• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Желтоқсан, 2017

«Торпедо» хоккейшілері балаларға сыйлық таратты

367 рет
көрсетілді

Өскемендік «Торпедо» хоккей клубының ойыншылары мен жаттықтырушылары облыс орталығындағы Ана мен бала орталығына арнайы барып, мұнда емделіп жатқан балаларды ерекше қуанышқа бөледі. 

Хоккей клубының бастамасымен, «Қазцинк» ЖШС-інің ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шара барысында Евгений Рымарев, Александр Шин, Леонид Метальников, голландиялық легионер Майк Далхьюзен сынды ойыншылар 150 балғынға тәтті-дәмділер мен ойыншықтарды тарту етті.

Команда жаттықтырушысы Руслан Ревякин Б.Александров атындағы Спорт сарайында жұмсақ ойыншықтарды жинау шарасы ұйымдастырылғанын, қайырымдылық акциясына қала тұрғындары белсене атсалысқанын айтады. «Балаларға шаттық сыйлаудан артық бақыт жоқ шығар. Игі дәстүрдің жалғасын тауып жатқаны қуантады», - дейді ол.

Жаңа жыл қарсаңындағы игі шара барысында хоккейшілер бірнеше бөлімдерді бір сағатқа жуық ерінбей аралап, жүруге, сөйлеуге шамасы келетіндерге сыйлықты өз қолдарына табыстап, операциядан шығып, тынығып немесе операция жасалып жатқан балғындардың сыйлығын төсектеріне қалдырды. «Орталықта ем алып жатқан барлық балалар мен олардың ата-аналары дән риза. Дәрігерлер мен медбикелер балғындардың тез сауығып, қатарға қосылуы үшін аянып жатқан жоқ. Акцияны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», - дейді Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбеков.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»