• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 26 Желтоқсан, 2017

Эконометрия ғылымдарының сардары – Сайлау Байзақұлы

925 рет
көрсетілді

Сайлау Байзақұлы – қазіргі экономика ғылымдарының зор мақтанышы және жаңа аумақтық экономистер мектебінің негізін қалаушы ғалым. Тәуелсіз Қазақстан жастары С. Байзақұлы сияқты ғалымдарды білуі әрі олардан өнеге алуы абзал.

Бүгінгі сөз Қазақстанда экономикалық-математикалық әдістер мен модельдерді дамытудың негізін қалап, осы бағыттағы ғылыми мектеп пен ғылыми кадрлардың жаңа легін қалыптастырушы, Халықаралық ақпараттандыру және Халықаралық менеджмент академияларының академигі, Оксфордтың халықаралық академиялық одағының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым, педагог Сайлау Байзақұлы төңірегінде болмақ. 

Сайлау Байзақов екеуміздің ғылымдағы бағытымыз жақын. Әрі ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Оның бір емес екі факультетін бітірген. Алдымен «есептеу математикасы» мамандығы бойынша «механика-математика» факультетінде оқып, одан кейін алғашқылардың бірі болып екінші жоғары білім алу мақсатында аталған уни­вер­ситеттің «экономика» факультетіне түсіп, оның негізінде құрылған Алматы халық шаруашылығы институтынан «өнеркәсіпті жоспарлау» маманы болып шыққан.

С.Байзақов өзінің еңбек жолын да бірінші мамандығы бойынша осы университетте ассистент, кіші ғылыми қызметкер (1961-1964) ретінде бастап, кейін Қазақ КСР Жоспарлау комитетіне қарасты Экономика ғылыми-зерттеу институтында Есептеу орталығының аға экономисі, зертхана меңгерушісі, институттың бөлім бастығы, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (1964-1985), ҚазКСР Ғылым академиясының Өндіргіш күштерді зерттеу кеңесі төрағасының бірінші орынбасары (1985-1986), Жоспарлау және басқару процестерін автоматтандыру ғылыми-зерттеу институтының директоры (1986-1991), одан соң сол Экономика министрлігіне қарайтын Ғылыми-технологиялық және коньюктуралық-коммерциялық ақпарат ғылыми-зерттеу институтының директоры (1991-1993) қызметін атқарды.

Сайлау Байзақұлы бұл қызметтерін ғылыми ізденістерімен ұштастыра жүріп 1968 жылы кандидаттық, 1974 жылы небәрі 37 жасында Мәскеудегі КСРО ҒА-ның Орталық экономикалық-математикалық институтында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Кеңес Одағы бойынша сол кездегі ең жас экономика ғылымдары докторларының бірі болып шықты. Бірақ бұл қорғау кезінде кедергісіз өтті деуге болмайды. Оның диссертациясы Алматыда екі жылдан артық қозғалыссыз жатыпты. Сондықтан ол Мәскеуге баруға мәжбүр болған. Оған бір жергілікті оқымыстының диссертацияны оқып та шықпай, «қайда асығасың, 50-ге дейін докторлық қорғаймын деп шалабыңды шайқама», деген зілді сөзі қамшы болыпты.

С.Байзақовтың кеңестік дәуірдегі ғылыми зерттеулері халық шаруашылығын дамытудың келелі проблемаларын шешуге, республиканың өндіргіш күштерін орналастыруды жетілдіруге, жеке аймақтар мен өндіріс салаларының өсу деңгейлерін салыстыра отырып, олардың мүмкіндіктерін отындық-энергетикалық, мұнай-химиялық, металлургиялық, құры­лыстық, көліктік-тасымалдық және машина жасау кешендерін қалыптастыруға мате­ма­тикалық әдістерді пайдалану арқылы ұтымды түрде анықтауға арналған. Кезінде бұл жұмыстардың көпшілігін респуб­ли­каның Жоспарлау комиететі қабылдап, бес­жылдық жоспарларға кіргізіп, іске асырып отырды. Олардың ішінде С.Байзақұлы орындап шыққан Бүкілодақтық «Интен­си­фикация-90» бағдарламасының 13 томдық Қазақстан бойынша жасалған жоба да болды.

