Көптеген болжамдарға сәйкес, 2018 жыл бүкіләлемдік қоғамдастық үшін өте күрделі жыл болады. Халықаралық қатынастар жүйесінің дағдарысы жағдайында әрбір дербес мемлекет жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үрдісіне өз үлесін қосуы тиіс. Қазақстан әлемдік күн тәртібінен шеткері қалмайды. Қалай десек те, бізді өңірлік және жаһандық деңгейдегі статус-квоға ықпал ететін бірқатар жағдайлар күтіп тұр.
Қазақстанның сыртқы саяси күн тәртібін ашатын маңызды оқиға – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық болып табылады. Бұл бір жағынан жауапты міндет, сонымен қатар ол Қазақстан үшін және жалпы Орталық Азия аймағы үшін маңызды саналатын проблемаларға бүкіл әлемнің назарын аударуға мүмкіндік болып табылады.
Сирия мәселесін реттеу үшін Астананың бітімгерлік әлеуетін пайдалану жалғасатын болады. Келіссөздердің кезекті раунды ақпан айында өтеді деп күтілуде. Осылайша «Азиялық Женева» өзін сириялық қақтығыстың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаң ретінде таныта бермек.
Биылғы жылдың көктемінде Астанада өтеді деп күтілетін Каспий саммиті де тарихи оқиға болуы мүмкін: бұл кезеңде Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою жоспарлануда. Бұл Каспий маңының бес мемлекеті арасындағы өзара тиімді әрекеттестік пен теңіздің табиғи ресурстарын пайдалану үшін өте маңызды шешім болып саналады.
Интеграциялық және инфрақұрылымдық жобаларды бірте-бірте жүзеге асыру жалғаса беретін болады. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Ол өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлар мен қызметтердің қозғалысына серпін береді. Одақтың жаңа кедендік заңнамасы электронды технологиялардың қазіргі заманғы мүмкіндіктері ескеріле отырып әзірленді. Онда кәсіпкерлерге пайдасын тигізетін көптеген жағдаяттар қамтылған. Осы құжаттың арқасында кедендік технологиялар цифрланатын болады. ЕАЭО-ның Кеден кодексі құқық қолдану тәжірибесінде қордаланып қалған мәселелерді жояды. Сонымен қатар Қазақстанның инфрақұрылымдық бағдарламалары мен бастамаларын «Бір белдеу – бір жол» жобасына біріктіру бойынша Қытаймен арадағы жұмыс жалғасады.
Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының бейресми саммиті болуы мүмкін. Айта кетейік, мұны Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бастама ретінде ұсынған еді. Қазақстан бұл бастаманы толығымен қолдайды және саммитті өткізуге платформа ұсынуға дайын.
Алдағы қазан айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді. Оның тақырыбы қауіпсіз әлем құру мәселелеріне бағытталып отырғаны да кездейсоқтық емес.
Дүние жүзіндегі саяси турбуленттілік, зорлық-зомбылық әрекеттер мен терроризмді ақтау үшін дінді пайдалану жағдайында діннің бейбіт табиғатын уағыздауды және радикалды экстремистік қозғалыстарға түбегейлі қарсылықты ұстанатын негізгі діни қайраткерлердің консенсусы қажет.
Ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі де өзекті мәселе болып қала береді. Сондықтан 2018 жылдың екінші жартысында Қазақстанның төрағалығымен өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) саммитінің күн тәртібі өте маңызды. Ұйымға төрағалық ететін ел ретінде Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда нақты әскери-техникалық ынтымақтастықты ұйымдастыру, терроризмге қарсы әрекет ету, киберқауіпсіздіктің қауіп-қатерлеріне қарсы тұру секілді маңызды басымдықтарды белгіледі. Бұдан бөлек Ұжымдық қауіпсіздіктің 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жөнінде бекітілген іс-шаралар жоспары мен ақпарат саласындағы кибер қауіп-қатерлерге қарсы тұру бағытында ынтымақтастықты нығайту мақсатында қол қойылған келісімдегі міндеттерді жүзеге асыру маңызды.
Қорыта айтқанда, Қазақстан алда күтіп тұрған халықаралық және аймақтық ауқымды оқиғаларға белсене қатысып, өзінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ұстанымдарын өзгертпейді.
Зарема ШӘУКЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры