• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Желтоқсан, 2017

Биыл 8 672 отбасы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспаналы болды

292 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін тағы бір жылды есендікпен шығарып саламыз. Аман­дықпен табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мыңдаған салымшысы үшін қоныс тоймен бас­талады. 

Биыл «Нұрлы жер» бағдар­ламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 8 672 пәтерлі 145 үйді пайдалануға берді. Құрылыс әлі де жалғасуда. Мұнан бөлек келесі жылы 100 көп пәтерлі тұрғын үй мен 400-ден астам жекеменшік коттедж иелерін табады. Оңтүстік Қазақстан облысында – 1 630 пәтер, Қостанай облысында – 1 260 пәтер, Маңғыстау облысында 1 068 пәтер иелерінің «өз үйі, өлең төсегі» болады.

Егер «Нұрлы жер» бағдар­ламасы алты бағытты қамтитын болса, соның көп бөлігі Қазақ­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қатысуымен жүзеге асып отыр. Қолжетімді, шар­шы метрі жеңілдетілген баға­мен берілетін баспанаға қол жет­кізу үшін алдымен банкке салым­шы болып, алғың келген пәтер құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Бұл мемлекет­тік бағ­дарламаға қатысушы 5 пайыздық жеңілдікпен берілетін заемға иек арта алады. Бұл жерде баспанаға мұқтаж адамдардың мүддесі үшін жергілікті әкімдіктер жұмыс істеп, мердігер компанияларды іздес­тіріп отырғанын айта кету керек. 

Қысқасы, аяқталып келе жат­қан 2017 жылдың көрсеткішіне көз салсақ, биыл 8 672 отбасы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы армандаған жеке пәтерлеріне кірді. 

Баспаналы болудың қадірін, жылдар бойы әркімнің пәтерін жағалап, жалдап жүргендер жақсы біледі. Тапқан жалақының да көп бөлігі осыған жұмсалатыны белгілі. Үй болмаса күйдің де болмайтынын баяндап отырудың өзі артық. Мұндай жағдайда ең керегі де тәуекел мен тұрғын үй құрылыс жүйесіне сенім арту. 

Мәселен, биыл бес баласы­мен жаңа жылды жаңа үйде қарсы алған Ақтөбе облысы Қараой селосындағы Амангелді Ысмағұловтың да оқиғасы баспаналы болуды көксеп жүрген көбіміздің жағдайымызға ұқсас. 2013 жылы бұл отбасы Қазақ­стан­ның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы депозит ашып, ай сайын 50 мың теңгеден салып отырған. Биыл олар Ақтөбе қала­сынан 2 бөлмелі пәтерге қол жет­кізді. Әрине, осы аралықта олар­дың үлкен балалары студент болып, ірі қалаларға оқуға кетсе, қал­ғаны үшін осы үй де – құт. Ысма­ғұловтар несиені 6 жылға алған, енді айына 60 мыңнан төлеп отырады. Бұл – аймақтардағы бір ғана мысал.

– 2017 жылдың басында ТҚЖБ жүйесінде 700 мыңға тарта салымшы болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1 миллионнан асып, олардың салымдары 492 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде 32 мың келісімшартта салынып жатқан үйлерден сатып алуға қажетті пәтердің 30 пайызы, яғни 172 миллиард теңге жинақталды. 2017 жылы 181 млрд теңгенің заемы беріледі деп жоспарланса, іс жүзінде 256 млрд теңгеге 37 мың заем беріліп, жылдық жос­пар 141 пайызға орындалды, – деп мәлімдеді Астанада өткен бифингте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры-басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаев. 

Еті тірі қазақстандықтардың мұндай құлшынысы ТҚЖБ жұмысын айтарлықтай жандандырып, ендігі жерде банк 1 мың келісімшарттың орнына күніне рекордтық 2,5 мың келісімшартты ресім­деуге көшті. Және салым­шылар саны айтарлықтай көбе­й­геніне қарамастан, банк өз қыз­меткерлерінің штаттық бірлігін сақтап қалды. Бұл авто­мат­тан­дырудың арқасында болып жатыр. 

Мәселен, онлайн-банкингті қазір 300 мыңға жуық салымшы қолданады. Яғни онлайн арқылы жинақтарын қадағалап, қосыл­ған сыйақыны көріп, депозитті толықтырып, несиелерін санаулы секундтарда жауып отырады. Қазпошта, «е-gov.kz» порталы, Qiwi, Paypoint төлем терминалдары, екінші деңгейдегі банктер мен басқа да байланыстың балама арналары арқылы биыл Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1 млн 120 мыңның төлемі жасалған. Бұл қызметтердің басым бөлігі комиссиясыз жүреді. 

– Сондай-ақ күзде біз «Бас­пана.kz» жылжымайтын мүлік порталын қосып, «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық нысандарын біріктірдік. Бұл үйлердің фотосуреттері мен жобасын көрсететін жай ақпараттық сайт емес. Порталдан салымшылар өзі таңдаған пәтеріне бірден өті­нім бере алады. Егер өтінім мақұл­данса, салымшы банкке тек келісімшартқа қол қою үшін ғана келеді. Бұл біздің «Цифрлы Қазақстанды» дамытуға қосқан үлесіміз, – дейді ҚТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

Білу маңызды. Егер оқырман есінде болса, былтыр жыл аяғын­да Қазақстанның тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі әр салым­шының депозитіне 20% мем­лекеттік сыйлықақы қосылатынын мәлімдеп, оның жай-жапсарын түсіндірген-ді. Ендеше жинақтал­ған қаражатқа қаражат болып үстемеленетін бұл сома биыл да салымшыларға беріледі. Бұл сый­лықақы 200 АЕК-тен, яғни 453 800 теңгеден аспайтын салымның сомасы бойынша есеп­те­леді. Мысалы, сіз бір жыл нәти­жесінде шотыңызға осындай ақша салсаңыз, депозитіңізге мем­лекет тарапынан ең жоғары 90 760 теңге көлеміндегі сыйлықақы беріледі. Ең бастысы, салымды 29 желтоқсанның жұмыс күні аяқталғанша толықтырып үлгеру керек. 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