• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қаңтар, 2018

АҚШ – еліміздің стратегиялық серіктесі

828 рет
көрсетілді

Әлемнің бірінші экономикасы, әскери, ақпараттық және технологиялық державасы болып отырған АҚШ Қазақстанды өзінің стратегиялық әріптесі деп жария­лады.

Бұлай болуы еліміздің әлемдік қоғамдастықта беделінің өсуінің нақты дәлелі. Сондықтан Қазақстан АҚШ-пен татулық, ынтымақтастық және әріптестік қатынастарында болуды мақсат тұтады. АҚШ-пен достық байланыста болу елдің геосаяси және геоэкономикалық мығымдылығының кепілі деп есептеледі. Себебі АҚШ әлемдік экономиканың 24 пайызға жуығын иемденіп отыр. Оның валютасы ХХ ғасырдың 40-шы жылдары­нан бастап әлемдік қаржылық айырбас­тағы негізгі валюта. Сонымен қатар АҚШ әлемдік қуат ресурстарының 40 пайызын пайдаланып келе жатқан алып ел. 16 триллион долларға жуық жиынтық ішкі өнім өндіретін АҚШ қуаты ең озық, тиімді технологиялар­ды пайдалануға негізделген. Бұл алып елдің алып экономикасы ұдайы шикізат пен қуат көздеріне зәру. АҚШ-тың сыртқы саясаты «Америка халқының ұлттық мүдделерін қорғау» ұранымен жүргізіліп келеді. 

Қазақстан басшысы өткен кезеңдерде АҚШ президенттерімен 19 рет кездесті. Алғашқы кездесу 1992 жылы болды. Осы кездесулер барысында бірнеше екіжақты келісімдерге қол қойылды. Олар – демократиялық әріптестік туралы хартия, Экономикалық әріптестік іс-қимылы жөніндегі бағдарлама, Жаңа қазақстандық-америкалық қатынастар туралы екі ел президенттерінің біріккен мәлімдемесі сияқты құжаттар. 

АҚШ кезінде Қазақстандағы ядро­лық қару арсеналының тез арада Ресейге жеткізілуіне және оның басқа елдерге таратылып кетпеуіне ерекше мүдделі болды. Қазақстанның ядролық қарудан азат болуы әлемдік қауіпсіздік жүйесінің нығая түсуіне өз ықпа­лын тигізеді. ХХ ғасырдың 90-жылдарында Америка өзінің Қазақстанмен қатынастарын тек прагматикалық тұрғыдан жүргізді. Ол үшін АҚШ-тың Орталық Азиядағы рөлінің басым болуы ғана бірінші кезекке шықты. 1994 жылы Қазақстан Ядролық қаруларды таратпау туралы шартқа қол қойып, 1995 жылы өз жеріндегі ядролық қаруларды (1200-дей ядролық зарядтар) шығарғаннан кейін Американың Қазақстанға деген ынтасы біршама әлсіреді. Екі ел қатынастары біршама баяулап, АҚШ басшылығы негізінен Қазақстандағы демократиялық үдерістің дамуына баға берумен болды.

Ал ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр­дың басында әлемдегі геосаяси күш­тер­дің ара салмағы өзгеруіне байла­нысты, 10 жылдай мерзімдегі АҚШ-тың бір полярлық басымдылығы аяқтал­ғаннан кейін, оның Қазақстанға жаңа­ша қатынасы басталды. АҚШ Қазақстан­ның Орталық Азия аймағындағы Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғастырушы геосаяси орнының маңыздылығын түсінді. Әсіресе, Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеруге мүдделілік танытты, өзінің негізгі бақталастары Ресей мен Қытайдың Орталық Азия аймағындағы рөлінің артуын шектеуді мақсат тұтты. 

