• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2011

Ауылдың жұлдызы жанған жыл

462 рет
көрсетілді

Астанада Елбасының қатысуымен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумы болып өтті Кеше Астанадағы «Қа­зақстан» орталық концерт залында Қазақстан Ре­с­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған елі­міз­дің агроөнеркәсіп қыз­мет­керлерінің республи­ка­лық форумы болып өтті. Оның жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Биылғы жылдың ерекше берекелі жыл болғандығы белгілі. Отан қамбасына бұрын-соңды болмаған мол астық құйылды. Басқа да ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі жоғары болды. Сөйтіп, диқан қауымы Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту жасай білді. Агроөнеркәсіптік саланың басқа да секторларында дамудың қар­қын­дылығы көрініс беріп отыр. Сондықтан еліміздің агро­өнер­кәсіп саласы қызметкерлерінің маң­дайалды өкілдері осынау үлкен форумға жақсы көңіл-күймен келді деп айтуға болады. Аталған концерт залында 2 мыңнан астам адам бас қосты. Форум басталмас бұрын атал­ған концерт залында ауыл шаруа­шы­лығы саласының табыстарын әйгілейтін көрме ұйымдас­ты­рыл­ды. Қонақтардың барлығы дерлік ол көрмені аралап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Со­ны­мен қатар сала жетістіктеріне ар­налған фильм тамашаланды. Жиналған қауым Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты үлкен қошеметпен қарсы алды. Сонан кейін-ақ форум отырысы басталып кетті. Биылғы форумның ұйымдас­ты­рылуы әдеттегіден өзгешелеу бол­ды деп айта аламыз. Ең алдымен, Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековтің баян­да­масы барынша қысқа болды. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері өмірі­міздің барлық саласында, соның ішінде аграрлық кешенде толағай табыстарға қол жеткендігін айтқан министр, бұл табыстар тәуел­сіз­діктің 20 жылы бойында еңбек еткен ауыл адамдарының, аграрлық құрылымдар басшыларының, ға­лым­дардың, барлық деңгейдегі әкім­д­ердің Елбасы саясатын жү­зеге асырудағы тынымсыз тал­пы­ныстарының елеулі нәтижесі бо­лып табылатындығын атап көр­сет­ті. Осы ретте министр 1994 жылы тың көтерудің 40 жылдық мерей­тойында Ақмола жерінде Елба­сы­ның сол тұстағы құрылымдар бас­шылары алдында сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығының болашағы, он­да­ғы жүретін құрылымдық өзге­ріс­тер туралы тың көзқарас білдіргендігін, кеңшарлар мен ұжым­шар­ларды жекешелендіре отырып, са­ланы нарық қатынастарына көші­ру­дің қажет екендігін айтқандығын еске алды. Әрине, сол кездегі ұжым­шар мен кеңшарлар басшы­ла­рының көпшілігі оған қарсы бол­ғандығы белгілі. Ескі түсініктегі олардың көпшілігі алдымызда келе жатқан жаңа заман бейнесін көріп, сезіне алған жоқ. Бірақ соған қарамастан содан бергі уақытта жағдай мүлдем өз­гер­ді. Бастапқы жылдар қиыншы­лық­тар­мен есте қалғанымен елімізде ор­ныға бастаған жаңа жүйе өз ар­тық­шылықтарын қазірдің өзінде дәлел­деді деп айта аламыз. Соның нақты куәсі биылғы жылғы мол астық. Еліміз бойынша 30 миллион тоннаға жуық астық алынса, әр гектардың берекесі орта есеппен 18,5 центнерден айналды. Кеңес өкіметі кезінде мұндай жетістік болып па еді. Соның ішінде Солтүстік Қа­зақ­стан облысының диқандары әр гектардан 22,7 центнерден өнім алып, 9 миллион тоннаға жуық астық жи­нады. Облыс тарихындағы рекорд­тық көрсеткіш. 9 миллион тонна астықты бір облысты қойып, біздің айналамыздағы жекелеген тұтас елдердің өмірі алып көрмегендігін еске алсақ, біз өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміздің, оның аграрлық секторының қаншалықты қуатты екендігін айқын сезінеміз. Осы ретте сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов биылғы мол астықтың алы­нуына мемлекеттің көмегі үл­кен болғандығын, бір жылдың өзін­де ғана облысқа 7 миллиард теңге субсидия бөлінгендігін атап көрсетті. Ал мемлекеттің жылма-жыл­ғы жасап жатқан қаржылай қолдау шаралары облыстың ауыл­шаруашылық техника паркін 80 пайызға дейін жаңарту мүмкіндігін берді. «Сол үшін Сізге үлкен рахмет», деді облыс басшысы Елба­сы­ға қарата. Осы ретте облыста би­ылғы жылы ауылшаруашылық құ­ры­лымдарының 30 пайыздан аста­мы әр гектардан 30 