Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында Қазақстанның қазіргі заман тарихы мейлінше толық, ауқымды және қолжетімді баяндалады. Бұл кітапта жаңа қазақ мемлекеттілігінің пайда болып, қалыптасуы мен алғашқы қадамдарын қамтыған 26 күрделі жыл туралы бірінші жақтан әңгімеленеді.
Әрбір тараудан кейін еріксіз қойылатын сұрақтарға тап боласыз: Егер Қазақстан өзінің даму барысында басқа жолды таңдаса не болатын еді? Ал жауап бүкіл кітаптың өн бойында қамтылады: ширек ғасыр бойы еліміз Президент Н.Назарбаевтың ұзақ мерзімді пайымының логикасына сәйкес дамыды. Менің ойымша, келісім мен реформалар осы пайымның екі негізгі құрамдасы болып табылады.
Президент елімізді жаңғыртудың үш толқынын кеңінен ашып көрсетеді. 1991 және 2017 жылдардағы Қазақстанды салыстырсақ, бұл экономика, оның халықаралық ұстанымы, қоғамдық менталитет тұрғысынан алғанда мүлдем екі түрлі мемлекет. Бүгін халқымыз әлемдегі ең беделді, қарқынды дамып келе жатқан ел азаматтары ретінде болашаққа сеніммен қарайды, кең және мүлдем жаңаша ойлайды. «Біз әлемге және болашақ ұрпақтарға шынайы ұлы нәтиже – Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде көрсете білдік», деді Президент. Сондықтан да бұл біз үшін ұлы дәуір болып саналады», дейді Президент. Алайда Мемлекет басшысы үшінші жаңғыру миссиясы жаңадан басталғанын және алдымызда үлкен жұмыс тұрғанын ескертеді.
Тәуелсіздік дәуірі халықаралық қатынастардың алғы сахнасына қазақстандық дипломатия феноменін ұсынды. Бұл әдеттегі сыртқы қатынастар туралы емес, ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау саласында, өңірлік өткір дағдарыстарды реттеуде, қауіпсіздікті нығайтуда, тығыз экономикалық ынтымақтастықты орнатуда және ірі халықаралық ұйымдарды басқаруда өзін-өзі айқын көрсеткен жаһандық дипломатия туралы әңгімелейді.
Президентіміздің кәміл сенімі бойынша еліміздің болашағы континентіміздің және бүкіл әлемнің болашағымен тығыз байланысты. Сондықтан кітапта сыртқы және ішкі саясат арасындағы тығыз және ажырамас байланыс тізіле баяндалған: «Бейбітшілік пен келісім идеяларын сыртқы саясатта ілгерілету осы идеялардың ішкі саясатта үстем болғанының арқасында ғана мүмкін болды... Мемлекетіміздің сыртқы саяси қызметі елдің дамуы мен Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту болып табылатын негізгі мақсатымызды қамтамасыз етуге толық байланысты. Сәйкесінше, жаңа жағдайларды ескере отырып, мен мынадай мақсат қойдым: Қазақстанның сыртқы саясатын ішкі саясаты сияқты жаңарту қажет». Президент сыртқы саясатты жаңа кезеңге прагматикалық және белсенді, яғни дәйекті түрде ұлттық мүддеге бағдарланған және ілгерінді саясат ретінде ұсынады. Нұрсұлтан Әбішұлының пікірінше, дәл осындай белсенді және бастамашыл саясат «Қазақстан-2050» Стратегиясын сәтті іске асыру және әлемнің 30 дамыған елдерінің қатарына кіру үшін маңызды шарты, қолайлы ортасы болады.
«Өзара тиімді шешімдерге, халықаралық проблемаларға деген новаторлық көзқарасқа, диалогтың жаңа тетіктерін құруға, теңдік пен толеранттылықты ілгерілетудегі дәйектілікке бағытталуы қазақстандық дипломатияның ерекшелігі болды. Бұл тәсілдерді Қазақстан БҰҰ-да және ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, Түркі кеңесіндегі төрағалығы кезінде ұсынды. Бұл тәуелсіздік жылдарында жинақталған маңызды дипломатиялық капитал Қазақстан Республикасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде тағайындалуының алғышарты болды», деп атап өтті Елбасы.
«2017 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті жұмысына толық кірісті. Осы жаңа тәжірибе Қазақстанның бітімгерлік әлеуетін одан әрі нығайта түсетініне күмәніміз жоқ». Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі әріптестерімен қарым-қатынастарының сипатын нақты және түсінікті түрде айқындайды. «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен тату көршілік, одақтастық қатынастары сыртқы конъюнктураға және ғаламдық жағдайларға қарамастан аса бағалы. Оған қоса, бұл қатынастар Еуразиядағы, демек, бүкіл әлемдегі саяси ахуалға оң әсерін тигізеді». Президент өз ойын жалғастыра келе: «Қазақстан мен Қытай мәңгі көрші елдер, сондықтан да маңызды стратегиялық әріптес болып қала бермек», деді. Сонымен қатар Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық әріптестікті дамыту және Еуропалық одақпен кеңейтілген әріптестікке қол жеткізу туралы жан-жақты баяндайды. «Өңірде және әлемде қандай жағдай болса да, түркітілдес мемлекеттермен және Орталық Азия елдерімен сенімді әрі достық қарым-қатынастар Қазақстан үшін бұлжымас басымдық болып қала бермек», деп айрықша атап өтті Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, 2017 жылы, яғни Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына орай еліміздің сыртқы саясатында жаңа кезең басталды.
Сыртқы істер министрлігі ведомствоға жүктелген жауапкершілікті толық сезінеді және үшінші жаңғыру шеңберінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруға белсенді түрде кірісті.
Сондықтан «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі барлық қазақстандық дипломаттар үшін Тәуелсіздік тарихы туралы ең беделді басылым ретінде ғана емес, сондай-ақ іс-қимыл жасауға арналған бағыт-бағдар мен нұсқама ретінде оқуға міндетті кітапқа айналмақ.
Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі