Тұнық бұлақтан су ішкен киіктің баласындай пәк сезімді Сүйінбай жастық шағынан бастап, өмірінің соңғы демі біткенге дейін туған елінің тағдыры мен болашағы үшін жан аямай күрескен ақын.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Ұлы даламыздағы үлкенді-кішілі ауылдардан келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанған бір топ қарадомалақ бала біраз күн бойы кең де жарық аудиторияда тізіліп отырып, Сүйінбай ақын туралы лекция тыңдап едік. Ол лекцияларды бізге Сүйінбайдың шөбересі, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтанғали Садырбаев оқыды.
Толқынды қара шашын артына қайырып, ашық маңдайы жарқырап аудиторияға кіріп келе жататын жылы жүзді ағайға біз қызығып қарайтынбыз. Себебі, ол бізге ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық ауыз әдебиетінің, төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі секілді болып көрінетін-ді.
Әрбір сөзін кітаптан оқығандай мәнерлеп, тамсанып отырып сөйлейтін. Тіл өрнегінің сұлу, әсерлі, кіршіксіз таза болып шығуына ерекше мән беретін. Алтын жиекті көзілдірігін қолына алып, аудиториядағы студенттердің әрбіріне зейін қойып, тереңірек танып, келешегіне үңіліп қарағысы келгендей ойға шомып қалатын сәттері болушы еді.
Сабақ айтып тұрған студенттің сөз ләмі көңіліне қонса, басын ақырын ғана шұлғып, көзін жұмып елітіп қалады. Ал егер сәл қиыс кетсе, ақша бұлттың тасасына жасырынған күн секілді жүзінде көлеңке пайда болып, ақырын ғана басын шайқайды...
Міне, осы бір талғампаз, эстет ағай қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілдері туралы лекция оқығанда біз өзімізді асқар таудың биігіндегі көк шалғын, жасыл жайлауға шыққандай сезініп, таңғажайып әсер алушы едік.
– Тұнық бұлақтан су ішкен киіктің баласындай пәк сезімді Сүйінбай жастық шағынан бастап, өмірінің соңғы демі біткенге дейін туған елінің тағдыры мен болашағы үшін жан аямай күрескен ақын, – дейді Сұлтанғали ағай өткен заманның бір керуенін көз алдынан өткізіп тұрғандай ойға шомып. – Ол қарапайым, еңбекші халықтың арасынан шықты, сол ұяны жанындай жақсы көрді, бар ғұмырын, өнерін соларға арнады.
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым.
Құтылып жарлы кеткенше,
Зорларды сөзбен торладым, –
дейді Сүйінбай. Бұл – азамат, күрескер ақындардың айтатын саналы, сертті сөзі. Асылы, ақынның да ақыны бар: базбіреулер болыстар мен билерді дәріптеп, оларды ай мен күнге теңеп, солардың тасасында, көлеңкесінде күн көрген, ақындықты қорлаған; ал Сүйінбай болса, ешуақытта шындықтың шолпан жұлдызынан жаңылмаған, елінің мұң-мүддесін ұмытпаған, жыласа жұбатқан, жасыса қайрат берген...
Ә дегеннен-ақ аудиторияның ішінде масаның ызыңы естілердей тұп-тұнық тыныштық орнайды. Ағайдың аузына қарап, желсіз, тымық жайлаудағы бір шоқ тоғай секілді мүлгіп қалған біз әлгі тыныштықты селт еткізуге жасқанып, демімізді ақырын ғана аламыз.
– 1754 жылы Ферғана аймағында Әндіжан, Наманған, Маргелан, Қоқан хандықтары орнаған. Соның ішінде Қоқан хандығы Памир тауларынан бастап Іле өзеніне дейінгі аралықты жаулап алған. Әсіресе 1845-1863 жылдары Қоқан хандығын Құдияр хан басқарған тұстарда қазақтар мен қырғыздардың арасында жаппай жойқын жазалау шаралары жүргізілген.
Міне, осындай қиын кезеңдерде азамат ақын Сүйінбай елді, халықты абыржымауға, саспауға, ішкі салмағын, күшін жоғалтпауға, жаумен күресе білуге шақырып, жалынды, отты, патриоттық өлеңдер шығарды.
Ағай біздің қалай тыңдап отырғанымызды білгісі келгендей сәл кідіріп, аудиторияны көзімен бір шолып өтеді.
Сөз құдіреті – ел намысын қайрап, ұлт рухын оятып, қараңғы түнек заманда найзағай боп жарқылдағанын біз іштей сезіп, түйсініп, дауылпаз ақынның бейнесін көз алдымызға елестетуге тырысамыз. Сондай кездерде: «Сұлтанғали ағай Сүйінбайдың туған шөбересі ғой. Ұлы атасына ұқсай ма, ұқсамай ма?..», деген бір ой келеді.
