«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы туралы баян
Жоспарлы жұмыс жетістікке жеткізеді
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, оның 2787 шақырымы біздің елдің аумағынан өтеді. Ал осы жобадағы Қызылорда облысының үлесі – 812 шақырым. Еліміздегі автомобиль жолдары саласын дамытуға негізделген мега-жобаны жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылы еліміз бойынша автобанның 417 шақырымдық құрылыс жұмыстары үшін 79,1 млрд. теңге бөлінсе, биыл екі есеге артты. Яғни, үстіміздегі жылы салынуға тиіс 850 шақырым жолға бөлінген 153 млрд. теңге мақсатты игеріліп жатыр. Халықаралық дәліз еліміз бойынша өндіріс орындары мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да жол ашты. Бүгінде 21 өндіріс ошағы мен 200-ге жуық кәсіпорындар ел экономикасына сүбелі үлес қосып отыр. Демек, олар айына 4,17 млрд. теңгеге қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.
Еліміз осы халықаралық жобаға қатысу мүмкіндігіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастық алдындағы беделі арқасында қол жеткізіп отырғандығын айрықша атап өткен жөн. Әлем экономикасында қаржы дағдарысы басталған тұста, автомобиль жолдары саласын дамытуға бағытталған жобаға 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуі тәуекелді іс еді. Ресей, Қазақстан және Қытай мемлекеттерін жалғастыратын автобан құрылысын қаржыландыруда үлесі басым Бүкіләлемдік банк өзінің 65 жылдық тарихында алғаш рет жол саласына осынша мөлшерде қаржы құйып отыр.
Облысымыз бойынша биыл 79 млрд. теңгенің жұмысын жүзеге асыру және 500 шақырым жол салу жоспарлануда. Күрежол құрылысы басталғалы бері 66,3 млрд. теңге игерілді. Жоба бойынша өңірімізде 5 бас мердігер компания жұмыс істеуде. Олар: «Салини» АҚ, «Аккорд Окан» біріккен кәсіпорыны, «Импреза» АҚ, «Азеркорпу» АҚ, «Тодини» АҚ. Аталған компаниялардың барлығы биылға жоспарланған жұмысты уақытында аяқтап келеді. Осы жоба бойынша аймақта 17 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Соның ішінде тікелей жол құрылысына 5140 адам жұмылдырылған. Ондағы 346 адам шетел мамандары болса, 3384 жұмысшы жергілікті жердің тұрғындары. Ал 1410 адам басқа облыстардан келіп жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа 11808 адам жол құрылысы материалдарын дайындайтын, автокөлік, темір жол көлігі және сервистік қызмет көрсету жұмыстарына жұмылдырылған. Жобаға үш мыңнан аса құрылыс техникалары тартылған. Сонымен бірге, 18 асфальт-бетон зауыты, 6 цемент-бетон зауыты және 13 тас ұнтақтау қондырғылары бар. Мердігерлерді темір-бетон бұйымдарымен Қызылорда қаласындағы «КСМиК» ЖШС, «Құрылыс» АҚ және Қазалы ауданындағы «Местоотряд-1» ЖШС қамтамасыз етуде.
Бүгінде облыс аумағындағы жұмыстар жүйелі және жоспарлы түрде іске асып жатыр.
Ерұлан ЖҮНІСОВ, Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Қызылорда облыстық департаментінің директоры.
Бұл жоба несімен құнды?
Тәуелсіз Қазақстан биыл өзінің азаттық алғанына 20 жыл толуын атап өтіп жатыр. Бұл ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі екені анық. Ел егемендігін алып, даму бағытымыз нарықтық экономикаға көшкеннен кейін мемлекетімізде мыңдаған мекемелер құрылды. Соның бірі – «Дорстрой» ЖШС 1996 жылы іргетасын қалады. Біздің компания биыл нарықтағы 15 жылдығын атап өтті. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жол құрылысы саласында жұмыс істедім. Қарапайым жұмысшыдан инженерге дейін көтерілдім. Дегенмен, 90-жылдардың басындағы тоқырау кезінде біздің мекеме де жабылып қалды. Сөйтіп, жұмыссыз қалдық. Содан жігіттер бірігіп, өз ісімізді қолға алуды жоспарладық. Соның негізінде осы «Дорстрой» компаниясы өмірге келген еді. Алғашында жұмыстың ірі-ұсағына қарамай істей бердік. Аула, ауыл жолдарын жөндедік. Өйткені, тәжірибе жинау керек еді. Сонымен қатар, өзіміздің біліктілігімізді де дәлелдеу алдымызда тұрды. Сөйтіп мұнай компанияларынан ұсыныстар түсе бастады. Кейіннен Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылысын қолға алдық. Солайша, жыл өткен сайын жұмыс ауқымы да арта түсті. Бүгінде біздің ұжымда 600-ге жуық адам жұмыс істейді.
