• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Қаңтар, 2018

Сана сілкінісіндегі құбылыс

712 рет
көрсетілді

Күллі ой-әлемімізді, сана-сезімімізді дүр сілкіндірген Елбасының сан қырлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазір өзімізде ғана емес, ниеті мен тілегі бір көптеген көршілес елдерде де қызу талқыланып жатыр. Демек, рухани жаңғыру біздің ғана емес, тілі, діні бөлек елдердің де көкейінде жүрген түйткіл екен. Ал оған қозғау салу үшін бір кемеңгердің дуалы аузынан айтылуы керек еді... Көшбасшымыз осынысымен тағы да ғаламдық ой тастап, сарабдал саясатшы екендігін  көрсете білді. 

Ал осы рухани жаңғыруды сая­си тілмен айтсақ, мемлекет идео­ло­гиясының ұлттық идея­сы деуге болады. Өйткені мем­ле­кет­тің идеологиясы оның құрылымы ар­қылы қалыптасып қанат жая­ды. Көп болып қолға алып отыр­ған рухани жаң­ғырудың бас­ты міндеті ол мем­лекеттің ір­гетасын қалайтын түпқалта ұлт­тың ата-бабасынан мұра болып қалған, сол халыққа ғана тән ұлт­тық құн­ды­лықтарын жүйелеп, кезе­гімен қоғам дамуының тетіктері һәм идео­логиясы етіп ендіру десек болады. 

Қай кезде де осы ұлан-бай­тақ даланы келер ұрпаққа аман-есен аманаттау жолында, Жұ­бан ақын айтпақшы: «мың өліп, мың тірілген» сол халықты, бізді қойып әлемнің ең ал­пауыт елдерін қыспаққа алып отыр­ған экономикалық-қаржылық қиын­дық­тардан шығынсыз шығарып келе жатқан Елбасы терең ойлы мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі керек, яғни одан бұрын жаңғыруы тиіс», «Жаңғыру халықтың ұлттық тамырынан нәр алуы керек» деп ұлт көкейіндегі асыл ойды дөп баса білген. Сөйтеді де: «Егер жаңғыру елдің ұлттық тамырынан нәр алма­са, ол адасуға бастайды» деп алаң­дау­шылығын да білдіреді. Міне, мәселе қайда жатыр? Яғни ел дамуындағы ең бір өзекті мәселенің бірі – рухани жаңғырудың басында ұлты­мыз бен оның ғасырлар бойы жи­нақталған рухани-құндылықтары тұруы тиіс.

Немістің ақылман қариясы, ұлы ойшыл-философы-Ницше: «Дүние дамуының үш жолы бар. Алғашқысы табиғи-эволюциялық, келесісі революциялық, соңғысы реформалық» деген екен. Құнарлы нәрден қанып ішкен рухани тамырымыз тереңде екеніне тәубе деуіміз керек. Заман көшінде аталған даму жолының бәрін көрсе де діңі берік, ұстыны бекем ұлтымыз тарих көшінен қала қойған жоқ. Қайта қаншама қиын­шылық көрсе де грек мифоло­гия­сындағы «қайта тірілетін» Феникс құс құсап дүр сілкініп өз жолын таба білді.

Міне, сол тамыры жеті қат жер астындағы алып бәйтерек со­нау көшпелілер дәуірінен аман-есен өтіп, ХХІ ғасырдың сауалға толы, астау-бас­тауынан рухани нәр алып, жапырағын жаңа заманға қарата жайып тұр. Яғни сол ұлттың рухани болмысын, жұдырықтай жұмылған егемен елдің бірлігін көздің қарашығындай сақтау – сіз бен біздің қасиетті парызымыз.

Аталған аталы толғаудың келесі бір бөлімі «Ұлттық біре­гей­лікті сақ­тау» деп аталған екен. Сонда қолмен қойған­дай етіп: «Ұлттық салт-дәстүр­лері­міз, тіліміз бен музыкамыз, әде­бие­­тіміз, барлық жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуы тиіс», деп көрсетілген. «Рухани жаңғырудың негізгі ірге­тасы ол ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру деген құр жаң­ғырық болып қалады» деп атап көрсеткен Президент пайымында салмағы батпан ой жатыр. Ал ұлттық код дегеніміз ұлтымыздың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары емес пе? Ұлттық рух, өзіндік мені жоғалған халықтың барар жері құрдым екенін әлемдік тарихтан білеміз. Елбасының әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін алдымен рухани деңгейіміз көтерілуі керек екенін баса айтқанын естен шығармауымыз керек. 

Елбасының көреген саясатына тереңдей білсек, түптің түбінде техникалық жағынан да, рухани жағынан да жан-жақты дамыған елдер қатарына енетін бірден-бір ел – Қазақстан екеніне көзіңіз кәміл жетеді. Өйткені біз рухани тіні, ділі, діңі таза әлемдегі бірегей ұлтпыз. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын тазалық пен бекзаттық әлемде жоқ қасиетіміз екеніне мақтануымыз керек. Демек, ұлтымыздың жарқын болашағы алда екеніне күмән жоқ.