центнерден астам астық алғандығын атап көр­се­те кетсек орынды болар. Мұндай өнімді біз бұрын батыс елдеріндегі ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері арқылы ғана естіп келген болатынбыз. Бұдан кейін сөз тізгінін қайта алған министр Мамытбеков елі­міз­дің ауыл шаруашылығы саласында мемлекет қолдауымен жүзеге асы­рылып жатқан шараларға екпін түсірді. Соңғы үш жылда ғана елімізде 10 ірі қазіргі замандық өнер­кәсіптік жылыжай іске қосылса, әрбір облыста жүздеген шағын жы­лы­жайлар салынуда. Сондай-ақ соң­ғы үш жылда 44 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін, 11 көкөніс сақтау қоймасы салыну үстінде. Осындай тағы да 8 қойма салу жоспарда тұр. Қазіргі күні астық шаруашы­лы­ғының проблемасы ретінде негізінен бір дақылды – бидайды өсіруге екпін түсіріліп келе жатқандығын, алайда астық мол шыққан жылы оны сақтау мен тасымалдаудың үлкен күшке түскендігін айтып өтті. Демек, Елбасы тапсырма­сын­дағыдай егістік алқаптарды әрта­рап­тандыру – заман алға қойып отырған үлкен міндеттердің бірі. Су тапшылығы жағдайында егістік алқаптарды суландыру мәселесінің де өткір сипаты бар. Бұл міндетті шешу үшін су пайдаланушылар кооперативтерін одан әрі жетілдіріп, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік негізінде ылғал сақтаушы тех­нологияларды белсенді түрде енгізу, суландыру жүйелерінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Мемлекет мал шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Үс­ті­міздегі жылдың басында еліміздегі мал саны ірі қара бойынша 6 мил­лионға жетті. Ал қой саны 18 мил­лионды, жылқы 1,5 миллионды, түйе 200 мың басты құрады. Әри­не, 1990 жылғы көрсеткішпен са­лыстырғанда мал саны әлі де аз. Әдетте, мал шаруашылығының баяу дамитындығы, салынған қаржыны өтеудің ұзақ уақытты қажет ететіндігі белгілі. Сондықтан шаруалар малдан гөрі пайданы неғұрлым жедел беретін егіншілікпен айна­лыс­қанды жөн көреді. Осындай үдерісті еңсеруге мем­лекеттің мал шаруашылығын да­мытуға жасаған қолдауы үлкен ықпал етуде. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша ірі қара етінің экспортын дамыту жөніндегі арнайы жоба әзірленіп, іске қо­сыл­ды. Жоба қазірдің өзінде оң нәти­желер байқатуда. Асыл тұқымды малға деген сұраныс артты. Оның үстіне Қазақстандағы мал шаруа­шы­лығын дамытуға шетелдік инвесторлар назар аударып, өз қар­жысын сала бастады. Бұл біздің елі­мізде бұрын болмаған жағдай. Осы ретте министр Ақмола облы­сында екі асыл тұқымды репродуктор шаруашылық құрған «КазБиф» ЖШС бірлескен кәсіпорынның құ­рылтайшыларының бірі, АҚШ-тағы «Глобал Биф Инвесторс» ком­паниясының президенті Уильямс Прайсқа Елбасы рұқсатымен сөз тізгінін ұсынды. Қазақстан жерінде жұмыс істеп жатқан америкалық инвестор өзі­нің ататегі малшы отбасы екендігін, осы кәсіпті бүгінгі күнге дейін жалғастырып келе жатқандық­та­рын айта келе Қазақстанға келулеріне мұндағы қолға алынған инвес­тициялық жағымды ахуалмен қа­тар, Қазақстанның осы са­ланы дамытудағы мол мүмкіндігі ықпал еткендігін жеткізді. Жерге бай Қа­зақстанда мал бағу атакәсіп болып табылатындықтан тарих­тың осы сыйы ел үшін әлі мол кәдесін беретіндігін, оған өз басының сенімді екендігін атап көрсете келе, ата­кә­сіптің дамуына жол ашқан ел Президентіне ал­ғысын жеткізді. Мал шаруашылығында «Сыба­ға» бағдарламасы жақсы жұмыс істеуге кірісті. Қазіргі шаруашы­лық­тарды дамыта отырып, жаңа тұр­пат­ты фермерлік шаруашы­лық­тарды қалыптастыру, ондағы мал тұқымдарының асылдануына жол ашу осы бағдарламаға артылған міндеттердің бірі. Жаңадан пайда болған фермерлік шаруашылықтар қазірдің өзінде 45 мың бас қолтума сиырларды са­тып алып, оларды асыл тұқымды бұ­қа­лармен шағылыстыру нәтижесінде асыл тұқымды мал өндірісін жолға қою ісіне кіріскен. Фермерлік ша­руашылықтармен қатар мал бор­да­қ­­ылау алаңдары да дамытылмақ. Осындай жұмыспен шұғылданып жатқан Батыс Қазақстан облы­сын­дағы «Кроун Батыс» ЖШС бас­шы­сы Серік Қабитханұлы Елба­сына қазір өздерінің Мәскеуге дейін ет жіберіп жатқандықтарын хабар­ла­ды. Бұл жерде Елбасының баста­ма­сымен құрылған Кеден одағының бұл шаруашылыққа тигізіп тұрған пайдасының зор екен­дігінің, өздері жөнелткен еттің үш күннің ішінде