2008 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы басталады деген шақта біз рыноктағы өз орнымызды тауып, тәжірибелі мекемелердің біріне айналған едік. Дегенмен, мамандардың жетіспеушілігі байқалды. Ойлана келе, мекеменің жанынан «Техмаман» қайта даярлау мектебін ашуды көздедік. Сол бойынша жол құрылысының мамандарын дайындадық. Осы күнге дейін «Техмаман» 800 адамды қайта оқытып шықты. Олардың барлығы жол құрылысы саласында еңбек етіп жатыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолына қатысты тендерлік жұмыстар 2009 жылы өтті. Әрине, жол құрылысын салуды шетелдік компаниялар жеңіп алды. Содан былтыр жұмыс басталғанда олар жергілікті жердегі мекемелерді өздеріне қосалқы мердігерлікке шақыра бастады. Біз италиялық «Салини» АҚ-пен келісім-шартқа отырып, жұмысты бастап кеттік. Қазіргі кезде Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының арасындағы 70 шақырым жолды салып жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз жұмыстың 65 пайызын аяқтап қойдық. Келер жылы өзімізге жүктелген міндетті толығымен бітіреміз деп отырмыз.
Бұл жоба несімен құнды? Ең алдымен біз халықаралық дәрежеде тәжірибе жинаймыз. Одан кейін өзіміздің кадрларымызды дайындаймыз. Мысалы, жол құрылысына біз жоғары оқу орындарын енді бітірген мамандарды тарттық. Олар осы бір жылдың ішінде 3 жылдық тәжірибе жинады десек, артық айтқандық емес. Техникалық базамызды да халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жасақтадық. Осы арқылы біз халықаралық автожол құрылысына тікелей қатысуға мүмкіндік аламыз. Алдағы уақытта шетелдік компаниялармен иық тіресетіндей жағдайға жетеміз деп ойлаймын. Бұл ел экономикасы үшін де, жекелеген компаниялар үшін де үлкен пайда болмақ.
Мұратбек ТІЛЕУЛИЕВ, «Дорстрой» ЖШС директоры.
Дерек пен дәйек
(Мердігер компаниялар бойынша жұмыстың орындалу көрсеткіші)
«Салини» АҚ
- Жол жамылғысы бойынша жылдық жоспар 175 шақырым. Нақты орындалғаны 130 шақырым.
- Негізгі қабатты орналастыру бойынша жылдық жоспар 150 шақырым. Нақты орындалғаны 128 шақырым.
- Жер жұмыстары бойынша жылдық жоспар 3056 мың м3. Нақты орындалғаны 1992 мың м3.
«Аккорд Окан» БК
- Жол жамылғысы бойынша жылдық жоспар 47 шақырым. Нақты орындалғаны 22,4 шақырым.
- Негізгі қабатты орналастыру бойынша жылдық жоспар 45 шақырым. Нақты орындалғаны 32 шақырым.
- Жер жұмыстары бойынша жылдық жоспар 2398 мың м3. Нақты орындалғаны 1735 мың м3.
«Импреза» АҚ
- Жол жамылғысы бойынша жылдық жоспар 25 шақырым. Нақты орындалғаны 4,3 шақырым.
- Негізгі қабатты орналастыру бойынша жылдық жоспар 22 шақырым. Нақты орындалғаны 8 шақырым.
- Жер жұмыстары бойынша жылдық жоспар 1338 мың м3. Нақты орындалғаны 801 мың м3.
«Азеркорпу» АҚ
- Жол жамылғысы бойынша жылдық жоспар 7,1 шақырым. Нақты орындалғаны 0 шақырым.
- Негізгі қабатты орналастыру бойынша жылдық жоспар 10 шақырым. Нақты орындалғаны 6,8 шақырым.
- Жер жұмыстары бойынша жылдық жоспар 1387 мың м3. Нақты орындалғаны 944 мың м3.
«Тодини» АҚ
- Жол жамылғысы бойынша жылдық жоспар 206 шақырым. Нақты орындалғаны 206,3 шақырым.
- Негізгі қабатты орналастыру бойынша жылдық жоспар 190 шақырым. Нақты орындалғаны 180,2 шақырым.
- Жер жұмыстары бойынша жылдық жоспар 4389 мың м3. Нақты орындалғаны 3921 мың м3.
