Жаһандану желі бүкіл дүниені кернеп бара жатыр. Жақсыны да әкелуде, жаманды да әкелуде. Одан Қазақстан да атымен сырт тұра алмайды. Солай екеніне соңғы айлардағы өкінішті оқиғалар да көз жеткізіп отыр.
Кеше облыстық ІІД қарасты «Динамо» спорт кешенінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өз міндетін адал атқарып, аса қауіпті қылмыскерді құрықтау үстінде ерлікпен қаза тапқан облыстық ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов пен мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жедел ден қою взводының полиция аға сержанты Полат Аянқұловты ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митинг болды.
Ғазиз Әбдібекұлы 1971 жылы Жамбыл (Тараз) қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген. Ішкі істер органдарында 1992 жылдан бері қызмет атқарған. Осы уақыттар ішінде ол 2-ші және 3-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Соңында әйелі мен үш баласы қалды.
Ал, Полат Қойшыбайұлы 1983 жылы Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған. Ішкі істер органдарында 2005 жылдан қызмет атқарған. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының басшылығымен адал және мінсіз қызметі үшін бірнеше рет марапатталған. Соңында әйелі мен екі баласы қалды.
Қаралы митингіде облыс әкімі Қанат Бозымбаев, облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов және облыстық ішкі істер органдары мен ішкі әскер ардагерлері кеңесінің төрағасы Өрнекбай Смайылов ай мен күннің аманында мылтық атып, қарапайым адамдарға қарсы оқ жаудырған қаныпезер қолынан ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының отбасына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтты.
Болған оқиғаны таратып айтсақ, 1977 жылы туған М.К.Қариев өткен сенбі күні тал түсте өте ауыр қылмысқа барып, 7 адамның өмірін үзді. Қаза тапқандардың 5-уі құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Сондай-ақ, бұлардан басқа ішкі істер органдарының 3 қызметкері әр түрлі дене жарақатымен жедел жәрдем ауруханасына түсті.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің 2 қызметкері сырттай бақылап жүргенін байқаған М.К.Қариев оларға қарсы қарулы шабуыл жасап, екеуін де өлтірген. Бірақ ол осы қанды қылмысының ізін жасырудың орнына, лаңкестік мақсатындағы әрекетін одан ары жалғастыру үшін Т. Зәкиров деген жүргізушіге шабуыл жасап, оның «Мазда-626» автокөлігін айдап әкетеді. Сөйтіп, қала орталығына келіп, қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасайды. Өкінішке қарай, оның бұл әрекеті де кісі өліміне әкеліп соқтырды. Яғни, қарсы алдынан шыққан дүкен қарауылы В.Федорченконы атып өлтіріп, дүкенге келіп бейқам тұрған Н.Е. Оразбақов деген бейсеует азаматты да өлімші ғып жаралайды. Содан кейін қару-жарақ дүкенінен «Сайга» және «CZ» деп аталатын жартылай автоматтандырылған қарулар мен оқ-дәрілерді «олжалап», сол маңдағы «ВАЗ-21099» көлігіне күшпен «иелік» етеді. Дабыл бойынша соңына түскен мамандандырылған күзет бөлімінің қызметкерлері, полиция сержанттары П.К.Аянқұлов пен Ж.А.Байсейітовты атып өлтіріп, олардың қолындағы «Калашников» автоматы мен «Макаров» пистолетін ала кетеді.
Жазықсыз адамдардың қанына қолы былғанған сайын құтырған М.К.Қариев бұдан кейін өзі уақытша тұрып жатқан үйге келіп РПГ-26 граната атқышын алып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті ғимаратының қабырғалары мен терезелеріне граната атқышпен және автоматпен бірнеше дүркін оқ жаудырады. Бірақ одан ғимаратқа зиян келмеген және кісі өлімі орын алмаған. Осыдан кейін соңына түскен тәртіп сақшыларынан қашып бара жатып жол-жөнекей кездескен аттылы 2 полицейді жарақаттайды.
Сағат 13.00-де ІІД Жол полициясы жеке батальоны қызметкерлерінің оғынан жараланып, құрыққа түсетінін сезген лаңкес полиция капитаны Ғ.Байтасовтың қолынан енді қашып шыға алмайтынын біліп, киімінің ішіне алдын ала байлап, дайындап алған жарылғыш затты іске қосады.
– Ол капитан Ғ.Байтасовты да, басқа полицейлерді де қасқақана өлтірді. Өйткені, ол қашудың орнына, соңына түскен полиция қызметкерлеріне қарсы қасарысып оқ жаудырды. Ал капитан Ғ.Байтасов болса кеудесін оқ тесіп өткеніне қарамастан, оған жетіп барып, жерге құлатты. Міне, сол кезде лаңкес өзін де, біздің қызметкерімізді де жарып жіберді. Біздің әріптесіміз ерлікпен қаза тапты, – дейді облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары.
Егер полиция капитаны Ғ.Байтасов лаңкесті денесімен дер кезінде жауып үлгермегенде, онда жарылғыш заттың салдарынан сол маңдағы тағы бірнеше адамның өмірі үзілер ме еді, әлде қайтер еді. Лаңкесті ұстау кезіндегі атыста полиция сержанты С.С.Алашов та аяғынан жараланды.
Лаңкес жалғыз әрекет етті ме, әлде оның серіктері бар ма? Қазір осы оқиға бойынша ведомствоаралық арнайы жедел тергеу тобы құрылып, тексеру амалдары жүргізілуде. Облыстық ІІД жедел-іздестіру іс-шараларының барысында лаңкестің бұған дейін Көкшетау қаласында тұрып келгені және «жихадшыларды» қолдайтыны жөнінде ақпарат бар.
Облыс әкімі Қ.Бозымбаев сенбі күні кешкілік жергілікті теледидар арқылы облыс тұрғындарын абыржымауға шақырып, ал жексенбіде қаза тапқан полиция қыметкерлерінің отбасына көңіл айтып шықты. Қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасына қаржылай көмек көрсетілетінін де жеткізді. Сондай-ақ, жедел жәрдем ауруханасына түскен полиция қызметкерлерінің көңілін сұрап, олардың денсаулықтарының жағдайымен танысты. Ал облыстық ІІД басшылығы лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерін мемлекеттік марапатқа ұсынбақшы.
Жексенбі күні қала тұрғындары полиция қызметкерлері қаза болған жерге гүл шоқтарын қойып, аза тұтты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Тараз.