• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2017

ОҚО-да әр салада жемісті еңбек еткен азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясы табысталды

1154 рет
көрсетілді

Шымкент қаласындағы облыстық орыс драма театрында жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек еткен, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинацияларын тапсыру салтанаты өтті.

Шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев жыл бойы атқарған істі бағалап, сол жолда жемісті еңбек еткен азаматтар мен еңбек ұжымдарын 52 аталым бойынша марапаттап, құттықтады.

«Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы жылдан жылға өркендеп келеді. Бұл Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының және барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Елбасымыз өзінің рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп атап көрсеткен болатын. Сіздер өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістеріңіздің өрісін кеңейте білдіңіздер. Осы ізгі қасиеттеріңіздің арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандыңыздар. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жыл үздіктерінің қатарында сазгер Мұхтар Құралов «Жылдың үздік композиторы», айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков «Жылдың үздік ақыны»,  Дулат Тұрантегі «Жылдың үздік жазушысы», «Бөрте Милка» ЖШС-ның директоры Нұралы Әбішев «Үздік инновациялық жоба», «Петро Казахстан Ойл Продакс» ЖШС-ның директоры Цзян Ши «Жылдың үздік инвесторы» аталымын жеңіп алды.

Сондай-ақ,  Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев «Жылдың үздік суретшісі», «NAR TV» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбек «Жылдың үздік журналисі», Шымкент Университетінің аға оқытушысы Айжарқын Садықбекова  «Жылдың үздік ғалымы», Кентау қалалық №3 «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернатының мұғалімі Ғани Орынбасаров «Жылдың үздік ұстазы», Шымкент қалалық №2 облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнар Әлменова  «Жылдың үздік дәрігері», бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Жыл қорытындысымен үздік деп танылғандарға облыс әкімінің дипломы мен естелік кәдесыйлар табысталды.

Салтанатты жиын барысында сонымен қатар, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен «Собкор», «РАБАТ редакциясы» және «Dата» ЖШС-ның директоры Валентина Куликова, «Құрмет» орденімен «Иассы» консорциумының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев, «Облыстың Құрметті азаматы»  атағымен Досым Сүлеев,  Асылы Осман,  Серікжан Сейітжанов, Өмірзақ Мелдеханов, Орынбай Дайырбековтер марапатталды. Ал, «Облысқа еңбек сіңіргені үшін» медалі Жұмабек Есімовке табысталды.

Сондай-ақ, мерекелік шарада Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде жыл бойы ұйымдастырылған «Туған жер – алтын бесігім» облыстық фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені иемденген Төлеби ауданына газель автокөлігінің  кілті табысталса, алғашқы үштіктен көрінген Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандары жеңіл автокөліктерді иемденді. Сонымен бірге осы бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына Оңтүстік Қазақстан облысынан енгізілген азаматтарда қошеметке ие болды.

Салтанатты шара жергілікті өнерпаздар дайындаған мерекелік концертпен жалғасты.