Ой жүгіртіп, көңіл көзін кеңірек ашып қарасаңыз, бұл дүниеде уақыттан құдіретті не бар?!
Адам затының өзін қартайтып, қаусатып тоздыратын да, өлгеннен кейін ізгілікті іс-әрекеттеріне орай екінші өмір сыйлап, ұрпақ жадында қалдыратын да уақыт. Адам үшін уақыт – ұстаз, уақыт – тәрбиеші де болады. Сонымен қатар уақыт жан жарасын емдеп жазатын емші де дейміз.
Әрине, уақыттың қиратқыш, жойымпаздық қуаты жайқын да жойқын. Сонау антикалық ежелгі заманның Троясынан бастан өзіміздің қазақ даласындағы жер астына шөккен қаншама қалаларымыз соның айғағы. Дей тұрсақ та, осы уақыттан асқан жасампаз да жоқ. Өткен ғасырларда нешеме түрлі шапқыншылықтар мен ашаршылық нәубеттерінде қырғынға ұшырап, бодандық пен құлдық қамытына жегіліп, қара жерден де ауыр қисапсыз қасірет арқалаған қазақ ұлты қазірде сол сансыз жаралардан айықты, еңсесін тіктеді, әлемнің алдыңғы қатарлы озық мемлекеттерімен терезесі тең ел қатарына қосылды. Осының бәрі соңғы ширек ғасырда ғана мүмкін болған ғажайып! Осынау ширек ғасырдың әр жылы жүз жылға татитындай толағай салмақ арқалаған бір-бір сайыпқыран жеке батырдай елестейді көзге. Уақыттың ұлылығы мен жасампаздығы осы емес пе.
Қара жамылып қапылған қайғыларды да ұмыттыратын уақыт. Осы күнге жеткенге, әлбетте, шүкір, тәубә дейді қазағым. Замана, дәуір, кезеңдер мен жылдар Уақыт дейтін ұлы әміршінің үрім-бұтақ әулетінен саналады. Адамзат қоғамының басынан талай-талай кер замандар, кердең кезеңдер, қанқасап жылдар да өткен, өте де бермек. Ол – толайым тіршілік заңы. Бірақ кезі келгенде уақыт бәрін орын-орнына қояды, әділетті қалпына келтіреді, өмірді қайта көктетеді.
Бұрынырақтағы бір өлеңімізде біз де: «Әлди, әлди жас балақан жаңа жыл, Уақыт деген ұлы патша ұрпағы», деп жырлаған екенбіз. Сол айтқандай, мінекей, биыл ит жылына кіріп, уақыттың тоқтаусыз көшінде тағы да тынымсыз ілгері жылжып барамыз. Итті ата қазақтың жорасымен жеті қазынаның бірі, бақ-берекелі, ырысты да құтты жыл болады деп те ырымдап та жатырмыз. Иә, алғашқы апталары ақжарылқап пейіл-тілекпен өткен бұл жылымыздың да құтжол, майлыаяқ болғанына не жетсін. Ылайым солай боларына сенімдіміз.
Ит жылынан әрқашан осылай үмітті боларымыздың, дәйім жақсылық күтетініміздің өзіндік себебі де жоқ емес. Аса әріге бармай-ақ, жүз жыл беріден қайырсақ, 1921 жылы Қазақстанда ауқымды ашаршылық болып, жүздеген мың өмірді жалмағаны белгілі. Ал осыдан кейін келген 1922 – ит жылы алапаттың беті қайтып, халық үзілген арқауды қайта жалғап, ит тіршіліктің итеңбай арбасына қайта жегіліп, итырғылжың өмірге қайтадан бет бұрып еді. Сол сияқты, 1931-1933 жылдар аралығындағы қазақтың тең жарымына жуығын опат еткен ғаламат нәубеттен кейін келген 1934 – ит жылы апатты тоқтатып, үміт сәулесін өшірмей қайта жандырған еді. Тағы бір мысалға жүгінсек, Германиямен соғыста жеңіске жетсек те, қансырап жығылған халқымыз үшін одан кейінгі, яғни келесі 1946 – ит жылы да жаңа тыныс ашқанын, бүлінген шаруаны қалпына келтіруді қолға алып, бейбіт өмірге, жарқын болашаққа бет түзегенін де әсте жоққа шығара алмаймыз. Осынау қиыншылықтар мен тауқымет, қасіреттердің бәрінен кейін дәйім ит жылы ақжолтай болып келіп, алдағы жақсылықтарға бастап отыруы тегін емес. Уақыт емші дейтініміз сол.
Иә, уақытпен санасқан абзал, уақыттың қадірін білген жөн. Ит – адамның досы, шаңырақтың, от басы, ошақ қасы, мешітті ғалам үйіңнің күзетшісі, бақ-берекеңнің, ырыс-құтыңның шырақшысы. Демек, ит жылының ырым-қасиеті ордалы Отанның, ел іргесінің берік болуын қалайды. Осы арада арғы төркіні Шумерде жатқан, белгілі әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов айтатын нұсқадағы: «Есігің берік болмаса, еліңде ерік болмайды» деген мақалын да ит жылындағы уақыттың бір үлкен талабы ретінде қабылдау ләзім дер едік.
Бүгінгі уақыт Ақан серінің Құлагерінен де жүйрік. Қазақтың ақиық ақындары жырлап, әншілері әнге қосқан айдай сұлу перизаттардан да кірпияз. Оған ілесе алмағандар замана күресінінде қалып қояды. Демек, қашса – құтылар, қуса – құтқармас әбжілдік керек-ақ. Жылға аты берілген құмай-тазының қасиеті осындай, ұраны – ұшқырлық. Олай болса, Мұқағали ақын айтқандай: «Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма!». Тағы да Мұқағали айтады: – Асығу керек, Тындыру керек барлығын, Ешкімнің күтпей жарлығын! Апармай кешке асығу керек, асығу, Түстегі ісіңнің қалдығын. Ит жылында ұлы Уақыт падишаның үдесінен шығуға асығайық, ағайын!.. Уақыт толғағы күтпейді. Уақыт толғамы осындай!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»