С.Байзақов Одақ бойынша жүргі­зіл­ген ғылыми-техникалық прогресс және оның әлеуметтік-экономикалық әсерін анық­таудың ұзақ мерзімді бағ­дарламасының Қа­зақ­стан бойынша дайындалған үш томды­ғын жасауға да қатынасты. Ол сол кеңес дәуірінің өзінде-ақ экономиканы бас­қарудың өзіндік құралдары болуы керек­тігін, оларды экономикалық заңнамаларға сүйене отырып таңдау қажеттігін көрсетті. Бұл бағыттағы зерттеулерін С.Байзақов Одақ бойынша шығатын «Проблемы советской экономики» сериясы аясында екі монография түрінде жарыққа шығарды. Оның екеуі де қолданбалы математиканы экономикада дұрыс және тиімді пайдалану принциптері мен заңдылықтары жүйесінің болуы қажеттігін негіздеуге арналған болатын.

Осы секілді үзіліссіз жүргізілген зерттеулер Сайлау Байзақұлының өресін өсіріп, ғылыми мүмкіндігін молайта түсті. Ол өзі таңдаған бағытта жұмыс жүргізетін бүкілодақтық және республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың жетекшілері мен ғалымдарын танып-біліп, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға бару немесе шақыру мәселелерін шешті, аспиранттар мен ізденушілерді ұзақ мерзімге ғылыми сапарға жіберу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Әсіресе КСРО Ғылым академиясының Мәскеудегі Орталық экономикалық-математикалық институтының және Новосібірдегі ҒА-ның Сібір бөлімінің, Бү­кіл­одақтық мемлекеттік жоспар­лау ко­митетінің және одақтас республикалардың салалық ғылыми мекемелерінің белгілі ғалымдарымен ой бөлісіп, ақпар алмасып, дос-жарандық деңгейге жетті. Біразымен отбасылық қатынаста болып, дәм-тұздары да араласты. Олардың ішінде экономика ғылымдары бойынша 1975 ж. Нобель сыйлығының лауреаты атағын алған Л.Конторовичті, академиктер Н.Федоренконы, П.Хачатуровты, А.Аган­бегянды, А.Ищлинскийді, Н.Нек­ра­совты, Е.Барановты, С.Шаталинді, Н.Пет­раковты, А.Гранбергті, профессорлар М.Лемешевті, М.Албеговты, К.Багри­нов­скийді, В.Пугачевті, тағы басқа көптеген ғалымдарды айтуға болады.

Осы оқымыстылардың С.Байзақовты жассынбай, ғылыми мәселелерді тең талдап, әділ шешім жасайтындарын сол кезде онымен жиі араласқан экономист ғалымдар әлі күнге дейін айтып отырады. Бұл кездесулерге аспирант жастар да қатыстырылып, зерттеушілік шыңдалудан өткізіліп жататын.

Мұндай ғылыми тұрғыдағы еркіндікке Сайлау Байзақұлы өткен ғасырдың 60-80 жыл­дарындағы ғылым мен ғалымға арнал­ған Үкімет шешімдеріне, республиканың эко­номика саласындағы жетекші қызмет­керлері мен ғалымдарының риясыз жәр­демі мен қолдауына сүйене отырып жетті. С.Байзақов олардың қатарында М.Исае­ваны, Н.Күзембаевты, Е.Түркебаевты, С.Жан­досовты, К.Ке­тебаевты, К.Абдуллаевты, Г.Са­ғымбаевты, Г.Мұхамедрахимовты, Ж.Әбу­тәліпұлын, К.Тұрысовты ерекше ізеттік­пен атайды.

Ол өзінің бала кезінен есейгеніне дейінгі әкесі соғыстан оралмай, жетім өскен кезінде қамқорлық жасаған ауыл ақса­қалдары Қонқас, Сұлтан, Хайдар, Ахмет, Медетбай, Жүсіп, Жұныс, Әмір­хан, Сыздық, Байжан, Байсары, Әмір­жан­ды; әжелері Ләтай, Тәжі, Ағайша, Бодаш, Рәйша, Жұмагүл, Бәтен, Шәрипа, Биған­ша, Бикен, Күлнәзияны; мектепте сабақ берген мұғалімдері Б.Шалғынбеков, С.Нұр­ханов, С.Омарбеков, Ғ.Әмірханов, К.Әлма­ғам­бетов, А.Кәрібаевті; ҚазМУ-дегі оқытушы­лары К.Персидский, А.Закарин, Х.Ибра­шев, Ш.Еникеев, О.Жәутіков, Б.Жаңбыр­баевты; АХШИ-дегі атақты экономист ға­лымдар С.Бәйішев, Т.Әшімбаев, А.Тілеубердин, Т.Төлебаев, М.Бутинді аса құрметпен еске алады.

