Таяуда Қарағандыда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде алтыншы мәрте өткізіліп отырған қазақтың қаһарман ұлы Жұмабек Тәшенов жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» анықталды. Бәйгенің басында келген Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ұстазы, талантты ақын қыз Айзада Рахымжанова болды.
Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сәйкес биылғы кештің қадірлі қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман болды. Одан өзге руханият жанашыры Рымбала Омарбекова бастаған ел ағалары бәйгетөбенің сәнін кіргізіп отырды. Рымбала Кенжебалақызы тек қана көрермендер қатарында отырмай, жас қаламгерлерді ынталандыру мақсатында даярлаған сый-сыяпатын қоса әкеліпті. Осынау игілікті іс-шараның өткізілуіне белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов мұрындық болды. Бір айта кетерлігі, аталмыш жыр мүшәйрасының жеңімпазын сайысқа қатысушы ақындардың өздері бір-біріне дауыс беру арқылы анықтады. Осы ретте біз алты жыл бойы арқа ақындарын ардақтап, Жұмабектей асыл ердің атын асқақтатып жүрген жаны жомарт кәсіпкер, шаруа демеушісі Сапар Ипкеев мырзаны айта кеткеніміз жөн. Кәсіпкер мүшәйра қорытындысына сәйкес, жыр бәйгесінде жеңіске жеткен Айзаданың жақын уақытта жыр кітабын жарыққа шығарып беретін болады. Сондай-ақ «Сыршыл ақын» аталымына ҚарМУ-дың студенті, жас ақын Ерік Нарын ие болды. Ал «Жылдың үздік жазушысы» аталымына Бекзат Алтынбек есімді жас жазушы лайық деп танылды. «Жылдың үздік қайраткері» аталымын журналист, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек еншіледі. Ал «Жылдың үздік айтыскер ақыны» Нұрмұхамед Байсүгіров болды.
«Бұған дейін де өзімнің жылы сөзімді жеткіздім. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Жасанды дүние емес, шын көңілімнен айттым оны. Поэзияда бұрылыс жасау деген болашағынан зор үміт күттіретін ақынның ғана қолынан келеді. Сондай бұрылысты мен Айзаданың жырынан көрдім. Қанатың талмасын, айналайын», деп тілегін білдірді Жүрсін Ерман.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы