• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Желтоқсан, 2017

Ерейменде сал-сері бар Сайлау деген...

1061 рет
көрсетілді

Биыл жазда жол түсіп, Ерей­меннің тау-тасын армансыз аралап, қасиетті жерлерге тәу етіп, асыл аруақтарға дұға оқып қайтып едік. Сол сапардағы бір олжамыз Сайлау Жылқыбаев деген жер­гілікті жампоз азаматпен танысуымыз болды десек артық айтпаспыз. 

Бұл өзі табиғат бір басына алуан өнерді үйіп-төгіп бере салған ақжолтай жігіт екен. «Көзіме бір көрінші Ерейментау» деп аңсап барған біздерге атамекеннің тарихынан ағыл-тегіл әңгіме тиегін жүрген жерде шым-шымдап ағыт­ты да отырды. Сыпайы, сырбаз. Кей тұстарда өзі де аңғармай арқал­а­нып та кететінін байқадық. Екі күн бірге болғанда жеті өнерді де жат көрмеген Сайлаудың ақын­ды­ғына, әуесқой сазгерлігіне, ән­ші­лігіне, суретшілігіне тәнті болдық.

Ерейментаудың Бозтал деген боз көделі ауылында туып-өскен бозбас суретші болғанда да нағыз кәсіби суретші екен. Абай атындағы ҚазПИ-дің көр­кемсурет-графика факультетін бітіріпті. Содан ұзақ жылдар ауы­лында ұс­таз­дық еткен, өнерін жас ұр­пақ­қа үйреткен. Облыстық, респуб­ли­калық байқауларда үздік мұғалім атанып, бас марапатқа ие болып, жүлделі орындарды еншілеген. 

Суретшілігімен қатар ақын­дық дарыны ашыла түседі. Туған жеріне арнаған, адал махаббатты аялаған, ізгілік пен адамгершілікті ардақтаған талай-талай жаһұт жырлар тудырады. Ақмола облысы мен республика көлеміндегі мүшәйраларда да бірде жеңімпаз, бірде жүлдегер болды. Сөйтіп Сайлау ақын ретін­де танылды. Өлеңдері көпте­­г­ен жыр жинақтарына кірді. «Боз­тал­да қалған қолтаңба» және «Құдіретпен тілдесу» атты өзі­нің жеке өлеңдер кітабы да жарық көрді. Осы кітаптарын өзі гра­фика­лық суреттермен көркемдеп безендіргені қандай десеңізші!

Сайлау сезімге бай, қиялы жүй­р­ік ақын. Сарыарқаның саф сама­лындай таза, аңқылдаған адал жүрекпен жырлайды. Аяу­лы аға, жазушы Дүкенбай Дос­жанов дәл бағасын бергендей... «бая­ғы Атымтай жомарт секіл­ді жан байлығын, жүрек жай­саң­ды­ғын жоғалтпай жүрген ақын­дары­­мыздың бірі әрі бірегейі – Сайлау ініміз. Адамның мұңын, шерін қозғайтын өлеңдері кісіге кере­меттей әсер етеді. Шерленіп, мұң­данып жүрген замандасын сілкіп оятып, жарыққа, жылы шуаққа шығарсам, көркейтсем дейді». Халқым бар менің – қазағым, қаным, Құрмет тұтатын бар тілім. Қаламмен әрлеп жазамын таңын, Тірліктің жырлап әр күнін.

Біздің Сайлау, міне, осындай үлкен жүректі, кеңінен толғайтын азамат ақын. Құстың қос қанатын­дай болып, ақындығына қоса сазгерлігі шарықтады, жыр туған жүректен бүлкілдеп ән де туды. Ол бүгінде көпшілік, әсіресе ерей­ментаулық қалың қауым сүйсіне қабылдаған 50-ден астам асқақ та айбынды, сырлы да сұлу әндердің авторы. Бозтал, Өлеңті, Ажы, Күн­шал­ған, Олжабай, Елтай, Жаңажол ауылдарына арнап әдемі әндер жазып, ол әсем әуендер халық арасына кеңінен тарады. Сөзі де, әні де өзінікі. Көпшілігінің орындаушысы да өзі. Гитарамен, домбырамен болсын шырқатып сала береді. Бір өзі – бір театр. Осындай өнерпаз Сайлау бауырымызды бүгінгінің сал-серісі демегенде не дейміз. 

Жақында Астананың төрінде, Ұлттық академиялық кітапхана­ның үлкен залында өткен «Жүре­гім – жыр, өмір – өлең, үнім – ән» атты шы­ғар­­­машылық ке­­шінде Сай­лаудың жыр­­­ларын жырғай тың­дап, әуеле­ген әндеріне елітіп, құлақ құры­шымызды қандыр­дық. Оның жырларында – елжанды рух, әндерінде заманға сай саз барына қуандық. «Олжабай батыр» әнінен ерлік дабысы естілсе, «Бөгенбай батыр» әні Ерейментау елінің гимніндей шалқар айдындарда шалқытады, көңілді зау биікке шарықтатады. «Ерейменім – сағынышым», «Беу, дүние», «Қаз қонған көл» әндері де адамды бір аңсарлы ізгілік нұрымен баурайтындай.

Сайлаудың тағы бір қыры елшілдігі, айналып қазығын табатын қазақы аттай жершілдігі, ел мен жердің тарихына құмар­лығы, жәдігершілдігі дер едік. Осы қасиеттері, әсіресе Ереймен­тау аудандық мәдениет және тіл­дер­ді дамыту бөлімінің бас­ты­ғы, Бөгенбай батыр атын­да­ғы аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры қызмет­терін­де жақсы танылды, жарқырап көрінді. Мұражайдағы қаншама экспозициялық қорды жасақтауға жанкешті еңбек сіңірді, ондағы ғылыми-зерттеу, насихат жұмы­сын жолға қойды. 

Ерейменде қанша жылдардан бері әдеби-мәдени, концерттік, ана тілімізге қатысты қандай да бір шаралар осынау алуан дарын иесі, арда азаматсыз өтіп көрген емес. Бәрінің басы-қасында Сайлау жүреді. Алқалы жиынды, думан-сауықты Сайлау көркейтеді. Салт-дәстүріміздің де шырақшысы болып кетеді. Қазақтың әр ауылында Ерейменнің өнерлі сал-серісі Сайлаудай азаматтар көбірек бола берсін, лайым. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»