Мәскеуге жеткізіліп саудаға шы­ғарылатындығын атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласын­дағы соңғы жылдардың тағы бір жағымды жаңалығы мемлекеттің қолдау білдіру нәтижесінде оқу бітірген жастардың ауылға барып, оны көркейтуге атсалыса баста­ған­дығы. Астанадағы аграрлық уни­вер­ситеттің 5-курс студенті Әйге­рім Көкеева да осындай ниетте екен. Ол мал дәрігері мамандығын алып шығысымен өз ауылына бар­мақ. «Мен оқу бітірісімен Сол­түстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданындағы Тайшық ауылына барып, өз ауылымды көркейтуге атсалыспақпын. Оған себеп болып отырған Сіздің саясатыңыз бен біз секілді жастарға жасап отырған қамқорлығыңыз», деді Әйгерім Елбасына қарата. Қашанда болсын жастар тілегіне назар аударатын Елбасы Әй­герімнің сөзін іліп әкетіп, мұндай жастардың қатары елімізде 16 мыңға жеткендігін атап көрсетті. Ветеринар мамандар елімізге өте қажет болып отырғандығын, өйт­кені, ет экспортын дамыту үшін еліміздегі ет өндірісі батыс елдеріндегі рыноктар талаптарына жауап бере алуы қажеттігін, мұнсыз аталған істі алға жылжытудың өзі мүмкін емес екендігін айта келе Әйгерімнің бастамасына қолдау білдірді. «Сіздің осындай жақсы ұйғарымыңызды барлық ветеринар жастар естісе екен», деген тілегін білдірді. Сонымен, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жақ­сы істер көп. Ондағы өнім көлемі үстіміздегі жылдың 9 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда 22 пайызға артты. Болжам бойынша, 2011 жылы саладағы бір қызметкер өндіретін өнім көлемі 5 мың АҚШ долларын құрайтын болады. Демек, саладағы еңбек өнім­ділігі 2005 жылмен салыстыр­ғанда 2 есе жоғары болып шықпақ. Ал астық экспортының көлемі 3 есе ұлғайғалы отыр. «Осының барлығы тәуелсіз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі табыстарын айқын көрсетеді. Бұл Сіздің, құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлы, ауылды және агроөнеркәсіп кешенді дамыту мәселесінде көреген стратегиялық саясат белгілегендігіңізді дәлел­дей­ді», деді Асылжан Мамытбеков. Мұнан кейін жаңа инвес­ти­ция­лық жобаларды іске қосудың он­лайн трансляциясы болды. Елбасы Алматы облысындағы «Нұр» аг­рофирмасының 13 тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы технологиялармен жаб­дық­талған қоймасын және Ақмола облысындағы 1800 бас ангус және герефорд мал тұқымдары өсірі­ле­тін жаңа тұрпатты шаруашылықты іске қосты. Бұл екі субъектіде 520 адамға жұмыс берілген. Агроөнеркәсіп кешені қыз­мет­керлерінің республикалық фо­румы­ның жұмысын Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылады. Елбасы өз сөзінде ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығын Қазақстан­ның аграрлық секторы бұрын-соң­ды болмаған табыстармен қоры­тын­дылағалы отырғандығын атап көрсетті. Егіншілікте соңғы 55 жылда алынбаған мол өнім 30 миллион тонна астық алынды. Оның 25 миллион тоннасы бидайдың үлесінде. Осы ретте Елбасы аграрлық секторды қолдау мақсатында соңғы 5 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 670 миллиард теңгенің бөлінгендігін, әлемдік дағдарыс өршіп тұрған 2009 жылдың өзінде ұлттық қордан аграрлық сектордың болашағы үшін үлкен маңызы бар инвестициялық жобаларды қаржы­ландыруға 120 миллиард теңгенің қарастырылғандығын айтты. Осы қаржыға қазірдің өзінде 42 жаңа өндіріс орны іске қосылып отыр. «Халқымызда «Ауыл – ат байлар алтын қазық» деген қанатты сөз бар. Расында, ауыл біздің қас­терлі атақонысымыз, тіршілік ты­нысымыз, киелі алтын тамырымыз. Баршаңыз да білесіздер, біз индус­триялық-аграрлық елміз. Біздің ел экономикасының екі басым бағыты бар. Бұл – индустриялық және аг­рарлық салалар. Ауыл шаруа­шы­лығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған, солай болып қала береді де. Мен оған кәміл сенемін», деді Елбасы форум қонақтарына арнаған сөзінде. Ауыл шаруа­шы­лығын дамыту – 7 000-ға жуық ауылды өркендетіп, ел азамат­тары­ның тең жар­ты­сының жағдай­ын жасау екендігіне тоқ­тал­ған Елбасы бұл салаға мемлекет та­ра­пынан айрықша назар ау­да­рылып, тәуел­сіз­дік жыл­дарында ерекше көңіл бөлініп, көп қа­ражат жұмсалып келе жатқандығын жет­кізді. «Кеңес одағынан бізге ауыртпалығы мол, артта қалған ауыл