Қазақтың қай өңірі, қай топырағы болсын киелі. Алматыдан алпыс шақырым жерде орын тепкен Жамбыл ауданына табанымыз тигенде осы сөз ойымызға тағы да бір оралды. Ежелден ақындар мен батырлар елі саналып, Сүйінбай мен Жамбыл, Нұрғиса мен Есенқұл сияқты алыптарды түлеткен киелі топырақ келген жанға құшағын кең ашады. Ел өміріне етене жақын «егемендіктер» баспасөзге жазылу науқаны аясында баурайынан бақ, байлауынан ат кетпеген аруақты мекенге арнайы барып, Жамбыл ауданы жұртшылығының жай-күйімен танысып қайтқан еді.
Бұл өлкеге табаны тиген адам ең әуелі жыр алыбы Жамбылдың мұражайына бас сұғып, әруағына құрмет көрсетпей кетпейді. Бізде осы дәстүрден жаңылмадық. Айналасы ат шаптырым аумақта орын тепкен Жамбыл атамыздың өзі тұрған еңселі үйі әдемі музейге айналған екен. Дәл осы аулада бірі жырдың, бірі сиқырлы саздың жампозы қос алып Жамбыл мен Нұрғисаның сүйегі жатыр. Алыптар аруағына құран бағыштап дұға оқығаннан кейін музей ішіне ендік. Бізді бұл жерге Алматы облысының құрметті азаматы, белгілі журналист Күмісжан Байжан мен Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев бастап барды. Мұражайға кіре сала көңілімізді ерекше күйге бөлеген бір жағдай Жамбыл ақынның туған немересі алдымыздан шығып қарсы алғаны болды. Газетіміздің ардагері, осы ауданның тумасы Гүлзейнеп Сәдірқызы бағанадан бері музей ішін аралатып жүрген Жәкеңнің кіші баласы Тезекбай атамыздың қызы Салтанат Жабаева екенін айтып ресми түрде таныстырды. Ақынның тікелей ұрпағы ата аманатын көздің қарашығындай сақтап, музейде қор сақтаушы қызметін атқарады екен. Күміспен күптелген құран, ер, төрт өрме қамшы, Түрікмен жазушылары сыйға тартқан зерлі шапан, домбыра, фарфор ыдыстар мұражайдағы құнды жәдігерлер санатында. Оған қоса ақынның тұрмыста тұтынған заттары, тыныққан төсегі мен отырған орындықтарына дейін орнында тұр. Бұл жерден алған әсеріміз, көргеніміз бен түйгеніміз бір үлкен мақалаға сұранып-ақ тұр.
Бойымызды осындай сезім билеп, Жамбыл ауылының жұпар ауасын құшырлана жұтқаннан осындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке ат басын бұрдық. Газетіміздің Алматы бөлімшесінің қызметкерлері жас шәкірттерге ілтипатын білдіріп, ақ тілегін арнай отырып мектеп кітапханасына басылым ұжымы атынан «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен жарық көрген Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» кітабын тарту етті.
Ауданның тыныс-тіршілігі ең алдымен экономикалық әлеуетінен көрінеді. Жұрттың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы. «Тоқымдай жерде тоқсан түрлі шөп өсетін қызырлы даланы мекендеген жұрттың аузы ақтан ажырап көрген жоқ» дейді ауыл ақсақалдары. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айында ауданның ауыл шаруашылығы саласы бойынша 43 млрд 575 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,9 пайызды құраған. Осының нәтижесінде аудан дәнді дақылдарды, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруде және мал басының саны бойынша облыста алдыңғы орындардың қатарынан көрінген. Атап айтқанда, қой мен ешкі өсіруден бірінші, ірі қара, жылқы және түйе өсіруден екінші, құс саны бойынша бесінші орынға тұрақтаған. Осы және өзге де жетістіктер туралы «Егемен Қазақстан» газетінің журналистерімен кездесуінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев кеңінен айтты.
– Бүгінгі күні ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 3497 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Маусымаралық уақытта Алматы қаласы мен аудан халқын көкөніспен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 8,6 га құрайтын 8 жылыжай жұмыс істеп, жыл бойы 1131 тонна өнім өндірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қазіргі таңда елімізде еңбек етем деген адамға барлық жағдай жасалған. Көптеген заманауи технологияларды пайдалана отырып ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған нысандар іске қосылды. Соңғы жылдардың өзінде ауданымызда үш бірдей іргелі білім ошағы бой көтерді. Осынау киелі топырақтан қазақ халқына қызмет ететін әлі талай марғасқалар шығуы тиіс, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.
Сөз арасында аудан басшысы тарихы тереңде жатқан ел газеті «Егеменге» ерекше құрметпен қарайтынын, ел өмірінде бұл басылымның алар орны ерекше екенін айтты. Сондай-ақ ауданның құрметті қариясы, Жамбыл аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Әскербек Абаев ақсақал да «Егемендегі» елеулі өзгерістерді тілге тиек ете келе: «Соңғы уақыттары ғасырлық тарихы бар басылым мазмұн жағынан да, мән-маңызы жағынан да тың тыныс алып келеді. Басылым басшысы Дархан Қыдырәлі бастаған үлкен ұжым Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда табандылық танытып отыр. Ел тарихында «Егемен Қазақстан» газетінің орны қашанда бір төбе», деп ризашылығын білдірді.
Сапар барысында аудан ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен жолығудың да реті келді. Қанша жылдан бері осы мекеннің тыныс-тіршілігінің айнасы болған «Атамекен» газетіндегі қаламдастарымызбен қауышып кездесу соңы ән мен жырдан шашу шашылған рухани кешке ұласты. Халықтың басылым тарапына айтылған жылы лебізін біздің газетке ғана емес, жалпы қазақ баспасөзіне деген құрметі деп түсіндік.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