• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2011

Ел үлесі аталды

356 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Астанада өтетін ауған мәселесі бойынша Халықаралық байланыс тобының 12-ші отырысына қатысу үшін елімізге келген Ауғанстан Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен кездесті. Екі елдің дипломатиялық мис­сиясының басшылары екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәсе­лелерін, Орталық Азиядағы жағ­дайды қарастырып, алдағы уақытта өтетін іс-шараның күн тәртібі жайлы пікір алмасты. Е.Қазыханов Қазақстан Ауғанстанның сыртқы саясаттағы сенімді әріптесі екендігіне тоқтала келе, «Астана Кабулмен екіжақты және де көпжақты өлшемдердегі саяси байланыстың дамуына айрықша мән береді», – деп атап өтті. «Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік, транзиттік сауда және ауыл шаруашылығы са­ласындағы қомақты тәжірибесі бар компаниялары ауған экономикасын дамыту бойынша келешегі бар жобаларға қатысуға дайын», – деді Е.Қазыханов. Сыртқы саясат ве­дом­ствосы өкілінің айтуынша, эко­номикалық саладағы өзара әрекет­тесудің ықпалды құралы ретінде қыркүйек айында Кабулда өткен сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тық бойынша Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясын айрық­ша атап өтуге болады. Ауғанстан үкіметінің саяси және әлеуметтік-экономикалық са­ла­лар­дағы мәселелерін шешудің өзектілігін айта келе, Е.Қазыханов ШЫҰ, АӨСШК, ОААҮО (Орта­азия­лық аймақтық ақпараттық үй­лес­тіруші орталық) сынды ау­мақтық ұйымдар шеңберіндегі жа­салған құрылымдардың іске асы­рылу маңыздылығын да назардан шығармады. Кездесуде Ауғанстанды қайта қалпына келтіруге бағытталған бір­қатар гуманитарлық жобалардың жүзеге асырылуындағы Қазақ­стан­ның үлесіне айрықша назар ау­дарылды. Олардың ішінде соңғы екі жылда ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарлама­сының сәтті жүзеге асуы, Қазақстан Үкіметінің араласуымен «Құндыз – Талуқан – Шерхан – Бандар» көлік жолдарын қалпына келтіру үдерісі, сондай ақ, қалған екі нысан – мектеп пен аурухананың жақын уақыт­та іске қосылуы жайы айтылды. Қазақстан Ауғанстанға белсенді түрде қамқорлық көрсетуге дайын екендігін өзінің ЕҚЫҰ-дағы төра­ғалығы барысында дәлелдегені белгілі. Демек, Қазақстан – «Үштік» мүшесі және биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Азиялық әріптестермен ынты­мақтастық жөніндегі байланыс то­бына төраға ретінде ауған мә­селесінің шешілуіне жан-жақты мүдделілік танытып отырған бірден бір ел. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.