шаруашылығы мұра болып қалды. Азаттықтың алғашқы жылдарында да ауыл алапат дағдарыстарды бастан өткерді. Мал­дың басы азайды, жер­ді игеру тоқтап қалды. Дегенмен, сол қиындық­тарды жеңіп, ауқымды жаңғыр­ту­лар арқылы біз ауыл шаруашы­лығын қа­рыш­татып, дамыта алдық. Біз жасампаз жиырма жылда ауыл­дың еңсесін тіктеп, агроөнеркәсіпті өрге сүйредік. Біздің дұрыс жол таңдаға­ны­мыз­ды уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Биылғы мерейлі жылда егін бітік шықты, қамбамыз астыққа толды. Бұрын болып көрмеген зор табыстарға жеттік. Биылғы астық Қазақстан үшін рекордтық болды. Ауыл шаруашылығы ең­бек­керлері ерен табысқа жетіп, ел ырысын еселеп, Тәуелсіздік той­ына лайық­ты тарту жасады. Сон­дықтан, бү­гінгі кездесуді қуа­ныш­ты, мерекелі кездесу деп айтуымызға болады. Осы орайда ауыл шаруашы­лығы саласын өркендетуге үлес қосқан сіздерге, сіздер арқылы барлық аграрлық саланың қыз­мет­кер­леріне шын жүрегіммен алғы­сым­ды айтып, келешекте де зор табыстар тілеймін. Бұл сіз­дердің Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына арнаған тартуларыңыз, төгілген тер­дің өтеуі, ерен ең­бек­тің нәти­жесі деп білемін. Бұл бү­кіл Қа­зақстанның аса зор жеңісі. Мен агроөнеркәсіп кешенінің бар­ша қызметкерлеріне Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына тартқан осынау бағасыз сый­лықтар үшін шын жүректен ал­ғы­сымды білдіремін», деді Елбасы. Рекордтық астық – бұл тек сәттіліктердің сәйкес келуін немесе табиғаттың ерекше тартуын ғана білдірмейтіндігін айтқан Елбасы егер тарихқа назар аударсақ, кеңес­тік кезеңдегі «ұлы тың астығының зор жетістіктерінің» өзі экстенсивті жолмен алынғандығын еске салды. Нәтижеге емес, көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында мал шаруашы­лы­ғына орасан зор нұқсан келтіріле отырып, көлемді жайылым жерлер егістік үшін жыртылып тас­талынды. Ал өсірілген астықты алу үшін тұтас әскери бөлімдер, студенттер мен қалалықтар осы іске жұмылдырылатын. Барлығы да көрсеткіштер үшін жұмыс істеді. Мұны сол жылдар еңбек еткен ардагерлер жақсы біледі. Осы ретте Елбасы миллиард пұт астық алу үшін шаруашылық басшыларын мәжбүрлей отырып, барлық астық­тың отан қоймасына жөнелтіліп, ар­тынан мал азығына деп мил­лион­даған тонна астықты орталық­тан қайта сұрап алу жағдайы да кездескендігін өзі бастан өткерген жағдайдан мысал келтіре отырып айтып берді. Ал Қазақстанның қазіргі ре­корды мүлде басқа тәсілдермен алынып отыр. Оған екі шешуші фактордың ықпалы зор болды. Біріншісі, мемлекет қолдауына арқа сүйеген біздің фермерлердің ерлік еңбегінің нәтижесі. Егістік алқап­тардың жартысынан астамында тұ­қым себу, өнім жинау жұмыстары жоғары өнімді жаңа техникалармен жүргізілді. Егістің 70 пайыздан астамында ылғал ұстаушы технологиялар қолданылды. Қазіргі күні 11 миллион гектардан астам егістікте осы технология іске асы­рылды. Ол тек ылғал сақтап қана қоймайды, сонымен қатар топы­рақтың құнарын да сақтайды. Қазақстан ауыл шаруашы­лығы­ның осы жеңісіне ықпал еткен екінші фактор – бұл мемлекеттің аграрлық саясатының жемісті нә­тижесі. Өткен екі онжылдық Қа­зақ­станның ауылдары мен село­ларын түбірімен өзгертті. Кеңес одағы тараған кезде жас мемлекетке өте ауыр жағдай мұраға қалған еді. Ауылдықтардың жартысынан астамы кедейшілік қамытында өмір сүрді. Өйткені, еңбекке деген ынта болмады. Шығын есептелінбеді. Бұрынғы әдіспен оны еңсеру мүмкін емес еді. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары­нан бастап аграрлық саланы реформалау қажет болды. Бүгінгі күні адамдардың жерге деген көзқарасы сол кезбен салыс­тырғанда түбірінен өзгергендігін айтуға болады. Жер өз иелерін таба бастады. Қазір олардың қатарында 185 мың шаруа және фермер ша­руашылықтары, 9 мың ірі және орта кәсіпорындар, серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар бар. Ха­лықтың үштен бір бөлігі осыларда жұмыс істеп жатыр. Әр жыл сайын нақ осы секторда елдің ұлттық байлығының 7 пайызы жаса­лы­нады. Жерге жеке меншік туралы мә­селені неғұрлым әділетті шешкен Жер туралы заң аграрлық сек­тор­дың тұрақты құқықтық негізі бо­лып табылады. Ауыл шаруашы­лығын дамытудың құқықтық негізі, барлық қажетті заңдар топтамасы қабылданды. Мұнда