С.Байзақов өзіне артқан сенімді ақтап, жүктелген міндетті абыроймен орындап шықты, ғылымның жаңа бағытын орнықтырып, өз мектебін ашты. Білім мен ғылымның С.Байзақов өмір бойы айналысқан бұл бағыты күнделікті тәжірибеде «есептеу математикасы», «кибернетика», «қолданбалы математика», «эконометрия», «информатика» деп те атала береді. Бірақ бәрінің жалпы түсінігі бір. Бұл ғылымда қолданылатын негізгі құралдар мен аспаптар аз уақытта ерекше ғылыми-техникалық өзгерістерден өтті. Олар алпысыншы жылдарда логарифмдік сызғыш пен құлақты арифмометрден тұратын. Кейінірек бірнеше қабат үйге зорға сыятын алып есептегіш машиналарға айналды. Мезгілі жеткенде столда ұстайтын, дорба немесе қалтаға салып жүретін шағын компьютерлерге ұласты. Ал ғылымның бұл бағыты болашағын болжауы оңайға түспейтін ерекше сала болып шықты. Оны алда ғажайып өзгерістер мен мүмкіндіктер күтіп тұр. Олар кезінде қолданбалы математика арқылы табылатын өндірістердің оптималды шешімдерінен анағұрлым күрделі – «электронды үкімет» бағдарламасын жасау, одан әрі «Қазақстанды сандандыруды» іске асыру, тағы басқалар.

С.Байзақов бұл бағыттардағы заман талабына сай ғылыми ізденістермен әлі нәтижелі түрде айналысып келеді. Оның осы саладағы елеуі еңбегін академик Ө.Сұлтанғазин бұдан 30 жыл бұрын былай бағалапты: «С.Байзақов аумақтық экономиканы дамытудың жүйелі модельдерін құру, қоғамдық өндірістер мен шаруашылық тетіктерінің тиімділігі теориясын зерттеу бағыттарында ойдағыдай жетістіктерге жеткен белгілі ғалым. Ол халық шаруашылығын жоспарлау мен басқаруды экономикалық-математикалық әдістер арқылы жетілдіруге үлкен үлес қосты, республикада бұл ғылым саласын жоғары деңгейге көтерді».

С.Байзақовтың шығармашылық шабытын еліміздің нарық экономикасына көшуі мен ашық халықаралық байланыстар орнатуы және интернет жүйесінің игерілуі еселей түсті. Соның арқасында оның ғылыми зерттеулері жаңа деңгейге көтерілді.

Ол нарықтық қатынастардың алғашқы қиындықтарына тұрмыстық тұрғыдан мән беріп жатпады. Оны бұл өзгерістер орасан әлеуметтік-экономикалық проб­лема ретінде қызықтырды. Сондық­тан С.Байзақов респуб­лика экономика­сын дағ­дарыстан шығару амалдарын іздестірді, оны нарықтық қатынастарға көшіру жол­дарын зерттеді, құнды қағаздар на­рығын дамытудың тұжырымда­ма­сын жасауға, ұлттық экономиканы рефор­малауға бағытталған «Қазақстан-2030» Стратегиясы секілді бірнеше бағдарламалар мен жобаларды дайындауға белсенді әрі жүйелі түрде қатынасты.

Сонымен қатар ол өзінің бай ғылыми-ұйымдастырушылық тәжірибесін ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуге, ғылыми кадрлар даярлауға шебер пайдаланды. Оның ғылыми жетекшілігі мен кеңесшілігі, редакциялық немесе математикалық модельдер құру бойынша жасаған нақты жәрдемінің арқасында 100-ге тарта жас ғылым кандидаты, ал ғылым кандидаттарының 30-ға жуығы ғылым докторы атағын алды.

С.Байзақов 200-ден астам ғылыми мақалалар мен брошюралар, ғылыми жинақтар мен монографиялар шығарды. Ол ғылыми ізденістерін педагогикалық жұмыстармен де ұтымды ұштастырды. Жоғары оқу орындарында сабақ берді. Бұл жұмысты С.Байзақов Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформалар комитетінің бас сарапшысы (1994-1995) кезінде де тоқтатқан жоқ.

Ол оқытушылық тәжірибесін Үкімет жанындағы Мемлекеттік қызметкерлер біліктілігін көтеру институтының ректоры (1996-1999) кезінде кеңінен іске жаратты. Оның оқу процесіне қажетті методикалық әдістемелер мен оқулықтарын дайындап, аймақтық басқару жүйелерінде істейтін төрт жарым мыңнан астам мемлекеттік қызметкерді қайта даярлаудан өткізді. Аталған институтты жаңа Астанаға көшіруді ұйымдастырды, оның негізінде Мемлекеттік басқару академиясын құруға атсалысты, біраз уақыт институттың проректоры қызметін атқарды.

