Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы жергілікті өкілетті органдардың жұмыс өрісін кеңейте түсті. Бұл іс, әсіресе, Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында барынша жанданып отыр. Мәселен, Еңбекшілдер аудандық мәслихаты өздеріне жүктелген жауапты міндет – мемлекет пен халық арасындағы ұтымды байланыстарды нығайтып, Жолдауда алға қойылған, 10 жылдық мерзімді қамтитын тапсырмалардың табысты орындалуына ықпал жасауда.
– Ауданымызда жыл мәресіне жақындар тұста, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында мемлекеттік-саяси құрылымдар, жалпы ел азаматтары қоғам алдындағы парыз-міндеттемелерін екшеп, өзіндік есеп беретін дағды қалыптасқан, –дейді аудандық мәслихат хатшысы Марат Исажанов. –Бізде 2007 жылғы сайлаудан кейін жұмысты ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті де білімді депутаттық корпус қалыптасты. Мені сессиялардың күн тәртібін белгілеудегі белсенділік пен жауапкершілік қызықтырады. Барлық мәселе атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен әрі ашық түрде қаралуы халық арасындағы беделімізді көтере түскендей. Оған тұрақты комиссиялардың қарауына екі жүзге жақын өтініш, ұсыныс, тілектер келіп түскені айғақ. «Нұр Отан» ХДП 10 адамнан тұратын депутаттық фракциясының абырой қарымы да жоғары.
Аудан тіршілігі оның бюджетін қалыптастырудан басталады десек, депутаттар бұл орайда да ілкімділік танытқаны жыл бойғы жұмыс нәтижесінен көрініп тұрғанын айтуымыз керек. Аудан экономикасы екі шақырылым аралығында күрт серпіліс бастап, өңірде дәстүрлі аграрлық қана емес, аграрлық-индустриялық бағыт қалыптасты деуге негіз бар. Мұнда 329 ауыл шаруашылығы құрылымы табыс арнасын ұлғайтты. Диқандар 195,1 мың гектардың өнімділігін арттырды. Мал түлігінің барлық түрінен өсім байқалады. Өріске 25 мың ірі қара, 30 мыңнан астам қой, 6 мыңның үстінде жылқы шығарылса, құс саны 800 мыңнан асып түседі. Ет, сүт өндірудегі кестелі тапсырма асыра орындалуда. Жалпы, салаға жұмылдырылған инвестицияның көлемі 4 миллиард теңгеге жақындапты. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру мақсатында «Kaz Meat Beef Ltd» ЖШС қарауында 500 ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен Мамай ауылында 1000 бастық екі асыл тұқымды шаруашылық құрылды. Кеңащы ауылындағы инвестициялық жобаның нәтижесінде 5 мың бастық бордақылау алаңы қазірдің өзінде күткендегідей қайтарым беруде. «Ақ-Бас» ЖШС Астана қаласындағы 3 фирмалық дүкені арқылы тұрғындар дастарқанын молайтып отыр. Осы бағыттағы «Қазгер Құс» заманалық фабрикасы биік міндеттер үдесінен шығуда. Сондай-ақ, аудан тау-кен өндірісін дамытып, темір, алтын қоспасы, қорғасын, әк рудаларын шығарып, ірі цемент зауытын салып жатыр.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы сапарында аталған еңбек ұжымдарында болып, ризашылық сезімін білдірді.
Ортақ табыстың орайын келтіруде халық қалаулыларының тікелей еңбек ұжымдарында жиі болатындығы елеулі серпіліс жасайтындығын айтады мәслихат хатшысы. Депутаттардың құс фабрикасында, «Әлімғожин С.Б.» жеке кәсіпкерлігінде, «Бүркітті» туристік-сауықтыру кешенінде, Үлгі және Макин ауылдық округтерінде көшпелі мәжіліс өткізуі тұрақты комиссиялардың салмақты шешімдер қабылдап, нақты іске жол ашқаны байқалады. Мәселен, Үлгі ауылындағы мәдениет үйін жөндеуге қатысты аудандық бюджетке өзгеріс енгізілген. Қазір мәдениет ошағының маздақ шамы жарқырай жануда. Осындағы мектеп оқушылары соңғы жылдары халықаралық медиафестивальдің жеңімпазы, бес пәннен республикалық байқаулардың жүлдегері атанып отыр.
Депутаттар Макин ауылдық округіндегі кездесуге аудандық мекемелер басшыларын да қатыстырғаны құптарлық. Мұнда «Балдырған» бала бақшасының пайдалануға берілуі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын сәтті жүргізуге септік жасағаны көрініп тұр. Ал, жергілікті мектеп оқу-тәрбие жұмысы жөнінде көпке үлгі болғанымен, мектеп директоры Бикеш Смайылова қазандыққа дейінгі электр бағаналары әбден ескіргендігі алаңдататынын айтты. Аудандық электр жүйесінің бастығы С.Сәкенов бұл мәселенің қатаң бақылауға алынатындығына уәде берді.
Көшпелі мәжілісте Макин ауылының әкімі Әсет Шәріповтің есебі тыңдалды. Округте 3402 тұрғыны бар 6 елдімекен орналасқан. Бізді жергілікті азаматтардың еңбек белсенділігі қызықтырды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде 86 адам, шағын және орта бизнесте – 112, шаруа қожалықтарында – 170, келісім-шарт және жалдамалы жұмыста – 129, жеке қосалқы шаруашылықта 749 адамның нәпақа табатыны үлгі-насихатқа тұрарлық. Әсіресе, «Астана-Бурабай» автобанының іске қосылуы жол бойындағы сервистік қызметті дамытып отыр. Былтыр жеке тұлғалардың өзінен 2,5 миллион теңге салық түсуі шағын бизнестің дамуындағы ілгерілеушілікті білдіреді.Осындағы 40 шақырымдық жолға асфальт төселгені, 115 миллион теңге инвестиция жұмылдырылып, Макин ауылының су жүйелері күрделі жөндеуден өткізілгені, ауылдарда денсаулық сақтау ісіне көңіл бөлініп, мәдени-спорттық шаралар үзбей өткізіліп келе жатқаны оң бастамалар көрінісі. Жергілікті көркемөнерпаздар соңғы жылдарғы байқауларда үш рет жеңімпаз атанды. Ауылдарға жыл сайын орта есеппен 30 отбасы көшіп келетіні жақсы ойларға бастайды.
Мәжілісте аудандық әділет басқармасының бастығы М.Шаужанова, аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Ш.Омаров, «Макинка» ЖШС директоры Ю.Гостик, Мемсанэпидемқадағалау басқармасының жетекші маманы Г.Имақова, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Е.Кенжебаев тұрғындар сұрағына толымды жауаптар қайтарды.
Аудандық мәслихат тұрақты комиссиясының төрайымы Құралай Хамитованың осы сапардан жазған есебіндегі кемшіліктерге қатысты атқарушы билік органдарына тиісті ұсыныстар жолдады.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы,
Еңбекшілдер ауданы.