сол кезде ауыл шаруашылығы министрі болып жұмыс істеген Ахметжан Есімов­тің де еңбегі бар. Қазақстанда ауыл шаруашы­лы­ғы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың тиімді тә­сілдері қалыптастырылып, жұмыс істеуде. Олар жеңілдікті салық салу, несиелендіру және субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарының арзан­датылған лизингі және басқа да көптеген шаралар. Ауылдар мен селоларды да­мы­тудың алты жылдық мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асы­рылды. Оның аясында  1 триллион теңге­дей қаржы игерілді. Көптеген ауыл­дық елді мекендерде жаңа мек­тептер, ауруханалар, мәдениет үй­лері, жолдар, сумен қамту жүйе­лері, электр желілері салынды. Көксарай су қоймасы, Шар­да­ра-Мақтаарал каналы секілді ірі жобалар жүзеге асырылды. Оңтүс­тік Қазақстан облысының құнарлы жерлері су басып қалу қаупінен арылды. Қоймалардың су ресурс­тары құрғақшылық жылдарының өзінде жоғары өнім алудың тұ­рақты кепілдігі бола алады. Мемлекет ауылдағы шаруашы­лықтарды білімді мамандармен қамтамасыз ету жөнінде де шаралар қолдануда. Соның бір дәлелі «Дипломмен – ауылға» арнаулы жобасы. Қазір осы жоба бойынша 16 мыңнан астам жас қазақстандық ауылдарға барып жұмыс істеуде. Әкімдіктер тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік астық экспортындағы жетекші елдер ондығының ішіне кіреді. 2010 жылы рынокқа еліміз 9 миллион тоннадай астық тапсырды. Соның 3 миллион тоннаға жуығы Орта­лық Азия елдеріне жіберілді. Ал Қазақстанның биылғы экспорттық мүмкіндігі 15 миллион тоннаға дейін жетеді. Ұн экспорты жөнінен Қазақстан осымен 5 жыл қатары­нан әлемде жетекші ел болып отыр. Мемлекет біздің ауылшаруашы­лық тауарларын өндірушілер үшін экспорттық дәліздерді кеңіту бой­ынша мақсатты жұмыстар жүр­гізуде. Каспий өңірінде Иран мен Кавказ елдеріне астық экспорттау үшін көліктік-логистикалық ин­фра­құрылым құрылды. Ақтау, Әзер­байжандағы Баку, Ирандағы Әмірабад порттарында бұрынғы қуаттар ұлғайтылды және жаңа астық терминалдары іске қосылды. Болашақта Қазақстан – Түркі­мен­стан – Иран – Парсы шығанағы, темір жол жобасы жүзеге асқан кезде, қазақстандық жүктер көлемі едәуір дәрежеде арттырылатын бо­лады. Сол кезде Парсы шығанағы арқылы Жерорта теңізінің шығысы мен Солтүстік Африкаға еліміздің азық-түлігін жеткізудің мүмкіндігі қалыптасады. «Жетіген – Қорғас» темір жол же­лісін аяқтап, «Қорғас халық­ара­лық көліктік-логистикалық» хабын іске қосу Қытайға және одан әрі Тынық мұхит аймағына шығу мүмкіндігін туғызады. Осы ретте Елбасы жуықта Вьетнамға жасаған сапары кезінде Қазақстан астығын осы елге жеткізу мәселелері талқылан­ған­дығын айтып өтті. Сонымен қатар, Кеден одағы­ның құрылуы, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде біртұтас экономикалық кеңістіктің жүзеге асуы қазақстандық бизнестің қолын Брест пен Владивостокқа дейін жеткізетін болады. Елбасы азық-түліктің қазіргі күні және болашақта әлемнің ең тұрақты валютасына айналғанды­ғын атап көрсетті. Жуықта пла­не­таның 7 миллиардыншы тұрғыны өмірге келген. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2050 жылы адамзаттың азық-түлік тұтынуы 2 еседен астам өсетін болады. Сондықтан азық-түлік қашанда өз бағасын ұстайды. Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік жөніндегі өз қажетінің 80 пайызын қамтамасыз ету мүмкінді­гіне жетті. Мұның сыртында экс­порт көлемін де арттыра түсті. Демек, Қазақстан фермерлерінің өңір­лік және жаһандық бәсекелестікке қатысу мүмкіндігі барған сайын ұлғайып келеді. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы бұл үдерісті одан әрі үдете түспек. Сондықтан Елбасы аграрлық секторды Қазақстанның маңызды инновациялық кластер ретінде қарастыратындығын жеткізді. Осы ретте іске асырылып жат­қан шараның бірі – индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сы­ның аясында аграрлық салада 75 жобаның іске қосылғандығы. Бұл – индустрияландыру картасына енгізілген барлық нысандардың жар­ты­сына жуығы. Енді жыл соңына дейін тағы да 92 аграрлық өндірісті ашу жоспарланып отыр. Қазір жұмыс үстіндегі ауыл­ша­руашылық кәсіпорын­да­рын жаң­ғырту жұмыс­та­рына одан әрі қар­қынды сипат беру, маңызды. Осы­­ған орай Елбасы