Талайға тәлім берген «Техмаман»
Осыдан екі жыл бұрын екі өкпеден қаржы дағдарысы қысты. Тек Қазақ-стан ғана емес, бүкіл әлем дағдарыс-тан шығар жолды іздеді. Кейбірі тапты, бәзбірі шығар жолды әлі іздеп жүр. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан дағдарыстан тез шықты. Оған ұлттық қордың көмегі көп болғаны шындық. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарын қайта даярлау ісіне, екінші мамандық беруге басымдық жасалды. Осы күні аталған бастама өзін-өзі толықтай ақтады деп айтуға болады.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы басталғанда осыған дейін жол құрылысымен айналысып келген «Дорстрой» мекемесі де жобаға қатысуға ниет танытты. Дегенмен, маман тапшылығы бірден қолбайлау болды. Енді не істемек керек? Мекеме бас-шылығы ойлана келе, өздерінің жанынан мамандарды қайта даярлайтын орталық ашуды қолға алды. Атын «Техмаман» деп қойды. Басты мақсат – өздеріне жеткілікті маман дайындау, теориялық түрде оқытып қана қоймай, құрылыс басына апарып, нақты іспен тәжірибе жинату болды.
Дәл осы сәтте Елбасы Финлияндияға сапар жасаған болатын. Онда азаматтарын қайта даярлау тәжірибесі іске асып жатқан. Бағдарлы бастама Елбасына бірден ұнай кетті. Елге келгеннен кейін шеттің тәжірибесін өзімізде пайдалану керектігін айтып, тапсырма берді. Соның негізінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарла-масы іске асты.
Алғашында «Техмаман» тек өздеріне ғана мамандарды даярлады. Одан кейін мемлекет тарапынан тапсырыс алып, басқа мекемелерге де кадр даярлай бастады. Тіпті, Қазалы ауданы да өздерінің тұрғындарын жіберіп, арнаулы білім беруге өтініш білдірді.
«Техмаман» жол құрылысына қатысты барлық мамандарды даярлап жатыр. Осыған дейін оның қабырғасында 800-ге тарта азамат қайта даярланып шықты. Еліміздегі қайта даярлау орталықтары көбіне егде адамдарға екінші білім бермейді. Ал «Техмаман» елуді еңсерсе де, білім алуға, екінші мамандық иесі атануға ниеті бар адамдарды да оқытты. Бүгінде аталған орталықты бітірген азаматтардың барлығы тұрақты жұмыс орында рын тапты. Ал «Техмаман» ел экономикасына қажетті мамандарды қайта даярлаумен әлі күнге дейін айналысып келеді.
Серік ТОЛЫБАЕВ, «Техмаман» қайта даярлау орталығының директоры.
Өздері оқытып, өздері жұмысқа алды
Мектеп бітіргеннен кейін университетке құжат тапсырдым. Бірақ оқуға түсе алмадым. Әр жұмыстың басын бір шалып жүрдім. Қолыңда дипломың болмағаннан кейін еш жер жұмысқа да алмайды. Оның үстіне жас болғасын, тәжірибенің жоқтығы да өз әсерін тигізеді. Осындай себептермен біршама жұмыссыз жүріп қалдым. Бір күні «Техмаман» қайта даярлау орталығы туралы естідім. Онда оқимын, білім алып, жұмысқа орналасамын деген ойым болған жоқ. Бірақ қандай орталық екенін көргім келді. Келсем, жасы бар, жасамысы бар, арасында егде тартқан адамдары да бар, жұрт жаппай оқып жатыр екен. Қызығушылығым оянып, мен де құжат тапсырдым. Солайша, «Техмаманның» қатарына қабылдандым.
Шыны керек, «Дорстрой» мекемесі өздері тегін оқытты. Одан кейін өздеріне жұмысқа алды. Көктен іздегенім жерден табылды десем болады. Бұл мекеме жалғыз мені ғана жұмысқа алған жоқ. Жүздеген жұмыссыз жігіттер жұмыспен қамтылды. Біздің нысан Қар-мақшы мен Байқоңырдың арасы. Сол арадағы жолды салып жатырмыз. Жұмыс жақсы. Жалақысы да жоғары. Онда қазақтың жігіттері екі қолға бір күрек тауып, нәпәқаларын айырып жүр. Барлығы да мен секілді жұмыссыз жүрген жігіттер еді. «Дорстройдың» арқасында барлығымыз жұмысқа орналастық.
Жалпы, жол құрылысымен айналысып жатқан жалғыз біздің мекеме емес қой. «Техмаман» тәрбиелеген жігіттердің білікті маман екенін шамалаймын. Өйткені, біздегі қызметкерлерге басқа мекемелер жиі хабарласып, ақыл сұрап, тіпті өздеріне жұмысқа шақырып жатады. Бірақ жұмыссыз жүрген шағымызда оқытып, өздеріне қызметке алған мекемені қалай қиып кетесің? Солайша, білікті мамандар бір мекеме шаңырағы астында бір үйдің баласындай болып қызмет атқарып жатыр. Осы күнімізге барлығымыз да шүкіршілік етеміз.
Ғалымжан АЙМАХАНОВ, «Дорстрой» ЖШС жұмысшысы.
Айқарма бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан БАЙТІЛЕС.