Бүгінде оң нәтижесін беріп жат­қан «Туған жерге туыңды тік», «Ту­ған жер» бағдарламаларын нағыз патриотизмнің көрінісі десек болады. Туған жер тарихын жете тану, елді мекендерді заман­ауи талаптарға сай абаттан­­дыру, бабаларымыздың көзі, та­ри­хи ескерткіштерді жаңарта оты­рып, қалпына келтіру сынды жұ­мыс­тарды ұлт жаңғыруының өзегі десек болады. Тарихи ескерткіштер дегенді тек балбал тастар мен кесенелер деп қана түсінуге болмайды. Бір неше ғасыр бұрын көне тарихы тас қашау жазуға таңбаланған (Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі руна жазуы...) бірегей ұлт емеспіз бе, біздің тарих теңізінен қопара сүзіп алатын рухани мұраларымыз ұшан-теңіз. 

Сонау 2005-2009 жылдары Оты­рар ауданында әкім болып жүр­генімде тарихи төл мұралары­мыздың ізімен Сирияда, Дамаскіде болып қайтқан кездеріміз Елбасы мақаласынан соң ойға оралып отырғаны...

Иә, «Халық сұраса хан түйе­сін соя­ды» демекші, бұл бір ше­жіре тұнған, киелі Отырар елінің абыз ақсақалдары мұрындық бол­ған, естен кетпес сапар еді. Ал­ғаш қозғау салған сол кезде­гі ау­дандық ардагерлер кеңесінің мү­шесі болған, Ұлы Отан соғы­сының ардагері, марқұм Қалма­ғанбет Әшірбаев ақсақал бола­тын. Басты мақсатымыз «Әлем­нің екінші ұстазы» атанған ұлы ғалы­мымыз, жерлесіміз әл-Фараби мен батырлардың батыры әз-Зәкір Бейбарыс сұлтандар жатқан қасиетті топырақты туған жеріне жеткізу, қасиетті рухтарын оралту болатын. Көп ұзамай делегация құрамында еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, демеуші әрі алғаш ұйымдастырушысы «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлт­тық университетінің сол кездегі рек­торы Төлеген Қожамқұлов, Шәуіл­дірдегі «Ақындар музейі­нің» директоры, руханият жа­на­шы­ры Абдулла Жұмашов сынды елге танымал жандар ұлы баба­мыздың туған жері Фараб-Уа­сидж-Оқсыздан (Отырар ауданы) топырақ алып, елге сыйлы Құ­тым Ордабаев, Қолдас Жұма­баев, Қалеке Әшірбаев, Қара­хан Сартпаев, Сағындық Қыды­ров сынды ақсақалдардан бата алып, біссіміллә деп Сирия­ның Шам-Дамаск қаласына аттан­дық. Сонымен мың жылдан астам тарихы бар, атын тек «Мың бір түн» секілді ертегі кітап­тар­дан ғана есіткен арман қала Шам-Дамаскідегі әл-Фараби баба­мыздың «Баб-ас-сағыр» мазара­тындағы зиратына және Мысыр­ды 17 жыл 2 ай 12 күн билеген жаужүрек бабамыз әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның зиратына елден алып келген топырақты салып, бір уыс топырақтарын туған жеріне арулап алып қайт­тық. Осылайша ғасырлар бойы жат жерде жатқан ұлы баба­лары­мыздың рухын елімен қауыш­тыруға себеп болған едік. Мұнда­ғы баса айтпағым, осыдан он жыл­дай бұрын Елбасының қолдауы­мен, қозғау салуымен осындай та­ғылыммен келешек жастарға берері, айтары мол сапарға аттанғанымыз болатын.

«Құс қайта оралды, Ал­ма­ты­ма...». 

Осы әсем әннің мәтінін сәл-пәл өзгертіп, «Көш қайта оралды туған жерге» десек, нақты шын­дықтан алыс кете қоймаспыз. Шү­кір дейміз, көк байрағымызды БҰҰ-ның төрінде желбіретіп, шекарамызды тасқамал шегендеп, қуатты да заманауи әскер құрып, егемен ел атанғанымызға 25 жылдан енді ғана асса да, әлемдегі ең дамыған елдердің көшіне қосыла білдік. Халық көкейінен шыға білген «Мәңгілік Ел» идеясына ұлт болып ұмтыла білсек әлі талай асулардан асатынымызға сеніміміз кәміл. 

Жапон ғалымдарының сарап­тамалық-ғылыми пікіріне сүйенсек, қуатты да жан-жақты дамыған ел болу үшін әрбір мемлекеттің түпқазық ұлтының сан мөлшері 70 пайыздан асуы керек екен. Бұл тарихи дәлелденген аксиома көрінеді. Егемен ел атанып, көк байрағымызды желбіреткен 1991 жылдан бастап туған жерге 1 миллионнан астам қандасымыз көшіп келіпті. Кезінде әртүрлі зобалаң, солақай саясаттың кесірінен миллиондап қырылған, мыңдап босқындаған жұртымыз тәуелсіздік таңының арқасында туған жерлерімен қуана қауышты. «Аңсаған көңіліңде көп арман бар, Қош келдің атажұртқа, оралмандар. Егемен ел болды деп Қазақстан, Бақ тілеп, ақ білекпен оралғандар», деп қандастарымызды қарсы алдық. Бұл демографиямызға зор дүмпу әкелді. Айта кетеріміз, бізді ғана емес, әлемді шарпыған экономикалық кедергілердің кесірінен көші-қон мәселесі біршама саябырсып қалған еді. Артынша осыған байланысты ұлт мүддесін көздеген заң да шықты. Нық сеніммен айтарымыз, құжатталған іс-қимылымыз жүзеге аса беретін болса, көп ұзамай-ақ халқымыздың саны 75 пайыздан асатын болады. Яғни шет­елдерден де, туған жерден де ағылған қандастарымыз қосылып, экономикасы қарыштап, демографиясы шалқыған ел боларымызға күмән жоқ. 

Қашанда ұлттық шеңберде шек­те­ліп қалуға болмайтынын, халықаралық аренаға шығу керектігін Елбасы мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлігінен оқуға болады. Қазақ жұрты көптен алаңдай күткен жазу мәселесіне де осы жолы өз байламын жария етті. Соның бірі де, бірегейі латын әліпбиіне көшу мәселесі еді. Елбасы бұл қадамға «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» қана тілдің барлық қағидасын ұстанып, асықпай барды деп білеміз. Тәуелсіздік ала сала ойланбай кірісіп кетсек, опық жеп қалуымыз мүмкін еді. Ондай жағдайларды да естіп жатырмыз. Сондықтан да Елбасы мұндай аса маңызды істе асығыстыққа жол бермей, басқа елдердің тәжірибесін мұқият ой елегінен өткізе отырып барып, шешім қабылдады. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Онда тұратын барлық халықты ұйымдастыратын, ұлтымыздың болашағын айқындайтын ең басым тіл. Дегенмен, өмір заңына, оның өзіндік ағымына сай өзге тілдерді де меңгеруіміз уақыт талабы болып отыр. Сонан соң, ұлттың тағдыры 50-60 жылмен ғана өлшенбейді. Уақыты, дер кезі келген латын тіліне байыппен көшсек, кирилл қарпімен жазған барлық дүниелерімізді ақырындап көшіріп аламыз. Қазір әлемнің 112 мемлекеті латын, 48 мемлекеті араб әліпбиін қолданады екен. Байқап қарасақ, төңірегімізде кириллицада тек қырғыз бен біз ғана қалыппыз. Ал әлемдік жаһандану үрдісі біз қаласақ та, қаламасақ та өз жолымен, үрдісімен жүріп жатыр, солай болады да. Мұндай жағдайда еліміз оқшауланып қала алмайды. Себебі еліміз әлемдік бәсекеге түсіп қана қоймай, үздіктер қатарынан көрінуге ұмтылуда.

Ерекшелеп айта кетеріміз, латын әліпбиі арқылы қазақша мәтінді кез келген шетел ғалымы оқи алады. Осы жағынан келсек, латын әліпбиінің замана сұранысы, жаһандану талабы екенін есте сақтағанымыз жөн. Тереңінен бағамдай қарасақ, үшінші мың­жылдықтың басындағы алмағай­ыптау заманда әліппемізді ауыс­тыруымызды тарихи шешім десек те болады. Оның жемісін ке­лер ұрпағымыз көретініне күмән жоқ. Заман талабына сай жазуымызды жаңғыртсақ, тілді, елді жаңғыртатынымызды ұмытпа­ғанымыз жөн. Өйткені Тұңғыш Президентіміз: «Латыншаға кө­шудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғы­лы­ми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріп­терін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқан­дай қиындық, кедергілер болмақ емес», деп қолмен қойғандай етіп айтып беріп отыр емес пе? 

Баға жетпес ұлттық мәде­ние­тіміздің ең үздік үлгілерін талғап, талдап, сараптап, сан қилы жолдармен насихаттауда жол көрсеткен Тұңғыш Президентіміз: «Әлемге қанат жайған жат идеологияларға біз ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», деп нық сеніммен айтты.  Олай болса, күнде құбылып жатқан алмағайып заман талабына сай болу, әлемдік сананың қағида-талаптарын меңгере қалыптастыру, ең озық елдермен тереземіз тең тұруды алғышарт етіп қойған Елбасының көреген сая­саты күллі қазақстандықтардың мүддесіне бағытталған. Соның ішінде ұлттық тарихи бүгініміз бен болашағымыздың арасындағы алтын көпір деп сеніммен айта аламыз. Санамызға сілкініс жасаған бұл мақаланы ұлттық жаңғыруға жол салған құбылыс деуге толық негіз бар. 

Әлімжан ҚҰРТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС,

«Егемен Қазақстан»