Ауыз әдебиетінің алыбы, жүз жасаған Жамбыл ақын:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай!
Сырлы сұлу сөздері –
Маған тартқан сыйындай, – деп жырлады емес пе.
«Оу, ендеше сөз өнеріндегі Сүйінбай көтерілген биікке қарап, тамсанудың өзі де бір ғанибет! Ал біздің Сұлтанғали ағайымыздың ұлы атасына ұқсастығы – теңіздің бір тамшысындай болса да, таңдайға татырлық екені анық», дейміз іштей.
Сондықтан да, бізге «Теңіздің дәмі – тамшыдан» екенін ұқтырып, кемеңгер ақын мұрасын күні-түні зерттеп, тұңғиығына үңіліп, зерделеп жүр-дағы.
* * *
Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ өзенінің шығысындағы Құлансаз жайлауында дүниеге келген.
Алатаудың биік шыңдарындай асқақ, өр мінезді, өжет ақынның:
Бөрілі байрақ астында –
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен, –
деп басталатын отты жыры бүкіл түркі дүниесінің рухын көтеріп, намысын оятатын жалынды әнұран екені даусыз.
«Жер жәннаты – Жетісу» атанған сұлу өлкенің жұртшылығы ежелден қоңсы отырған, тілі де, түрі де ұқсас туысқан қырғыз халқымен қоян-қолтық араласып, төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан ел.
– Академик Мұхтар Әуезов Сүйінбайдың айтыстағы өнерін өте жоғары бағалаған, оны «айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп атаған, – дейді ғалым Сұлтанғали Садырбаев лекциясын одан әрі қарай жалғап. – «Сүйінбай сан түрлі саңлақ ақындармен айтысқан, соның бәрін жеңген, әсіресе Сүйінбай мен Қатағанның айтысы адам таңғаларлық ерекше айтыс қой! Мені алғаш қырғыз еліне таныстырған осы айтыс. Ел арасында көп жырладым», депті Жамбыл жазушы Сапарғали Бегалинге айтқан бір естелігінде. 1937 жылы Жамбыл ақын Қырғыз ғылым академиясының ғылыми қызметкерлерінің өтініші бойынша Сүйінбай мен Қатаған айтысының толық мәтінін жаздырыпты. Бішкектегі ғылыми архивте сақталған бұл қолжазба 98 беттен тұрады. Араб әрпімен жазылған. Сыртқы мұқабасында «Сүйінбай ақынның қырғыздың атақты ақыны Қатағанмен айтысқаны» деп жазылған. Барлығы 4472 тармақтан тұрады...
Алтын жиекті көзілдірігін қолына алып, бір сәтке Бішкек қаласындағы ғылыми архивті көз алдына елестеткендей болған Сұлтанғали ағай сәлден соң, сұлу толқындары күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт еткен Ыстықкөлдің жағасына қарай сапар шеккендей күйге енеді.
Өйткені ауыз әдебиетінің, соның ішінде айтыс өнерінің асыл, жауһар мұрасы болып табылатын Сүйінбай мен Қатағанның айтысы осы бір кең шалқар тұнық көлдің жағасында өткен емес пе.
– 1848 жылы жазда, уағдалы жерде, қазақ-қырғыз елінің уәкілдері бас қосқан үлкен жиын болады, – дейді Сұлтанғали ағай орнынан тұрып, ақырын ғана аяңдап, аудиторияны бір аралап өтіп. – Ол жиынға қатысушылар өткен-кеткенді еске алып, сарапқа сала отырып, «бұдан былай екі елдің бауырластық бесігіне ешкімнің қолы тимесін» деген тоқтамға келеді...
Осыдан кейін біз де Сұлтанғали ағаймен бірге әлгі қызық-думан, ұлан-асыр тойды қызықтауға барғандай таңғажайып әсерге бөленеміз. Себебі ағайдың лекциясы сондай тартымды, қызықты, көркем әңгіме секілді өріледі.
Ыстықкөлдің жағасында өткен жиынның төртінші күнінде екі елдің басты адамдары Орман ханның жүз кісілік шатырына жиналады. Мәслихатты басқарып отырған қырғыз мырзасы Қара Бәйтік:
– Сүйінбай ботам! Менің саған сақтаған Қатаған деген ақыным бар, оны шымылдықтың ішінде екі келіншек сөзге айналдырып әрең ұстап отыр, – дейді.
Әне, сөйтіп Сүйінбай мен Қатаған ақынның айтысы басталады...
