалыптасуы әбден мүмкін еді. Ол реформаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге қабілетті, тың тұрпатты Парламенттің пісіп-жетілуін күтіп отырсақ, елдің де жаңаша даму қарқыны кемінде оншақты жылға шегерілетін еді. Әрине, бұл сөздер былайша қарағанда Парламент депутатының қаламынан шықпауға тиіс екендігін, қай кезде де елде биліктің заң шығарушы тармағы мықты болуға тиістігін білмейді емеспіз, білеміз. Бұл арада сол жылдарда қалыптасқан қиын жағдайда Елбасының қасаң қалыптарға сыймайтын осындай тосын қадамдарға баруға мәжбүр болғанын және ол қадамдар сол кезеңде өзін-өзі ақтағанын айтқалы отырмыз. Ал мемлекеттігіміз мығымданып, биліктің барлық тармақтары кемеліне келген кезде, атап айтқанда, биылғы жылы Президенттің өзінің бастамашылығымен конституциялық реформа жасалғаны, ол бойынша Елбасы өкілеттілігінің үлкен бөлігі Парламент пен Үкіметке берілгені, соның ішінде Мемлекет басшысының Парламентті тарату құқынан бас тартқаны баршаға белгілі. Биыл қабылданған конституциялық заң Парламенттің мемлекеттік істердегі және Үкіметті жасақтаудағы рөлін барынша күшейтті, Парламентке экономиканы басқару өкілеттілігі берілген соң, оның дербестігі артты. Ол кез бір басқа, бұл кез бір басқа дейтініміз содан.
«Тәуелсіздік дәуірі» өткен жылдарда біз бәріміз бастан кешкенді жүйелі баяндайтын, елде өрістеген аса күрделі процестерді терең талдайтын еңбек болумен қатар, алдағы күндерге артылатын міндеттерді саралап ашуымен де құнды кітап. «Әрбір буын өзі өмір сүрген уақытты өзекті кезең санайтыны бар. Бірақ мыңжылдықтар тоғысындағы бетбұрысты дәуірде өмір сүру мәртебесін біздің буынның ғана маңдайына жазып отыр. Бұл қазіргі толқынға тағдырдың сыйы ғана емес, сонымен қатар уақыттың зілбатпан жүгі, тек мүмкіндік қана емес, тәуекелі мол қауіп-қатер екенін де айтқым келеді». «Уақыттың зілбатпан жүгі», «тәуекелі мол қауіп-қатер» деген сөздерге назар салғанымыз жөн.
Жалпы, кітаптағы Елбасының талай сөзі сан алуан ойларға жетелейді. «Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болады», дейді Назарбаев. Бұл не деген сөз? Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойында ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған атамекенінде сауылдай төккен қаны мен тамшылай аққан терінің төлеуіндей болып келген тәуелсіздікке 1991 жылы ақыры, талығып барып қолымыз жетсе, сол киелі күрестің нүктесі қойылса, ол күрес қалайша қайтадан басталады? Кітап авторы бұл арқылы нені айтқысы келіп отыр сонда? Біздің ойымызша, бұл арқылы Назарбаев 1991 жылғы 16 желтоқсанда бодандықтан бостандыққа өту дәуірінің түйінделгенін, сол дәуірге нүкте қойылғанын, ол күннен бері жаңа дәуір – Тәуелсіздік дәуірі басталғанын, бұл дәуірде Тәуелсіздікті орнықтыру, нығайту, мығымдандыру, күшейту, қуаттандыру, тіккен туымызды замананың қандай жұлқынған желінде де мызғымастай етіп тұғырландыру тұрғысынан көп-көп, өте-мөте көп күрес, елдік жолындағы ерек күрес керек болатынын аңғартып отыр.
