Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз көп. Жарқын көріністеріміз ішкі-сыртқы саясат пен экономикалық бағыттарда да баршылық. Бұл ретте бір ғана жетістікпен шектелу қиын. Ал енді жеке пікірім ретінде айрықша атап өткім келетіні, ол – шекарамыздың құқықтық тұрғыда шегенделуі.
Нақтылай түссек, Қазақстан көрші мемлекеттермен шектесетін жерлерінің барлығын да халықаралық талапқа сай шеңберде заңдастырып үлгерді. Яғни Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен өз шекарамызды анықтап, қажетті барлық келісімдерге қол қойып, құқықтық тұрғыдан реттедік. Мұны негізгі жетістігіміздің бірі ретінде санайтыным, бұл − елдің Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің мемлекеттік тұрғыда мойындалғандығын айқындайтын тетік.
Ал енді салыстырмалы түрде алар болсақ, мәселен, Кеңес Одағының өзі қандай алпауыт ел болса-дағы, Қытаймен арадағы шекараны құқықтық тұрғыда бір келісімге келіп, реттей алмады. Осы орайда, тәуелсіздігімізді алған соң уақыт созбай Қытаймен шекарамызды анықтауымыз үлкен жетістік. Сол сияқты Ресеймен де бұл мәселенің түбегейлі шешілгені көңілге демеу тұтарлық дүние. Орталық Азия елдерімен де шекара сызығымыз нақтыланған. Мұның бәрі де Қазақстанның іргелес елдермен мемлекеттік тұрғыда дамуына, саяси-экономикалық қарым-қатынастарды реттеуіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында жүйелі байланыстардың беки түсіп, барыс-келісіміз кемелдену үстінде деп айтуға толық негіз бар.
Әлемде шекара мәселесін әлі күнге шеше алмай жатқан талай мемлекет бар екендігін ескерсек, осы тұста Елбасымыздың ерен еңбегіне лайықты бағасын беруіміз керек. Мұны көрші елдердің басшыларымен саяси дипломатиялық қарым-қатынастарда салмақты сөз айтып, іскерлік қабілетін таныта білген Мемлекет басшысының қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында орын алған жетістік деп бағалауға болады.
Жуырда ғана біз Түрікменстанмен демаркация мәселесін шешуге бағытталған заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жібердік. Осы жерде демаркациялау жайына тоқталып өткім келеді. Өйткені, шекара мәселесінде демаркация және делимитация деген түсініктер бар. Делимитация дегеніміз, шекараны картада анықтап алу. Халықаралық тәжірибеде ең негізгі құжат осы делимитация мәселесі болып саналады. Ал демаркация техникалық процес болып табылады. Яғни жалпақ тілмен айтқанда, картада айқындалған сызықтар бойынша шекара сызығының түйіскен тұсында шекара бағандарын тұрғызып, сыналарды қағып шығу.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы