• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2011

Тұрғын үйлер жөнделу үстінде

226 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кеше Үкіметте өткен селекторлық кеңесте екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеудің тетіктерін жүзеге асыру барысы туралы еліміздің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндады.   Оның айтуы бойынша, атал­ған мәселе жөнінде қазіргі күні екі тетік әзірленіп, жүзеге асы­рылуда. Біріншісіне Үкімет қо­рынан 1,9 миллиард теңге бөлін­ген. Бұл қаржыға 106 үйді жөн­деуден өткізу жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылдың 11 қа­ра­шасындағы мәлімет бойынша, осы бағыттағы жөндеу жұ­мыс­та­ры еліміздің 16 өңіріндегі 91 тұрғын үйде қолға алынды. Бұл жалпы көрсеткіштің 86 пайызын құрайды. Бөлінген қаржының 950 миллион теңгесі немесе 50 пайы­зы игерілді. Ақтөбе облысы мен Астана қа­ласында бөлінген қар­жы толықтай игерілді. Атырау, Оңтүстік Қа­зақ­стан облыста­рын­да да жұмыс қызу қарқынмен жү­зеге асырылуда. Екінші тетікті жүзеге асыруға Үкімет 5,5 миллиард теңге бөл­ген болатын. Бұған 449 үй жөн­деуден өткізілуге тиіс. Қазіргі күні осы тетік бойынша жұ­мыс­тар еліміздің барлық өңірле­рін­дегі 402 тұрғын үйде жүзеге асы­рылуда. Бұл жалпының 89 пайы­зын құрайды. Бөлінген қаржы­ның 3,9 миллиард теңгесі немесе 67 пайызы игерілді. Күн тәртібіндегі екінші мәсе­ле бойынша қысқы жылыту мау­сымына дайындық жұмыстары­ның нәтижелері қаралды. Осы мәселеге қатысты ескеретін бір­қатар проблемалар анықталып, оларды жоюдың жолдары белгіленді. Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаевтың ха­бар­лауына қарағанда, еліміздің оңтүстік облыстарын газбен қам­ту ісінде бірқатар іркілістер орын алды. Бұған Өзбекстаннан елімізге жеткізілетін газ көле­мінің төмендеуі әсер етіп отыр. Осыған байланысты Қазақстан енді Түркіменстан газын алуға кірісті. Сөйтіп, проблема шешімін тапты. Аталған мәселелерді қоры­тын­дылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәселеге жауап беретін адамдарға мұндай ма­ңыз­ды істерді күні бұрын қолға алып, алдын-ала жүргізу қажет­тігін ескертті. Сонымен қатар мәселелерді тыңғылықты реттеу жөнінде тиісті орындарға тап­сыр­малар берді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.