Елбасының жыл сайынғы жолдаулары әртүрлі мазмұнда болғанымен мақсат-мүддесі айқын, ел бірлігін сақтау, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу, жақсы өмір сүру жолдары сияқты озық ойларға жетелейді. Жолдаулар әр іске бастамашы, ұйытқы бола білуде. Биылғы жаңа құжат еліміздің индустриялық-инновациялық жолмен дамуының нақты бағыттарын көрсетіп беріп отыр. Осыған орай, алғашқылардың бір болып, Елбасы “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын еліміз аумағында кең ауқымда насихаттау, түсіндіру жұмыстарына партия кірісіп те кетті. Павлодар облысында қатарында 55 мыңға жуық нұротандықтар біріккен еліміздегі ірі партиялық ұйымның бірі жұмыс істейді. Осы “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында өткен жиынды ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осы тарихи құжатта айтылған әрбір істі, әрбір міндетті абыроймен атқару баршаның басты міндеті екенін атап өтті. Одан әрі ол Елбасы Жолдауының мәні мен маңызына тоқталып, құжаттың барлық қазақстандықтар тарапынан кең қолдау табатынына сенім білдірді. Форумда елдің өркендеуін көздейтін құжаттың өміршеңдігі бұл Жолдау ел болашағының бағдарламасы, алдағы атқарылар жұмыстың сара жолы деген пікір білдірілді.
Біздің еліміздің бүгінде аса бір маңызды тарихи кезеңде тұрғанын жас та, кәрі де жақсы біледі. Сондықтан олар Елбасы бастамаларын әрқашан қолдайды. Алдағы онжылдыққа арналған экономикалық дамуымыздың жолын айқындап берген бұл құжаттың келешегімізді кемелдендіре түсеріне дау жоқ. Болашаққа деген сенімдері арта түскен отандастарымыз “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты тың құжатқа қызу қолдау көрсетуде. Бұқараға кең ауқымда насихаттау, түсіндіру шарасына “Нұр Отан” ХДП осылай жол бастап берді.
Форумды өткізуге облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев басқаратын облыс әкімдігінің бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Мұның да өзіндік себебі бар. Елімізде жүзеге асырыла бастаған 162 индустриялық-инновациялық жобаның 12-сі біздің облыстың еншісінде. Өңір тұрғындары мен еңбекшілерінің ықыласы ерекше екенін айта келе облыс әкімі Президент бастамаларын барлық қазақстандықтар сияқты павлодарлықтардың да қызу қолдайтынына зор сенім білдірді. Ал, Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысшысы Медет Дүйсембаев жас мамандарға Үкімет тарапынан жасалынып жатқан қолдауларға ризашылығын білдірсе, “Ауыл” партиясы облыстық филиалының өкілі Рымтай Шөкеев саяси партиялар мен ұйымдардың үнқатысуына жол ашқан Елбасының ұсынысы көңілінен шыққанын жеткізді. Жиналғандар алдында алдыңғы қатарлы өндірістік кәсіпорын жұмысшылары, білім және денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері, “Жас Отан” Жастар қанаты өкілдері де сөз сөйледі. Атап өтерлігі – барлығының пікірі бір арнаға тоғысып, бұл Жолдаудың болашаққа бағдар беретіндігін, соның аясында атқарылар жұмыстың жетекші құралы болатындығын паш етті.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
КАДРЛЫҚ САЯСАТТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ЖАСТАРДАН БАСТАЛАДЫ
“Жас Отан” ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев пен “Болашақ” қауымдастығының атқарушы директоры Жанна Төлегенованың қатысуымен брифинг өтті. Онда республикалық “Жастар кадрлық резерві-2010” жобасы және оған жаңа үміткерлерді қабылдау барысы баяндалды.
Н.Өтешев аталған бастаманың 2009 жылдан жүзеге асырыла бастағанын, алғашқы жоба бойынша барлығы 900-ден астам үміткер қатысқанын атап өтті. “Солардың ішінде тест нәтижелері жоғары болған үміткерлер екінші кезеңге өткен. Мұнда олар Қазақстанды түрлі сала бойынша дамытуға қатысты өздері әзірлеген жобаларымен таныстырып, арнайы комиссия алдында қорғады. Сынақтан өткен 32 резервист Астана қаласында оқу курстарын оқығаннан кейін республикалық деңгейдегі түрлі мекемелерде тәжірибелерін шыңдады”, деді “Жас Отан” ЖҚ-ның атқарушы хатшысы.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылғы байқау ережелерінде сәл өзгеріс бар екен. Мәселен, аталған байқауға қатысуға үміт білдіргендер өткен жылдағыдай құжат тапсырғаннан кейін әр үміткерге арнайы портфолио жасалады. Онда қатысушының барлық жетістіктері көрсетіледі. Ал бұл көрсеткіштер жалпы рейтингке енгізіледі. “Олар 4 ай бойы рейтинг көрсеткіштерін жоғарылатулары қажет. Оның нәтижесінде ең жоғары рейтинг жинаған тек 1000 қатысушы ғана тестілеу кезеңіне жіберіледі. Тест қорытындысы бойынша ең жоғары көрсеткіштер көрсеткен үміткерлер арнайы құрылған комиссиямен әңгімелесуден өтіп, еліміздің түрлі саласын дамытуға арналған жобаларын қорғайды. Міне, осындай кезеңдерден өткен 300 қатысушы білім алу кезеңіне жіберіледі. Ал олардың ішінен ең жоғары рейтинг пен көрсеткішке жеткен 70 қатысушы республикалық деңгейдегі кадрлық резервке енгізілетін болады”, деді Нұрлан Өтешев өз сөзінде.
Тағы бір атап өтерлігі, байқауға қатысқан қалған 230 үміткер аймақтық деңгейдегі резервке қойылады екен. Олар кейін мемлекеттік қызметке, партия және қоғамдық ұйымдарға, әлеуметтік салаға, БАҚ-қа және бизнес саласына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Брифинг кезінде сондай-ақ, “Жастар кадрлық резерві-2010” жобасының Білім және ғылым министрлігінің қаржылық қолдауы және Қазақстан Республикасы Президентінің “Болашақ” халықаралық стипендиясы қауымдастығы негізінде жүзеге асырылғандығы айтылды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.