Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата Бюросының отырысы өтті.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс (қорғау), төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілетін болды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.
Сондай-ақ Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен бірқатар заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселелері қаралатын болды. Соның ішінде халықаралық келісімдерді бекітуді қарастыратын жаңа заң жобалары, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу бар, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.