Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген болатын.
Ғасырлар қойнауынан жеткен қобыздың қоңыр үні, қасиетті домбыраның күміс күмбірі, ұлт рухын қалыптастыруда орасан маңызға ие ауыз әдебиеті мен халық әндері, жалпы өнердің ұлы көші қазақтың киелі қазынасы. Бүгінгі таңда ұлы өнерді ұрпаққа жалғап жүрген өнерпаздар да ел игілігі үшін еңбек етіп келеді.
Елбасы мақаласын халыққа насихаттау мақсатында «Музарт» тобы Сарысу ауданы, Жаңатас қаласына келіп, аудан халқымен және Қаратау, Шолақтау тау-кен кешенінің, сондай-ақ теміржол көлік саласының ұжымдарымен кездесті. Кездесу кезінде әншілер «Туған елге арнау», «Жайлаукөл кештері», «Рахмет саған, туған ел!» атты әндерін нақышына келтіре орындап, халықтың қошеметіне бөленді. Аудандық мәдениет үйіне халық көптеп жиналып, өнерпаздарға құрмет көрсетті. Ауданға «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсеновтің шақыруымен келген өнерпаздар жергілікті халықтың жүрек пернесін тербейтін әндерін шырқап, Елбасының рухани жаңғыру идеясы мен Тәуелсіздік туралы ойларымен де бөлісті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев өз сөзінде Тәуелсіздік ұғымы мен Елбасының рухани жаңғыру идеясын егіз ұғым деп есептейтінін айтса, Сәкен Майғазиев аталған кешті Елбасы мақаласының аясында өтіп жатқан кең ауқымды шара екенін жеткізді.
«Музарт» тобының орындауындағы Ілия Жақановтың атақты «Жайлаукөл кештері» әні осы Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылына байланысты туған. Бұл күні қасиетті қара домбыраның күмбірі мен халық әндерінің рухы тыңдарманды тербеп, көпшілікті Жайлаукөл кешіндегідей әсерде қалдырды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы