Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және 12 аудандық газеттің басын біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингі ғимаратында белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш тақта ашылды.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын, аудармашы, балалар әдебиетінің өкілі Қайрат Жұмағалиев өмірінің соңғы кезеңін туған жері – Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласында өткізген еді. 2009 жылдан дүниеден өтер 2013 жылға дейін «Жайық Пресс» ЖШС-нда ардагерлер кеңесінің төрағасы, бас директордың кеңесшісі болып қызмет атқарды. Өңір жастарымен, оқу орындары студенттерімен, оқушыларымен үнемі кездесіп, тағылымды әңгімелерімен жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосты. Ақынның «Жарық дүние», «Кие» атты соңғы кітаптары да осы Орал қаласында дүниеге келді.
Биыл Қайрат Жұмағалиевтің туғанына 80 жыл. Ақынның дүниеден өткеніне төрт жыл болса да, Орал қаласында жыл сайын оның есімін ел жадында жаңғыртар шаралар жүйелі өтіп жүр. Қайрат Жұмағалиев атындағы ақындар мүшәйрасы дәстүрлі байқауға айналды. Енді міне, қаламгердің соңғы қызмет орнының қабырғасында «Бұл ғимаратта ақын Қайрат Жұмағалиев 2009-2013 жылдар аралығында қызмет атқарды» деген ескерткіш тақта орнатылды. Болашақта облыс орталығы көшелерінің біріне ақын есімін беру мәселесі де көтеріліп жатыр.
Бүгінгі шара – ескерткіш тақтаның ашылуына ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов пен «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мұрындық болған екен. Салтанатты оқиғаға арнайы келген ақынның жары София Нығметоллақызы тебірене сөз сөйлеп, қаламгердің рухына бағышталған құрметке ризашылық білдірді.
Ескерткіш тақтаның ашылуына ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сара Латиева, ардагер өлкетанушы Жайсаң Ақбай т.б. қонақтар қатысып, ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Студенттер ақын өлеңдерін жатқа айтып, әншілер «Анашым» әнін шырқады. Шара соңында ғимарат қабырғасында дастархан жайылып, арнайы пісірілген
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Орал
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