– Қырғыз ақыны манаптарды, байларды мақтап, дәріптеумен әуестенеді, – дейді Сұлтанғали ағай аз-кем өкініш білдіргендей даусын бәсеңдетіп. –Оның айтуынша: дүниеде байлықтан асқан биік нәрсе жоқ, адамның өмірдегі салмағы байлықпен өлшенеді, ал жоқшылық пен кедейліктен көз ашпаған бейшара адамдар тағдырдың қарғысына ұшыраған, өгей өмірдің сорлы қонағы дейді...
Ал Сүйінбайдың сөздері мағыналы, ойлы, парасатты келеді (Осы тұста ағайдың даусы қайтадан қатайып, зеңгір аспанға қанат қаққан қыран бүркіттей биіктей бастайды). Ол: «Ақындық сенен, сен ақындықтан алыстаған адамсың, байлыққа бас ұрасың, өшпенділік пен қызғаншақтықты қорғайсың, дарақылықты, берекесіздікті мақтайсың» – дейді.
Себебі кемеңгер ақын Сүйінбай Аронұлы ешуақытта жер бауырлап ұсақ-түйек тақырыптарды қозғамаған, керісінше, күрделі қоғамдық, елдік, азаматтық мәселелерді жырлаған. Сөйтіп Сүйінбай таудан аққан ағынды судай тасқындап, Қатағанды жалғызсыратып, жағаға шығарып тастайды.
«Сүйінбай, сен ақынның жолбарысы, адамның бұлбұлы екенсің. Айтыста сен жеңдің. Ал Қатаған, сенің кесіріңнен осы отырған манаптардың барлығы да жерге қарады», деп Қара Бәйтік қатты ашуланады.
Әдеттегі айтыстың рәсімі бойынша: «Екі елдің бас қосқан үлкен айтысында жеңгенің үшін, саған, басыңа алты қанат ақ орда, Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаратылған Мейіз деген асқан сұлу қыз, мойнында қарғысы бар екі тазы, бір бүркіт және алтын бесік сыйлаймыз», дейді бәйгенің кәдесін жариялап.
... Ақын бастаған топ Ыстықкөлді жағалап, батысқа қарай беттеп келе жатты.
– Көл шетіне жеттік, көшті тоқтатыңдар, соңғы рет Ыстықкөліме бетімді бір жуайын, – дейді Мейіз сұлу.
Осы сәтте Сүйінбай ақын оған қарап:
– Мейізжан, жасыма! Айтыстың сертін сақтап, біраз жер бірге алып келдім. Аз уақыттың ішінде аспанымда ай ілескендей әсер қалдырдың, мұнан былай менің қырғыздағы бір туған қарындасым болып қал. Жолың болсын, азаттық алған құстай самға, – дейді де, Мейіздің жас тұнған көзінен бір сүйіп, еліне қайтуға рұқсатын береді...
Сұлтанғали ағай бүгінгі лекциясын осымен тәмамдағандай үнсіз қалады.
Сабақ басталғалы бері таң-тамаша әсерде отырған біздің көз алдымызға күміс айдыны жарқырап, күнге шағылысып, жалт-жұлт етіп толқып жатқан Ыстықкөлге қарай аттанған сұлу қыз елестейді.
Кенет артқы партада отырған бұйра шаш, ақсары, сырықтай жіңішке жігіт – бізден он жас үлкен курстасымыз миығынан күліп:
– Ағай, – дейді даусын бүкіл аудиторияға естірте гүжілдеп, – бекер жіберген екен-ау, ә?!
Сүйінбай ақынның даналығына тамсанып, көзін жұмып, қиялға батып кеткен Сұлтанғали ағай әуелде оның не туралы, кім туралы айтып отырғанын түсінбей қалғандай:
– А-а? –дейді селк етіп.
– Мейізді айтамын да, Сүйінбай ақынға жар болуға лайықты өте сұлу қыз еді ғой!
– Ә-ә, – дейді ағай енді жымиып. – Сенің ырқыңа салса, әрине, жібермес едің-ау!
Біз ду күлеміз.
Осы кезде сыңғырлап қоңырау да соғылады.
* * *
...1848 жылдың жазында, қазақ-қырғыз елінің уәкілдері Ыстықкөлдің жағасында бас қосқан ұлы жиында: «Бұдан былай екі елдің бауырластық бесігіне ешкімнің қолы тимесін деген тоқтамға келді», деген Сұлтанғали ағайдың сөзі соңғы кездері ойымызға жиі оралады.
Ауылы аралас, қойы қоралас, бір-біріне түрі де, тілі де ұқсас, туған бауырдай екі елдің татулығына не жетсін, шіркін!..
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»