Экономиканы нығайту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында еліміздегі табысты жүзеге асып келе жатқан іргелі жобалардың бірі – «Нұрлы жол» бағдарламасы дер едік.
Мемлекет осы бағдарламаны қабылдап, іске асыру арқылы қазірдің өзінде бір емес, бірнеше мәселенің басын қайырып отыр. Біріншіден, бағдарлама аясында автокөлік жолдары, шойын жолдар, көпірлер салынуда және қайта жөнделуде. Олардың ел ішіндегі қатынасқа оң ықпалын тигізіп жатқаны түсінікті.
Екіншіден, осы жолдарды салу арқылы халықтың үлкен бөлігі жұмыспен қамтылуда.
Үшіншіден, салынған жолдардың экономикамызға тигізетін мультипликативтік әсері де орасан зор болмақ. Мәселен, жолға кететін уақыт шығыны және жүктердің жеткізілуі мен оған кететін қаржы шығыны азаяды. Жол бойында тіршілік қайнай түседі. Қазақстанда қазіргі салынып жатқан магистральдар тек ел ішіндегі аймақтарды ғана емес, ел мен елді, жалғауға ықпал етеді.
Міне, осы тұрғыдан келгенде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың болашақ үшін пайдасы өте зор. Түбінде бұл іске болашақ ұрпақтар да алғысын білдіретін болады. Мәселен, кезінде Қазақстанда Түрксіб темір жолы тартылған кезде қазіргі адамдардың көпшілігі өмірге келмеген де еді. Ал біз оның қызығын әлі күнге дейін көріп келе жатырмыз, балаларымыз, ұрпағымыз да көре бермек. Ал енді сөз болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында қандай істер жүзеге асты? Осыған келейік.
Бағдарлама аясында 2010 жылдан бері республикалық маңыздағы жолдардың
5 мың шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғырды. Соның нәтижесінде аталған жолдардың 85 пайызының сапасы қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді. Соның ішінде елімізде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының салынғанын ерекше атап өтуіміз керек.
Енді 2017-2020 жылдар аралығында 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылатын болады. Осы мақсатта әзірленген 23 жобаның жалпы құны 1,7 трлн теңге тұрады. Бұл қаржының 356,2 млрд теңгесі биылғы жұмыстар үшін бөлінген еді. 1 қарашадағы мәлімет бойынша қаржының 223,6 млрд теңгесі игеріліпті. Игерілген қаржының тең жартысы Ұлттық қордан алынғандығын айтқан жөн. Сөйтіп «Астана – Қарағанды», «Орталық – Шығыс», «Бейнеу – Ақтау», «Орталық – Батыс», «Қапшағай – Талдықорған», «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы», «Орал – Каменка» бағытындағы жолдарды жаңғырту жұмыстары қызу жалғасын тапты. Нәтижесінде биылғы жылы жолдардың 602 шақырымы пайдалануға беріліп, қозғалыс ашылды.
Бағдарлама аясында өтіп бара жатқан 2017 жылы қолға алынған жаңа жұмыстар да аз емес. Атап айтсақ, республикалық бюджет пен халықаралық қаржы институттарынан бөлінген займдар есебінен бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында «Бейнеу – Ақжігіт», «Шортанды – Зеренді», «Таскескен – Бақты», «Қандыағаш – Мақат», «Күрті – Бурылбайтал», «Меркі – Бурылбайтал», «Талдықорған – Өскемен», «Жетібай – Жаңаөзен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Үшарал – Достық», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань», «Ұзынағаш – Отар», «Қостанай – Денисовка», Астананы оңтүстік-батысынан айналып өту жолдары бар. Бұл жұмыстарға 100 мыңға дейін адам тартылып, осыншама отбасы жол жұмыстары арқылы нәпақасын айырды.
Бұл – тек автокөлік саласындағы жүзеге асып жатқан шаруалар.
Енді, темір жол саласына келсек, «Алматы – Шу» бағытында ұзындығы 112,3 шақырым болатын жаңа жол салынуда. Оның құны 38,4 млрд теңге тұрады. Бұл жолдың 53 шақырымы былтыр іске қосылса, 59 шақырымы биылғы жылы пайдалануға берілді. Жол толықтай іске қосылған кезде онымен қозғалатын пойыздар саны қазіргі 17-ден 68-ге, бір тәулікте тасымалданатын жүк көлемі 66 мың тоннадан 265 мың тоннаға, жолаушылар саны 36 мыңнан 45 мыңға артып, жолға кететін уақыт шығыны 1,5 есе қысқармақ. Осылайша мыңдаған адамның уақыты үнемделіп, жолда жүру жағдайы да жақсара түспек.
Каспий теңізі арқылы жөнелтілетін жүк көлемін арттыру мақсатында Құрық теңіз портын дамыту ісі жалғасуда. Осының нәтижесінде бүгінгі күні Құрық портына салынған жаңа темір жолдың жаңа паром терминалында 1,2 миллион тоннадан астам жүк өңделді. Сонымен қоса осы портқа тартылған автокөлік жолымен жеткізілген жүктерді де тиеп-түсіретін жаңа терминал пайда болды. Осы шаралардың нәтижесінде порттың жылдық қуаты таяудағы уақыттың өзінде 7 миллион тоннаға жеткізілмек. Ал 2020 жылы Қазақстан теңіз порттарының жылдық жалпы қуаттылығы 27 миллион тоннаға өсетін болады.
Егер еліміздің экономикасын тірі ағзаға теңесек, инфрақұрылымдар дегеніміз қанды бүкіл денеге тарататын қан тамырлары секілді. Ал енді экономикадағы сол қан тамырлардың дұрыс жұмыс істей бастағандығын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек келтірген мына бір мәліметтің өзінен айқын аңғаруға болатындай: «Еліміздегі транзиттік тасымалдан түсетін кіріс 2016 жылы 267 млрд теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 1,3 трлн теңгеге жетпек. Сонда таяудағы үш-төрт жылдың өзінде ғана 5 есе өспек» деген болатын министр. Жүзеге асырылу үстіндегі «Нұрлы жол» бағдарламасының бізге беретін пайдасы осындай.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»