Үкіметке әкім­дермен бірлесе отырып, аграрлық сектордың өңдеу өнді­рістерін жаң­ғыртудың нақты жоспарын әзірлеп жүзеге асыруды тап­сыр­ды. Бұл агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнім­ді­лігін 2 еселендірудің ма­ңыз­ды мәселесі екендігін атап көрсет­ті. Сонымен қатар, Қазақстанның ауыл­шаруашылық сала­сын жаңа шептерге алып шығу үшін бірқатар мә­се­лелерді шешу қажет­тігін атады. Үкіметке аграрлық секторды, соның ішінде, мал шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу үшін қадамдық жол картасын әзір­леуді тапсырамын, деді Президент. Мен өз Жолдауымда ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігін 2 есе арттыру жөнінде тапсырма берген болатынмын. Мұны тек өнімді өңдеу, өнімнің ақырғы құнын арттыру арқылы ғана жүзеге асырамыз. Оның үстіне мұны Кеден ода­ғына және алдағы уақыт­тағы Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру мүмкін­ді­гіне қатысты барлық мә­селелерді ескере отырып, шешуіміз керек, деді Мемлекет басшы­сы. Екіншіден, Қазақ­стан­ның ауыл ша­руа­шылығы инновациялық бо­луы тиіс. Сондықтан бізге отандық аграрлық ғылымды дамытудың нақ­ты бағдарламасы қа­жет. Он жыл ішінде мемлекет ауыл ша­руашы­лығындағы ғылыми әзір­лемелерді даярлауға 20 миллиард теңге қаржы жұмсады. Біздің ғалым­дарымыз жоғары өнім беретін бірқатар бидай сорт­тарын әзірледі. Бірақ олар барлық жерде бірдей қолданылмайды. Неліктен? Себебі, ғалымдар жаңа сорттар мен агротехнологияларды әзірлеуге он­даған жылдарын сарп етсе, мұнан кейін сорт сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия оларды енгізу қажет пе, жоқ па деген мәселемен үш жыл бойы айналысады. Ал ғылым қазір бір жерде тоқтап тұрмайды ғой. Соның салдарынан біздің аграрлық ғалымдарымыздың еңбегі ешкімге қажет болмай, зая кетуде. Сондық­тан Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Қаз­агроиннова­ция­мен» бірлесе оты­рып, отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасын қа­рауды тапсырды. Аграрлық сала үшін білікті кадрлар даярлау – мәселенің екінші жағы. Қазіргі күні 43 ветеринарлық зертхананың құрылысы жүргізілу­де. Келесі жылы тағы да 63 зертхана салынатын болады. Олардағы жаңа құрал-жабдықтарда кімдердің жұмыс істейтіндігі ескерілген бе? Сапалы ветеринарлық қызметсіз етті экспорттау да мүмкін емес. Өйт­кені, біздің өнім сапасы еуро­па­лық стандартқа жауап беруі тиіс. Осыған орай, аграрлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарлама­ларын қайта бір тексеру жөнінде тапсырма берілді. Бұл міндет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне жүктелді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша аграрлық мамандықтарға берілетін квотаны арттыру туралы да айтылды. Үшіншіден, бүгінгі күні фермерлерді агроинновацияны енгізуге ынталандыратын тиімді шаралар қажет. Шетелдік техноло­гияларды ен­гізу әзірге ірі және орта шаруа­шылықтардың ғана қол­дарынан келеді. Көптеген фермерлер мұндай мүмкіндікке ие емес. Сондықтан ауылдағы иннова­ция­лық белсенділікті қолдау үшін қолжетімді қар­жылық тетіктерді әзірлеу қажет. Елбасы егістік алқаптарды әр­тараптандыру мәселесіне ерекше тоқталды. Малазықтық, бұршақ­тық және майлы дақылдар егістігін арттыру қажет. Егістік құры­лым­дарын әртараптандырудың тетік­терінің бірі – бұл бидай өндірісін субсидиялаудан ауылшаруашылық техникалары лизингін, несиелерді арзандатуға, астықты кепілдікті баға бойынша сатып алуға қарай көшу. Сондықтан Үкіметке егістік алаңдарды әртараптандыруды қам­та­масыз ететіндей фермерлерді ын­та­ландыру тетіктерін әзірлеуді тап­сырамын, деді Елбасы. Сонымен қатар, Үкімет пен облыс әкімдеріне барлық жерлерді қайта түгендеп, ауыл шаруашылығы айналымына қосу үшін олардың әлеуетін ай­қын­дауды жүктеді. Төртіншіден, етті мал шаруа­шылығын астық өндірісі секілді стратегиялық салаға айналдыруға тапсырма берілген болатын. Оны жүзеге асыруға «ҚазАгро» арқылы 130 миллиард бөлінген. Бүгінгі күні елімізге шетелден әкелінген асыл тұқымды малдардың үлгі­лерін пайдалана отырып, жалпы мал ба­сының сапасын арттыру жөніндегі селекциялық жұмыс­тарды күшейту қажет. Сонымен қатар, Елбасы Үкі­мет­ке «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, Қазақ­стан