«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мыңдаған шақырым автожолдар күрделі жөндеуден өтіп, көлік қатынасы артқан. Инфрақұрылым жақсарып, тасымал күшейген. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Брифингке Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті мен Автомобиль жолдары комитетінің басшылары қатысып, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың нәтижелерін баяндады. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаевтың айтуынша, Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015-2016 жылдар аралығында I және II техникалық санаттарға ауыстыру арқылы 1,3 мың шақырым автожол қалпына келтірілген.
«Батыс Еуропа–Батыс Қытай транзиттік дәлізінде, Астана–Теміртау, Алматы–Қапшағай, Қапшағай–Балпық би, Бейнеу–Шетпе және Көкшетау–Петропавл бағыттарындағы қозғалыс толығымен ашылды. Сондай-ақ Павлодардағы Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 12 шақырымдық ірі көпір өткелінің құрылысы аяқталды», деді комитет төрағасы.
Биыл Теміртау – Қарағанды учаскесінде, Орталық–Оңтүстік жобаларында, жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым болатын Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау, Бейнеу – Ақтау, Ақтөбе – Атырау, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Петропавл және Орал – Каменка учаскесінде Орталық – Шығыс жобалары аясында құрылыс жұмыстары жалғастырылды. Сонымен қатар ұзындығы 511 шақырым болатын Бейнеу – Ақжігіт, Щучье – Зеренді, Таскескен – Бахты, Үшарал – Достық, Осинов тас жолы, Қостанай – Денисов секілді алты жоба бюджеттік қаражат есебінен іске асырылуда.
Сондай-ақ еліміздің көліктік әлеуетін дамыту мақсатында жетекші халықаралық қаржы институттарымен бірлесе отырып, ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өңірлердегі экономикалық белсенділіктің өсуін қамтамасыз етпек.
Бағдарлама аясында 2020 жылға қарай жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның жыл сайынғы қамтуы – 1,5 мың шақырымға жуық.
«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың әлеуметтік маңызы да орасан. Бұл ретте комитет төрағасы 2015 жылдан бастап 70 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын, 2018 жылы тағы 25 мыңын ашу жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар қазақстандық қамту үлесі 90 пайызға тең.
Ал Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потловтың мәлімдеуінше, Алматы – Шу учаскесінде жалпы ұзындығы 112,37 шақырым екінші жолды салу жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар биылғы жылдың қарашасында аяқталған. Жобаны жүзеге асыру учаскенің өткізу қуатын күніне 17-ден 68 жұп пойызға дейін арттырды және пойыздың жол жүру уақытын 1,5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Оның айтуынша, 2016 жылғы желтоқсанда Құрық портында жылына 4 млн тонна жүк тасымалдайтын темір жол паром терминалы іске қосылды. Онда операциялар басталған кезден бері шамамен 1,3 миллион тонна жүк өңделген. Қазіргі уақытта жылына 2 млн тонна жүкті өңдейтін жобаның екінші кезеңін іске асыру жалғасуда. Биыл 6 желтоқсанда өткен индустрияландыру күні аясында Құрық портындағы автокөлік паром терминалы сынақтан өткізілді. 2018 жылы 2 кезең нысандарының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жалпы алғанда, жобаны аяқтағаннан кейін Каспий теңізіндегі теңіз порттарының өткізу мүмкіндіктері жылына 26 млн тоннаға дейін жеткізілмек.
2017 жылдың 30 мамырында Астанада жаңа «Нұрлы жол» вокзал кешені іске қосылды. Жаңа вокзал кешені 52 пойызға қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 16 жоғары жылдамдықты «Тұлпар-Тальго», 22 және 14 қала маңындағы электрлі пойыздар бар.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»