Ана жылдары Елбасының сұхбат кітабын дайындауға байланысты қабылдауында талай рет болғанымызда (жұмыстың бас-аяғы төрт жылға созылған) бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Тәуелсіздікті күн сайын, ай сайын, жыл сайын нығайту керек, Тәуелсіздікті күн сайын, ай сайын, жыл сайын қорғау керек» деп шегелеп тұрып айтқаны бар еді. Солай. Көнсеңіз де, көнбесеңіз де солай. Басқа амал да қалмай тұр. Дүн-дүниенің қайтадан дүрліге бастағанын, әлемнің қос полярлы сипатқа қайта оралатындай қаупі бар екенін білу үшін дәл қазір сұңғыла саясаттанушы болудың тіпті де қажеті жоқ. Теледидарды көретін көз бен сондағы сөзді еститін құлақ жетіп жатыр. Сол көз бен сол құлақ бізге мына зымыран заманда бір күнге де босаңсуға болмайтынын, мұнайымыз бен газымыз өзімізбен бірге мәңгілік қалмайтынын, тауардың түр-түріне бөгіп тұрған мына әлем базары сапасыз өнімді алмайтынын, уақыттың жүрдек көшіне ілесе алмаған кез келген кәсіпорынды, фирманы, зауытты сол уақыттың өзі-ақ жалмайтынын ұғындырады, Президенттің бәсекеге қабілеттілік туралы қайта-қайта неге айта беретінін, бүгін бар да, ертең жоқ шикізаттың шылауына шырматылмайтын, оның бұлғаңдаған бағасына байланып қалмайтын индустриялық-инновациялық экономиканы қалыптастыру қажеттігін, ол үшін алдымен әрбір адамның рухының жаңғыруы керектігін түсіндіреді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа туындысы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде елеулі оқиға болып табылатынын айтқанда біз бұл кітапта тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, бостандықтың бізге берген баға жетпес байлығы, мемлекеттілікті мығымдаудың мол мүмкіндігі жеріне жете жазылғанына айрықша назар аударуды жөн көреміз. Жасыратын ештеңесі жоқ, қазір егемендіктің елең-алаңындағы елдің есін кетірген кесір-кесапаттар тұрмақ, бұғанамыз беки бастаған тұстағы тағдыр-талайымызға сын болған дағдарысты еңсерген кезіміз тұрмақ, одан бергідегі қиындықтардың өзін бастан кешпеген жас ұрпақтың арасында осының бәрі өздігінен бола қалғандай, қаржы қалтамыз өздігінен тола қалғандай, мың-мыңдаған үйлер аяқ астынан салынып, мыңдаған шақырымдық осы заманғы жолдар тезінен төселе қалғандай көретіндер, шешілмеген шаруаларды шенегенде ширек ғасырдың ішінде түйінін таппаған мәселелер қалмауы мүмкін еместігін ескере бермейтіндер табылып қалуы әбден мүмкін екенін айтпай тағы тұра алмаймыз. Ондайларға Президенттің «Тарих біздің халқымыздың тағдыр-талайына жаңа мемлекет құрудың ұлы миссиясын жүктеді. Ағымнан жарылып ақиқатын айтсам, таңдау көп емес еді – бізге не жанкешті жасампаздық жолына тәуекел ету немесе аяулы арманды аяқасты етіп, тағдырдың тәлкегіне көніп, миллиондардың көз жасын арқалап, тарих тұңғиығына кету ғана қалған. Осындай алмағайып заманда бұрынғы кеңестік елдердің талайы абдырап, әрі-сәрі күйге түсті. Кейбір жаңа тәуелсіз мемлекет басшыларының шолақ ойлы біліксіздігі халқын ұлтаралық қақтығысқа, қантөгіске дейін апарған азаматтық соғысқа ұрындырды. Оның ақыры миллиондаған жандардың қайғы-қасірет, қорлық пен зорлық көріп, бейшара күйге түсуіне әкелді. Қазақстан сол қасіреттің бәрін айналып өте алды» деген сөздерін есте ұстаудың артық болмайтынын айтар едік. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында тілекке тілек, білекке білек қосып, береке-бірліктің, ынтымақ пен достықтың үлгісін көрсеткен айналайын халқымызға, тарихтың аса жауапты белесінде мемлекет тұтқасын ұстататын адамды дәл таңдай алған, елім деген ерен ердің өзіне сенген, сөзіне сенген, ұранына ерген, екі тізгін, бір шылбырды басы бүтін берген, сөйтіп туған Отанын – аяулы Қазақстанын бүгінгі күніне әлемдік қоғамдастықтан өз орнын ойып тұрып алған, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіндегі планета тағдырын шешетін аз елдің қатарына қосылған мемлекет күйінде алып келген қазағына, барша қазақстандықтарға ақ жүрегін жарып шыққан ақ алғысын талай рет айтады. Халқына міндет те артады.
«Бүгінде болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», дейді кітабының соңында Елбасымыз.
Ылайым, айтқаны келсін. Айтқанын келтірейік, ағайын!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