Сайлау Байзақұлы нарыққа өтер кез­дегі үзіліп қалған бұрынғы мемлекет­аралық ғылыми байланыстарды қал­пына келтіруге атсалысты. Ресейдің, Ук­раинаның, Өзбекстанның, Беларусьтің, Әзер­­байжанның, Қырғызстан мен Тәжік­станның экономика саласындағы ғалым­дарымен ТМД және Экономикалық даму және ын­тымақтастық ұйымы арқылы ортақ зерт­теулер жүргізді. Оның РҒА-сынның ака­демиктері А.Граберг, С.Глазьев, В.Макаров, Г.Попов, Н.Комков және Б.Больша­ковпен, Украина ұлттық ғылым акаде­миясының академигі В.Геецпен, Өзбек­станның атақты ғалым-экономистері, әкелі-балалы Зиядуллаевтармен, Әзербай­жанның белгілі экономистері А.Мамедов, К.Иманов, В.Валиев, Я.Гасанлылармен, олар басқарып отырған ғылыми мекемелермен байланысты ізденістерді бірігіп жүргізуге, ғылыми кадрлар даярлауға үлкен септігін тигізді.

С.Байзақов халықаралық дәрежеде нәтижелі өткізіліп жүрген Астана экономикалық форумдарының басты қолдаушылары мен дайындаушыларының, тұрақты баяндамашыларының бірі. Бұл форум жөнінде Астанадағы Экономикалық зерт­теулер институтының бұрынғы вице-пре­зиденті, профессор Токсанова: «Астана экономикалық форумын дайындау­дың алғашқы қиындықтары, осынау ха­лық­аралық маңызы үлкен шараны ойдағыдай өткізу экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик С.Байзақовтың белсенді түрде араласуына байланысты көп жеңілдеді... Біз осы форумның бастауында заманымыздың белгілі ғалымы, Қазақстан ғылымына, оны әлемдік деңгейге көтеру жолында баға жетпес үлес қосып жүрген Сайлау Байзақұлы тұрғанына куә болдық... Оның ғылымдағы абырой-атағы әлемдік деңгейдегі талай ғалымдардың Астанаға келуіне септігін тигізді», дейді.

Астана экономикалық форумына қатынасқан тағы бір ғалым – РҒА-ның Орталық экономикалық-математикалық институты директорының орынбасары РҒА мүше-корреспонденті А.Бахтизин С.Байзақовтың осы форумда қаралған ғылыми материалы жөнінде былай дейді: «Бесінші Астана халықаралық форумында (2012 ж.) G20 елдерінің форумына маңызды ұсыныстар енгізу бойынша ғылыми конкурс жарияланып, оған Нобель сыйлығының лауреаттары, көп мемлекеттердің бұрынғы және қазіргі үкімет басшылары, талай атақты ғалымдар қатынасты. Бірақ оның жеңімпазы академиктер С.Байзақов пен С.Глазьев бастаған ғалымдар тобы болып шықты. Олардың бұл ұсынысы Сайлау Байзақұлының әлемдік валюталық-қаржылық жүйені жетілдіруге бағытталған реформаларды арнайы модельдер құру арқылы талдай отырып жүргізу туралы жұмысына негізделген болатын. Бұл зерттеу жаңалығы мол, нағыз тосын шешімдерге жол ашатын ұсыныс ретінде танылды, ал мен оны С.Байзақовтың кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық қаншама ғылыми жетістіктерінің өзім куә болған кішкене ғана бір бөлігі деп түсіндім».

Оның соңғы кездердегі әлемдік дең­гейде жиі қайталанып жүрген қаржылық-эко­номикалық дағдарыстар мен ағымдар туралы пайымдаулары және оларды басқару тұрғыларына берген бағалары өте құнды. Осы бағытта жарық көрген бір топ шетелдік әдебиет көздерін жан-жақты талдау нәтижелері, жасаған қорытындылары мен ұсыныстары, оларды эконометрикалық әдістер арқылы анықтау мен болжау мүмкіндіктерін қарастырған зерттеу жұмыстары қазіргі экономика ғылымына қосылған үлкен үлес. Оларды С.Байзақовтың «Әлемдік бәсекелестік: экономикалық индикаторлары мен талдау әдістері» (2007), «Экономикалық индикаторлар өзгерісін жүйелі түрде талдаудың қолданбалы әдістері» (2008), «Әлемдік валюталық-қаржылық жүйені жаңартудың экономикалық тұжырымдамасы» (2009), «Факторлық өнімділік жиынтығы – әлемдік валюта өлшемінің негізі» (2010), «Макроэкономикалық қайшылықтарды табудың негізгі модельдері: Кейнс пен монетарлық үлгілерден Манделл мен Флеминг үлгілеріне дейін» (2014), «Столерю қармақшасы және оның өмірлік мәнін анықтау» (2015) және басқа еңбектерінен көруге болады.

