• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2017

Солтүстікқазақстандық жауынгердің мәйіті туған жер қойнына тапсырылды

238 рет
көрсетілді

Еліміз бойынша қолына қару ұстап,  батысқа аттанған боздақтардың саны 1 миллион 200 мынадай  болса,  төрттен бірі Украинаны азат ету жорықтарына қатысқан екен.

Солардың бірі– солтүстікқазақстандық Әйіп Рамазанов. Есепшілік қызмет атқарып жүрген ол тепсе темір үзетін екі мүшел шағында  алғаш рет неміс басқыншылармен бетпе-бет кездеседі. Талай қанды шайқастарды  басынан өткеріп, бірінде  қаза табады. Кейін туған-туыстары қанша іздеу салса да, «хабар-ошарсыз кетті» деген  қысқа ғана жауап алып отырады. Биыл  күзде  Березань қаласы маңында жүргізілген қазба жұмыстары барысында  екі жауынгердің сүйегі табылады.  Украинаның қауіпсіздік қызметі академиясының курсанттары ұйымдастырған экспедиция медальондағы  жазбалар арқылы    қазақ солдаты  Әйіп Рамазанов екенін анықтайды.

Киевтегі  Офицерлер үйінде қызыл әскер жауынгерінің мәйіті Қазақстан елшілігіне тапсырылып, Қазақстанның осындағы төтенше және өкілетті елшісі Самат Ордабаев өз сөзінде  бұл акция  тарихымызды қастерлеудің, отан үшін от кешкен бауырларымызға көрсетілген ерекше құрмет екенін жеткізді.  Осылайша  екіжақты келісім аясында  атқарылған  шара барысында батырдың денесі туған жеріне жеткізіліп,  жерленді.  Марқұмды жер қойнына тапсыру  рәсіміне ауылдастары мен туыстары,  ішкі істер, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтының өкілдері жиналып, ауылдық мемориалға гүл шоқтарын қойды. Аруақтарға тағзым етті.

Ағамның ата-анасы қашан көздері жұмылғанша ұлдарының тірі оралатына сенді, батыс жаққа қарайлаумен өтті. Соғыс жылдары Орман деп аталған қазіргі Ленин елді  мекенінен соғысқа 95 азамат аттанып,  61 ғана  аман-есен оралған, дейді немере қарындасы Күлбаршын Қамыспаева.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы