Елбасының ерік-жігерімен ширек ғасырдан аса уақытта ел іргесін бекітуде ауқымды жұмыс атқарылды. Алып көршілермен алғаш рет шекарамызды шегендеп, байтақ жерімізді қоршаған бағандарымыз жаңа тарихи құжаттармен бекіді. Дегенмен шекара шебіне қатысты көңілімізді демдесек те, көңілдің жайлануына әлі ертерек сияқты. Еліміздегі тұрғындардың үштен бірі шекара аумағында тұрады. Бүгінде бұл елді мекендердегі қордаланған мәселелер шешімін күтуде.
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында шекарамен шектес аумаққа ерекше назар аудару қажеттігі жөнінде Үкімет пен облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар берген еді. Осыған сәйкес Үкімет қаулысы да қабылданды. Бірақ іс-шаралардың жалпылама болуынан нақты нәтижеге толық қол жетпеді. Өткен жылдарда шекаралық шептегі мәселелер Парламент депутаттарының сауалдарына арқау болды, биыл «Егемен Қазақстан» басылымында дүркін-дүркін мақалалар жарияланды, жуырда Үкіметке Сенат депутаттарының атынан сауал жолданып, тиісті құзырлы органдардың жауабы берілді. Бірақ бұл шекара елді-мекендеріндегі түйіннің шешімі бола алмады. Неліктен? Себебі шекара маңында орын алған әлеуметтік ахуал, ауылдардың бос қалуы қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, оған елдің басқа аумақтарына қарағанда айрықша қолдау көрсету заңға қайшы келеді. Әрине жергілікті атқарушы органдар қолда бар ресурстарымен шама-шарқынша жұмыс атқаруда.
Жалпы, ел шекарасының 13 пайызы Шығыс Қазақстан өңірінде екен. Статистикаға сәйкес, облыстың Қытаймен көршілес жатқан аудандарында 210 мың халық тұрады. Соңғы үш-төрт жылда аталған аумақтағы халық саны 6,5 мың адамға азайған. Әрине мұндағы халық санының кемуіне негізгі себеп әлемде үрдіске айналған урбанизация, қалаға шоғырлану, жаһандану жағдайлары болса-дағы, тұрғындардың экономикалық белсенділігінің төмендеуі, инфрақұрылымдар жағдайының сын көтермеуі, тұрмысқа қажет қызметтерді алудың алыстығы сияқты факторлар аталған мәселені тағы күрделендіре түсті. Миграцияның жағымсыз сальдосы жыл сайын 11-15 мың адамның көшуінен көрінеді. Өңірдегі ауылдардың жартысынан астамы шекаралық аудандарға тиесілі. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған бұл ауылдардың басым бөлігінің халқы 200-300 адамнан аспайды. Шығыстағы шекаралық аудандардың халқы орта есеппен шаршы шақырымына 2 адамнан келеді. Осылайша, өңірдің байырғы тұрғындары «ұзын елдің иіріне, қысқа елдің қиырына» кетуде.
2014-2020 жылдарға арналған шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспарында қабылданған іс-шаралар мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік даму бағдарламалары аясында ғана қаржыландырылады. Сондықтан жағдайды жіті саралаған Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бұл жобалардың біразы өңір бюджетіне түсірер салмағы ауқымды болғандықтан Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізген еді. Оның ішінде Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жобалау-сметалық құны 20 миллиард теңгеден асатын көпір құрылысы, Үржар мен Зайсан әуежайларының ұшу-қону жолағын реконструкциялау, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылына жалпы құны 5 миллиард теңгеге жуық әуежай салу, жолдарды және су құбырларын жөндеу мен тарту сияқты экономикалық серпінді жобаларды айтуға болады. Шекаралық аумақты дамыту туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруда аталған ірі жобаларды жүзеге асырудың тиімділігі өте өзекті екенін ескерген абзал.
Туризмді дамыту бойынша да біраз мәселе шешімін күтіп тұр. Мәселен, Катонқарағай, Марқакөл іспетті тамаша табиғат аясындағы табиғи парктер мен қорықтардың шекаралық аудандарда орналасуына байланысты кейбір рұқсатнамалық құжаттар мәселесін реттеу экологиялық туризмнің дамуына оң ықпал етер еді. Сондай-ақ Үржар ауданы бойынша республикалық дәрежедегі Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құру мәселесі де ашық күйінде тұр. Парк құрылған жағдайда жүздеген адам тұрақты және маусымдық жұмыс орнымен қамтылады. Қазір Алакөл жағалауы абаттандырылып, санитарлық жағдайлары ретке келтірілуде. Оған қоса жағалауды судың шаюынан қорғау да республикалық трансферттен ауқымды қаражатты қажет етеді. Туризм әлемде табысты салаға айналғандықтан, бұл жобаларды қаржыландыру шекарадағы халықты әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету жақтарын кеңейте түсуге де себепші болар еді.