темір жолы базасында халық­аралық деңгейдегі қуатты көліктік-логистикалық компания құруды тапсырды. Теміржол, автокөлік жолдары, авиация, басқа да көлік түрлері осындай бірыңғай орта­лыққа бірігуі қажет. Бұл биылғы жылғыдай мол астық алынған жағ­дайда оларды тасымалдау, сақтау мәселесін неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді. Бесіншіден, аграрлық сек­тор­дың дамуы ауылдар мен село­лар­дың гүлденуінсіз, ауыл халқының тұрмыс жағдайының жақсаруын­сыз мүмкін емес. Қазақстанда 7 мыңға тарта ауылдық елді мекен бар. Олардың 3 мыңға жуығы 2020 жылға дейінгі еліміздің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды кестесіне қосылып отыр. Бұлардың дамуы үшін мемлекеттік ресурстардан барлық қажеттіліктер бөлінеді. Осылайша қазақстандық ауылдар мен селолар тұрмысқа жайлы жаңа кейіпке ие болады. Елбасы ұлттық компанияларды, кәсіпкерлерді, қоғамдастықтарды осы іске үлес қосуға шақырды. Бүгін ауыл шаруашылығы жөнінде біраз әңгіме қозғадық. Бұл саланы дамыту үшін нақты жұмыс жасап келе жатырмыз. Алдымызда істейтін шаруа әлі көп. Жаздың бәрі, жылдың бәрі биылғыдай бола бермейді. Неше түрлі жағдайлар болғанын білеміз. Барлығына дай­ын­далу керек. «Астықты жиып алдық, керемет болды» деп қарап қалуға болмайды. Ендігі жылғы көрсеткіш дұрыс болуы тиіс, деді Елбасы сөзін қорытындылай келе. Форум соңында ел Тәуелсіздігі­нің 20 жылдығына орайласты­рыл­ған үлкен бір мәртебелі шара бо­лып өтті. Елбасы өз Жарлығымен ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін еліміздің 200-ден астам қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттау жөнінде Жарлық шығарған екен. Соның ішінде Қазақстан Республикасын экономикалық дамытудағы, өнді­ріс­тегі қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін 3 адамға «Қазақ­стан­ның Еңбек Ері» атағы беріліпті. Олар – Қостанай облысы Қостанай ауданындағы «Заречное» ЖШС директоры Валентин Иванович Двуреченский, Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Қазэкспор­тас­тық агрофирмасы» ЖШС бас директоры Әділхан Айтқазынұлы Кенжебаев, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы «Тайынша-Астық» ЖШС бас ди­ректоры Руслан Жұмабекұлы Молдабеков. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында еңбектері арқылы жұлдыздары жанған бұл азаматтардың барлығы еліміздің жоғары наградасын Елбасының өз қолынан алу құрметіне ие болды. Сөзінің соңында Елбасы форум қонақтарын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы орасан зор жеңіс – ауыл агроөнеркәсіптік ке­шен саласындағы үлкен табыс­тары­мен, алда келе жатқан агро­өнеркәсіп кешен қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтап, ауыл халқына үлкен табыстар тіледі. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

* * *

ЛЕБІЗДЕР

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, (Алматы облысы): – Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы­мен тұспа-тұс келіп отыр­ған бүгінгі форумның ауыл шаруашы­лы­ғы саласын да­мы­туда еңбек етіп жатқан қожалықтар мен серіктестіктерге берері мол деп білемін. Он жылдан астам уақыттан бері етті мал шаруашылығын қолға алып келе жатқан мен өз шаруашылығымда қа­зіргі кезде 3 мыңнан астам ірі қара мал өсіремін. Осы ретте Үкімет тарапынан бөлініп жатқан кө­мектің де жұмысымның алға басуына тың серпін беріп отырғанын ерекше ризашылықпен айтқым келеді. Осындай ауыл шаруашылығына деген қол­даулар әрі қарай жалғаса берсе, сала еңбеккерлері алдағы уақытта үлкен табыстарға жете беретініне де сенімім кәміл. Қазақтың қанына біткен мал бағуға деген ерек­ше қасиеті етті мал шаруашылығын дамытуда оларға аса қиындық тудыра қоймас. Әйтсе де оған бастапқы кезде аздаған демеу берілсе, бұл ша­руа­ның да айы оңынан туар кез алыс емес деп ойлай­мын. Сондықтан да жоғарыда айтқан қолдаулар тұрақты болса игі. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу үшін ауылшаруашылық көрмелерінің де жиі өткенінен ұтарымыз көп.   Бейсенғазы ТАСТЕКЕЕВ, «Прииртыш бройлер» құс фабрикасының бас директоры, (Семей қаласы): – Фабрикамыз 20 жыл­дан астам уақыт бойы еліміз рыногында жұмыс істеп келе жатқан іргелі кәсіп­орын болып саналады. Со­ны­мен қатар, Шығыс Қа­зақ­стан облысындағы балапан шығару, құс өсіру және бройлер құс етін өн­ді­румен айналысатын мамандандырылған шаруа­шылық. 