Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жуырда, Қорғаныс министрлігінде болған көшпелі отырысында Әскери доктрина, Тұжырым, Қарулы Күштердің және Қазақстан Республикасының басқа әскери жасақтарының құрылу жоспары мен дамуы талқыланды.
Талқылау барысында, шараға қатысушылар Қарулы Күштердің және Қазақстан Республикасының басқа әскери жасақтарын жабдықтаудың бірыңғай үрдісін даярлау керектігін атап өтті.
Әрине, заңнамалық тұрғыдан алғанда осы салада соңғы жылдары көп мәселелер өз шешімін тапқан. Соның ішінде, әскери азық нормасының жалпы мөлшері белгіленіп, келесі жылдан бастап, жаңа қабылданған заңмен арнаулы баспаналық төлем тетіктері арқылы барлық әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтудың жаңа моделі енгізіледі.
Сонымен қатар, қазір Ұлттық Ұлан, Шекаралық қызмет, азаматтық қорғау қызметтері басқа мемлекеттік органдардың құрамында болғандықтан, Қарулы Күштердің қаржылық жүйесінен тыс қалып отыр. Сол себепті олардың сұраныстары жүйелі түрдегі қаржы жетіспеушілікке душар болуда. Осыған орай, қоғамдық тәртіпті күшейту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, террорлық актілердің алдын-алу, анықтау және болдырмау жұмысының тиімді жүйесін дамыту мақсатында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, келесі шараларды іске асыруды ұсындық:
1.Бюджеттік кодекске Ұлттық Ұлан, Шекаралық қызмет, азаматтық қорғау қызметтерін қаржыландыруының дербес шығын лимитін қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2.Қарулы Күштердің және Қазақстан Республикасының басқа әскери жасақтарды қаржыландыру мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 1 пайызынан кем болмауын заңнамалық деңгейде міндеттеу; Бұл шара тек қана Қарулы Күштер емес, сонымен бірге Ұлттық Ұлан және Шекаралық қызмет жасақтарының қаржылық, материалды – техникалық қажеттіліктерін кепілді орындалуын қамтамасыз етеді.
Елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін жетілдіру масатында осы ұсыныстар орындалар деген үміттеміз. Бұл сауалға біздің комитеттің барлық мүшелері де қол қойды.
Нұржан НҰРСИПАТОВ,
Сенат депутаты