Осыған байланысты АҚШ Қазақ­станмен экономика және қауіпсіздік салаларында нақты байланыс­тар орната бастады. АҚШ экономикасы үшін жаңа қуат көздерін іздеу зәрулік тудыруда. Себебі 2001-2020 жылдар аралығында бұл елдің мұнай өнімдерін тұтынуы 33 пайызға көбеймек. Сондықтан мұнайды алудың түрлі балама жолдарын іздестіру маңызды. Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай мен газды импорттау емес, басқа мемлекеттердің сутегі қорларын пайдалану қажеттігі туындауда. Қазақстан болса, 2011 жылы әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойынша 9-орында тұр.

АҚШ Қазақстанның мұнай-газ секторымен қатар түсті металдар мен уран өнімдеріне де қызығушылық танытады. Сондықтан АҚШ компаниялары 2020 жылға дейін Қазақстанға жыл сайынғы тікелей инвестициялар көлемін 20 млрд долларға жеткізбек. АҚШ, әсіресе, Каспий аумағындағы аса бай газ қорларын игеруді мақсат етеді. Каспий аймағына кіру арқылы бұл ел Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Түрікменстан сияқты мемлекеттерге өз ықпалын күшейтуді көзде­ді. Қазақстанның көмірсутегі қорларын игеру АҚШ-қа экономикалық жағы­нан ғана емес, сая­си жағынан да ұтымды еді. Ол өзінің бәсекелестері Ресей мен Қытайдың дәл қасында отырып энергетикалық қауіп­сіздік мәсе­ле­лерін шешуге мүмкіндік алды. АҚШ Иран мен Ресейге соқпайтын мұнай-газ құбырларының болуына мүдделі. Қытайдың Орталық Азияға эконо­микалық экспансиясын азайтуды да көздеді. Осы себептерге байланысты Қазақстан АҚШ-тың сыртқы саясат доктринасында маңызды басым­ды­лықтардың біріне айналды.

АҚШ Қазақстанмен ядролық қару­ларды таратпау мәселесіне қатысты да ынтымақтасуға мүдделі болды. Елдің Ауғанстанға жақын орналасуы да оның есірткітрафигіне және халықара­лық терроризмге қарсы күрестегі рөлін арттырды. АҚШ Қазақстанда бар бейбіт ядролық технологиялар мен құрал-жабдықтардың әлемдік қауіпті күштерге қолды болып кетпеуіне мүдделі. Әсіресе террористік топтар осындай «екінші бөлшектерді» пайдалануды көздейді. Сондықтан Америка Ауған­стандағы Талибан қозғалысын күйре­туге мүдделі. Өйткені әлемдік қауіпке ай­налған тәліптер «Әл-Каида» тер­ро­ристік ұйымының әлеуметтік-саяси тірегіне айналды. АҚШ-тың Ауған­стан­дағы әскері мен Батыстың коалиция күш­тері бұл елдегі жағдайды реттеуге қау­қарсыз болып шықты. Сондықтан АҚШ билігі Ауғанстан мәселесін бейбіт реттеуді қолдайтын Қазақстан сияқты мемлекеттердің мәмілегерлік, бейбітшілік миссиясына зәру. Қазақстанның Сирия дағдарысын реттеудегі рөлін де АҚШ қуаттайды. Бұл ретте Қазақстан біршама нақты ұсыныстармен шықты. Ауғанстанға экономикалық, азық-түлік көмегімен қатар кадрлар даярлауда көмек көрсетілді. «Астана процесі» арқасында Сирияда жағдай біршама түзеліп келеді.

Екі мемлекет геосаяси, сауда-эконо­­м­и­калық, мәдени-гуманитарлық, энерге­тика, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылы­ми-тех­ник­алық кооперация арқылы өнді­ріс­ті әртараптандыру мәселелерінде ынты­мақ­тасуды терең­дете беруді жоспар­лады. АҚШ университеттеріне қазақ­стан­дық сту­денттердің оқуына қолайлы жағ­дай туғызылған. Сайып келгенде, осы­ның бәрі Қазақстан үшін АҚШ-тың стратегиялық сенімді серіктес екендігін аңғартады.

Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор