Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына өз Жолдауын арнап, тәуелсіз Қазақстанның дамуының басты бағыттарын белгілеп келеді.
Соның нәтижесінде егемен еліміз әрқашанда жаңа биіктерді бағындырып, бүгінгі күні «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдаған, ең дамыған 30 елдің қатарына жету мақсатын көздеген айбынды мемлекетке айналды.
Енді осы ұлы мақсаттарға жетудің жаңа тарихи дәуірі басталды.
Елбасымыз халыққа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жариялап, өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің және табысқа жетудің 10 міндетін атап көрсетті.
Оның ішінде ең алдымен индустрияландыруға, әсіресе кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге, «Ақылды технологиялар» арқылы аграрлық ғылымды дамытуға, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуге, қаржы секторын қайта жаңғыртуға айрықша назар аударылып отыр.
Сондай-ақ Елбасының биылғы Жолдауында әр жылда негізгі міндетке айналып келе жатқан әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінді.
Онда жастарды жаңа технологиялық жағдайға дайындаудың маңызды шарттары айтылып, білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштері айқындалды. Осы ретте Елбасы білім беру мекемелері арасында бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру жүйесі енгізілетінін ерекше атап өтіп, азаматтарды әлеуметтік қаржылай қолдаудың басым бағыттарына тоқталды.
Елбасының заманауи даму жолдарын ескере отырып қазақ тілінің өркендеуіне, рухани жаңғыруға, халықтың денсаулығын нығайтуға баса назар аударғаны – Президентіміздің халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған ұлттық рухын көрсетті.
Сонымен бірге алдағыны болжап, ертеңгісін де оза ойлайтын, барша қазақстандықтарды, бүкіл мемлекетті әлемдік өркениетке жетелейтін, көреген көшбасшы, саяси қайраткер, тарихи тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді.
Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауы – заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтын, барша қазақстандықтарды ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, әрбір азаматты нақты іс-әрекетпен өсуге жетелейтін, біртұтас ұлт болу қадамымызды айқындайтын өте маңызды құжат. Оны жүзеге асыру әрқайсымызға, соның ішінде біздің Парламент депутаттарына зор жауапкершілік жүктейді. Оны абыроймен атқару баршамыздың абыройлы міндетіміз.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, Парламент Мәжілісінің Төрағасы