С.Байзақовтың соңғы зерттеулері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып жатыр. Ол 2015 жылы Батыс өңірінің экономика ғылымын негіздеген Оксфордтың академиялық одағының мүшелігіне экономиканы басқару технологиясы бойынша өтсе, биыл (2017) өскелең Шығыстың әлемдік мемлекеттік емес ұжымдарының академиялық бірлестігінің (Баратпур қаласы, Үндістан) осы бағыттағы сертификатын иеленді.

Сайлау Байзақұлының ғылым жолындағы еңбегі жөнінде Халықаралық экономистер одағының президенті, бұрынғы Мәскеу қаласының мэрі, профессор Г.Попов пен осы Одақтың бас директоры В.Красильниковтің пікірлері мынадай: «Сайлау Байзақұлы Байзақов – ұлы ғалым және белгілі экономист, оның ғылыми ізденістерімен Қазақстанның ғана емес, онымен тығыз қарым-қатынастағы басқа елдердің де бірнеше экономикалық бағыттарының пайда болуы, тұрақтанып дами түсуі тікелей байланысты. Сайлау Байзақұлы баршаға өмірі өнегелі азамат, ғалым және мемлекет қайраткері ретінде үлгі. Ол ерекше құрметтің, үлкен абырой мен сенімнің иесі. Ұлы Екатеринаның «өзінің жеке басының пайдасы үшін немесе бойында бар қабілетін мақтаныш ретінде паш ету үшін емес, тек қана Отанына пайда әкелу үшін тырысып, өзін қаншама азапқа салатындар болады» деген сөзінің осы Сайлау Байзақұлы сынды адамдарға арналғаны анық».

Ал Өзбекстан азаматы, РҒА-ның Нарық проблемалары институтының бас ғылыми қызметкері, профессор З.Зиядуллаев ғы­лым­дағы замандасы С.Байзақұлы туралы ойын мынадай сөздермен білдірген: «Мені Сай­лаудың ерекшелікке, сабақтастық пен үн­дес­тікке толы зерттеулері, ұйымдасты­рушылық таланты мен терең талдағыштығы, әділдігі мен адалдығы, күрделі мәселелердің мәнін тез түсініп, жеке фактілер артындағы үлкен құбылыстар мен заңдылықтарды байқағыштығы талай таңдандырды.

Сайлау Байзақұлы – қазіргі экономика ғылымдарының зор мақтанышы және жаңа аумақтық экономистер мектебінің негізін қалаушы ғалым. Тәуелсіз Қазақстан жастары С. Байзақұлы сияқты ғалымдарды білуі әрі олардан өнеге алуы абзал».

Сайлау Байзақұлының жоғарыда көрсетілген және ТМД елдерінің кәсіптес көрнекті ғалымдары жоғары бағалаған ұшан-теңіз шығармашылық табысы мен ғылыми нәтижелері өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Сондықтан оның өмір жолы мен білім, ғылым саласындағы зор еңбегіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзі шығаратын «Өнегелі өмір» атты дәстүрлі кітап сериясының бір нөмірін арнады. Өйткені бұл серия Қазақстанның білімі мен ғылымында, мемлекеттігінің нығаюы мен қоғамдық дамуында елеулі орны бар тұлғаларды жүйелі түрде зерделеп, үлкен ғұмырнамалық портреттер галереясын жасауға бағытталған. Біздің университеттің жалпыұлттық бұл шешімін республика жұртшылығы жақсы қабылдады. Себебі ол бас универсиеттің еліміздегі білім мен ғылым аясындағы ерекше орнын айғақтай түсетін болады. Оған қоса Қазақстан зиялыларының алдыңғы легінің өз заманында қандай мақсат-мүддеге күш-жігерін, ақыл-ойын, тіпті бүкіл өмірін сарп еткенін, нендей нәтижеге жеткенін, оның жолында қандай қиындықтардан өткенін жазба түрде кейінгі ұрпаққа жеткізу – университет тарапынан жасалған үзілмес арқау, тарихқа алтын әріппен жазылатын баға жетпес жалғастық пен құндылық.

Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі