Астанада Сирия жөніндегі келіссөздердің сегізінші раунды өтті. Онда аймаққа қатысты бірқатар маңызды келісімдер жасалып, екі маңызды құжатқа қол қойылды.
Жабық есік жағдайында өткен келіссөздердің баспасөз өкілдеріне арналған жалпы отырысында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана келіссөздерінің кезекті кезеңін қорытындылады. Оның айтуынша, екі күн ішінде Сириядағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға және аймақтағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды келіссөздер өткізілді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Астана процесінің Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға қосқан үлесі мол. Соның арқасында Сириядағы жағдай едәуір жақсарып, қайта қалпына келу кезеңінің алдында тұр. Түйіні шешілместей көрінген шиеленіс кепілгер елдердің күш-жігері мен БҰҰ-ның қолдауының арқасында тиімді реттеліп келеді. Осы орайда, мүдделі тараптар Астана процесінде туындаған мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, қақтығыстың саяси шешімін табуға күш салатынына сенімдіміз. Татулық пен диалогтың, өзара келісімнің нышаны болып табылатын Астана алаңы, осында қол жеткізілген уағдаластықтар Женева келіссөздерінің сәтті өтуіне ықпал жасайтыны анық», деді Қ.Әбдірахманов.
Бұдан кейін Сыртқы істер министрі кепілгер мемлекеттер Түркия, Иран және Ресейдің бірлескен мәлімдемесімен таныстырды. Құжатта Сирияның тәуелсіздігі мен егемендігі, аумақтық тұтастығын мойындай отырып, атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі айтылған.
Мәлімдемеге сүйенсек, Сириядағы терроризммен күресте көптеген жетістікке қол жеткізілген. Атап айтқанда, ИЛИМ ойсырата жеңіліп, ел аумағы олардан біржола тазартылды. Сонымен қатар ИЛИМ, «Джабхат Ан-Нусры» және басқа да лаңкестік ұйымдармен күрес жалғаса беретіні, олардың өзге де елдер мен аумақтарға қоныс аударуына жол бермеудегі түбегейлі шешімдері де айтылған. Кепілгер үш ел таратқан мәлімдемеде сириялық қоғам өкілдерінің қатысуымен 2018 жылғы 29-30 қаңтарда Сочиде өтетін сириялық ұлттық диалог конгресіне дайындық мәселелері аталып өткен.
Сочидегі конгреске дайындық ретінде келер жылғы 19-20 қаңтарда үш кепілгер мемлекет арасында арнайы кездесу өтпек. Ұлттық сириялық диалог конгресі Женевада өтетін келіссөздерге серпін беретініне, сирияаралық келісімге жәрдемдесетініне сенім білдірілген.
«Сириядағы қарсылас тараптар арасындағы сенімді нығайту мақсатында ұсталғандарды азат ету, қайтыс болғандардың денесін беру және хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жөніндегі жұмыс тобы жөнінде ереже қабылданды. Сонымен қатар аймақты, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары қатарына енген нысандарды минадан гуманитарлық жолмен тазалау туралы ортақ келісім жасалды», деді мәлімдемемен таныстырған Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов.
Бұдан бөлек, Ресей, Түркия және Иран тарапы биыл 4 мамырда Астана процесі аясында қабылданған Меморандумның қызметін жалғастыруға, оқ атуды тоқтатуды одан әрі нығайту мен төрт деэскалация аймағының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауға кепіл болып отыр. Мәлімдеменің соңында Сириядағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Астана процесін өткізуге мұрындық болған Президент Н.Назарбаевқа алғыс айтылып, келесі келіссөздердің келер жылғы ақпанның екінші жартысында өтетіні хабарланған.
Жиында БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стефан де Мистура сөз сөйледі. Оның айтуынша, Астана процесінің арқасында Сирияда сенімді нығайтуға байланысты бірқатар шаралар атқарылып, минадан тазарту жұмыстары алға жылжыды. Сонымен қатар С.Мистура аймақтың кез келген бөлігінде гуманитарлық көмектің қажеттігін атап өтті. Отырыс соңында Сирия билігі мен оппозиция өкілдері де өз пікірлерімен бөлісті. Олар Астана процесінің тиімділігіне тоқталып, келіссөздердің елде тыныштық орнатуға орасан үлес қосып жатқанына алғысын білдірді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»