Шекаралық елді мекендердің облыс орталығынан шалғайда жатуы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге өнімді жеткізуден өзге жанар-жағармай, тұқымдық, қосалқы бөлшектер сияқты көптеген шығындарға байланысты басқа тауар өндірушілермен тең емес жағдай қалыптастырғаны анық. Бұл ауылшаруашылық шикізатын өңдеу мен сату орнының алыстығына байланысты субсидиялау ерекшеліктерін енгізу қажеттілігін көрсетіп отырған сияқты. Халықтың қиырда, шалғайда орналасқан бөлігін қолдау жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделей отырып, елді мекендерге мамандар тартуды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау ретінде еңбекақыға қосымша үстеме қосу, жас мамандарға арналған көтерме жәрдемақы көлемін арттыру түрінде қаржылай көмек көрсету қажеттігі байқалады. Шекаралық өңірдің баспана мәселесін шешу үшін жеке тұрғын үй құрылысын несиелеу мен жандандыру, құрылыс шығынының пайызын қайтару жақтарын қарастырған абзал болар еді.
Тағы бір өзекті мәселе, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру үшін шекара шебіндегі мобилді байланыс пен интернет сапасы, заманауи коммуникациямен қамтуды жақсарту жақтары жеке компаниялардың коммерциялық мүддесі тұрғысынан емес, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қаралуына орталық органдар ықпал етуі тиіс.
Парламент палаталары ауылдың тыныс-тіршілігіндегі түйінді мәселелерді тарқатудың заңнамалық негіздерін біртіндеп шешіп келеді. Атап айтқанда, биыл «Жайылым туралы» заңның қабылдануы, сондай-ақ Жер кодексі, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру туралы заң жобаларының қаралып жатуы, барлығы заң шығарушы орган тарапынан ауыл шаруашылығына қажетті заңнамалық негіздің жетілдіріліп отырғанын көрсетеді. Бірақ шекаралық өңірлердің стратегиялық маңыздылығы мен экономикалық-әлеуметтік әлеуеті ауылшаруашылық саласына айрықша қолдау керектігін байқатты. Бұл ретте жер телімдерін ресімдеу барысында кездесетін түрлі кедергілер мен шектеулер пайдаланылмай бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу бағдарламасын орындауға мүмкіндік бермейтінін, сондай-ақ өткен ғасырда жүргізілген геоботаникалық зерттеулердің, яғни жер телімдерінің ауыл шаруашылығына жарамдылығы жөніндегі материалдардардың ескіріп қалуы да қайта қарауды қажет ететінін ескерген жөн болар.
Бұл жағдайлардың кейбірі Алматы облысының да шекарамен шектес ауылдарына тән. Мәселен, биыл Райымбек ауданындағы мектептерде оқушы саны 200-ге дейін азайды. Ауданда ірі өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Сондықтан жастар жұмыс іздеп, Алматы қаласына бағыт алып жатыр. Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, мұнда да ондаған елді-мекендерде дәрігерлік пункттер, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттар қажет.
Елбасының тапсырмасымен қабылданған ондаған мемлекеттік, салалық бағдарламаларға соңғы жылдары сараптама жасалып, оңтайланғаны мәлім. Сондықтан жоғарыда көтерілген шекаралық аудандардың мәселесі осы аяда қайта қаралып, заңнама арқылы «шекара маңы аудандары мәртебесі» ұғымын анықтау және шекарамен шектес аудандардың ерекшеліктерін ескеретін санаттық градацияларға негізделген кешенді бағдарлама жасау туралы тиісті ведомстволардың ойлануы өте өзекті дер едік. Бұл заң қажетті шараларды жедел қабылдауға негіз болады. Шекаралық аумақта халықтың тұрақты тұруы үшін инфрақұрылымдық жобалармен бірге әлеуметтік кепілдіктерді қарастыру керек.
Парламент Сенатында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіндегі әріптестерімізбен бірге жолдаған депутаттық сауалымызда біз, бюджет қызметкерлерінің жалақысына қосымша үстеме төлеу, бала туғанда берілетін әлеуметтік көмекті және ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін өсіру, мемлекеттік балалар жәрдемақысын көтеру, жас мамандар үшін көтерме жәрдемақы мөлшерін өсіру, сонымен қатар, шекаралық аудандардың ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы республикалық нормативтік көрсеткіштерден бөлек агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін берілетін субсидия нормативтерін белгілеу, шағын және орта бизнес субъектілері үшін ерекше салықтық жеңілдіктер мен преференциялар енгізу мүмкіндіктерін қарастырған едік. «Күшке күш қосылса – құп, елге ел қосылса – құт» дегендей, жұмыс күші артық өңірлерден келетін отбасыларды шекаралық аудандарға орналастырып, олардың үй жалдау мен сатып алу шығындарын қайтарып беруді және басқа да көптеген ынталандыру тетіктерін қарастырған абзал.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы шекаралық аумақтар мәселелерін нақты шешуді белгілеп бергендігі белгілі. Әрине барша істің шешімі қосымша бюджет шығындарына тәуелді. Сондықтан Президент тапсырмасын орындау үшін жылдан жылға толастамай отырған осы мәселенің шешімін табу тетіктері жөнінде тиісті құзырлы орталық органдардың басшылары ойланса дейміз. Бұл біздің ел шетін бекітуге жасаған тағы бір қуатты қадамымыз болар еді!..
Дүйсенғазы МУСИН,
Сенат депутаты