2003-2004 жылдары қайта жабдықтау және бройлер ет өнімдерін өндіруді өндірістік модернизациялау жұмыстары іске асырылса, осыған байланысты технология да түбірімен өзгеріске ұшырады. Құстарды өсіру технологиясында жетістікке жетуге корпустарды «Вig Deutchman» фир­масының жемдеу және суару құрал-жаб­дықтарымен, сондай-ақ «EXAFAN» фирмасының желдеткіш жүйесімен жабдықтау көп әсерін тигізді. Аталған жылдары біздің құс фабрикамыздың дү­ние­жүзілік озық фирмалардың құрал-жаб­дық­тарымен жаңартылуы басталды. Балапан шығару үрдісін компьютерлік бақылау жүзеге асырылды. Құс сою цехында венгрлік «Titan» фирмасының жартылай автоматтандырылған, қуаттылығы сағатына 1500 басқа арналған  салқындатқыш камерамен жабдықталған құс сою желісі ор­натылды. Қазіргі таңда осы жұмыстардың жүйелі жүр­гізілуінің арқасында қаншама отбасы жұмыспен қамтылып отыр. Құс шаруашылығының қарыш­тап дамуы үшін оған барынша жағдайлар да жа­салып жатыр. Біз өндіріп жатқан құс еті экологиялық таза, сапалы өнім болып табылады. Біздің ша­руа­шылық түрлі республикалық және халықаралық көрмелердің лауреаты десек, бұған әрине, еліміз тарапынан қолдаудың да орны ерекше екенін назардан тыс қалдырмаған жөн.   Садық БАҚТИЯР, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик: – Бүгінгі форум тарихи форум болып отыр. Өйткені, Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дық торқалы тойы, биылғы жиналған мол астық пен елімізде тыныштық, береке болып тұрған жағдайда өтіп жатыр. Біз бұған бірінші кезекте тәубе дейміз. Бұй­ырт­са, еліміз әлемге тек дәнмен ғана емес, мал өнімдерімен, оның ішінде ет өнімдерімен көтерілейін деп отыр. Бүгінгі таңда жаһанда азық-түлік тапшылығы сезілуде. Кеше ғана жетінші миллиард адам өмір есігін ашса, БҰҰ-ның мәліметі бойынша, бір миллиард адам осы күндері азық-түлік жетіспейтін жағ­­дайда өмір сүруде екен. Міне, осындай жағ­дайда Қазақстан өзінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сондай елдерге қол ұшын беруге мүм­кіндігі зор. Оның бір басты жолы – алыс жайы­лым­дарды пайдалану. Бізге Алланың бұйырт­қаны, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз – бұл жайылым, яғни 188 млн. гектар жер. Бұл бү­кіл әлем бойынша алғанда бесінші орынға ие. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, мал шаруа­шы­лығын дамытатын болсақ, келешекте Елбасының айтқан еттің экспорттық әлеуетін арттыру жө­нін­дегі тапсырма толығымен орындалады деп есептеймін. Ол үшін не керек, әрине, біріншіден, алыс жайылымдардағы инфрақұрылымдарды орнына келтіру қажет. Мұндағы ең бастысы су мәселесі екені айқын. Сондықтан да құдықтарды қалпына келтіру керек. Сонымен қатар, ол жерлерде адам өмір сүру үшін тиісті жағдай болуы шарт. Сонда ғана саладағы жұмыстар жемісті болмақ.   Абай САҒИТОВ, Өсімдік қорғау және карантин институтының директоры. (Алматы қаласы): – Біздің институтта жүз­ге жуық қызметкерлер жұ­мыс жасайды. Мұнда ар­найы алты-жеті бөлмеміз бар. Осында «Ақ көбелек» деген препарат шығардық. Біз өсімдіктерге улы хими­кат­тарды мүм­кіндігінше аз пайдалану тұрғы­сында да жұ­мыстар жүр­гізудеміз. Сонымен бірге, бірқатар инно­ваця­лық жаңалықтарды да осында өмірге енгізіп жатырмыз. Шетелдер қазіргі таңда улы химикаттардан аулақ болуға күш салуда. Олардың дені биологиялық әдіске көшіп жатыр. Біз де осыған көшу ниетінде жаңа әдіспен жұмыстар жасаудамыз. Сондай-ақ біз де шегірткеге және өзге де зиянкестерге қарсы жаңадан жүздеген препарат шығарып,  жатырмыз. Егемендігіміздің 20 жылдығын үлкен табыс­тар­мен той­ла­ға­лы отырмыз. Аталмыш форумда көптеген жетістіктеріміз көр­сетілуде. Соның бірі, жоғарыда айтқан препараттардың осы уа­қыттар ішінде өз елімізде өндірілгені дер едім. Кеңестік кезеңде біз тек қана Мәскеуден келген дайын препараттарды қолда­натынмызды еске түсірсек, өзімізде шығарылған осыншама өнім түрлері алдымен тәуелсіздігіміздің арқасы екеніне ешкім шүбә келтіре алмас. Ендігі біздің мақсатымыз – экологиялық тазалығымызды сақтауда барынша күш салу болмақ. ----------------------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.