Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Жолдаудағы он бағытқа жеке-жеке тоқталған облыс әкімі Мемлекет басшысының бұл саяси құжаты төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап бергенін айтты.
– «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап көрсетті Елбасымыз. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялық аймақ пен 1 арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін барынша тиімді жүзеге асыруымыз керек. 2017 жылы индустриялық аймақтарды дамытуда 9,4 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асты. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге міндеттіміз. Бүгінде қолданыстағы кәсіпорындарда жаңа цифрлы технологиялар енгізіліп, өндірістер дамуда. Мәселен, өндірісте заманауи технологияны пайдалану арқылы атмосфераға кететін залалды төмендетіп, өндіріс циклының уақыты мен энергия шығынын азайтқан дұрыс. Бұл өнімділікті еселеп, арттырады деген сөз.
Елбасының екінші қойып отырған міндеті – «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Президент бұл салада табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу мен үнемдеуге үндеп отыр. Өңірімізде бұл бағытта да жұмыстар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен кейін белсенді түрде қолға алынғанын білесіздер. Өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазығұрт аудандарында гидроэлектр стансалары іске қосылды. Сонымен бірге Шымкент қаласында кәріз су қалдықтарынан биогаз алатын Орталық Азияда баламасы жоқ кешен пайдалануға берілді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр. Қазіргі уақытта облысымыздың бірнеше аудандарында шетел инвесторларымен бірлесіп күннен электр энергиясын өндіретін нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жасыл экономиканы дамыту бойынша облыста жүзеге асырылатын 26 жоба енді жаңа бағытта қарқын алатын болады, – деді облыс әкімі.
Жолдаудағы үшінші міндет «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» болып отырғанын айтқан облыс әкімі аграрлық аймақ Оңтүстік Қазақстан еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды қолдануда көш басында тұрғанын атап өтті.
Мәселен, тамшылатып суару әдісі 7,5 мың гектар жерге ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетті. Бұл республикалық үлестің 72 пайызын құрап отыр. Ал қарқынды баудың көлемі 2,8 мың гектарға жетіп отыр. Интенсивті бақ, тамшылатып суару, жылыжайлар бағыттарында озық технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Биыл да жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Ал Мемлекет басшысы айтқан төртінші бағыт, яғни көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бойынша берген міндеттемесін жүзеге асыруда Оңтүстіктің мүмкіндігі мол екені өздеріңізге аян. Мәселен, «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» жалпыұлттық телекөпір барысында Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығында А+ санатындағы кешен іске қосылған болатын. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі мен темір жол желісіне жақын орналасқан жаңа көлік-логистикалық орталықтың географиялық тұрғыдан тиімді орналасуында. Бұл өңірді көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға және Қазақстан аумағы арқылы айналымды ұлғайтуға ықпал етеді. Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аумағы 242 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда кедендік ресімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері «бір терезе» қағидатымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған, деді әкім.
Қазақстандықтардың ең өзекті әлеуметтік проблемасы – баспана. Сондықтан да Елбасы өзінің Жолдауында тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып отыр. Ж.Түймебаев биыл Оңтүстікте 245 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүрзіліп, оның 91-і, яғни 4 733 пәтер пайдалануға берілгенін жеткізді. Сондай-ақ әкім өткен жылы басталған 154 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, осы жылы тағы да 100 көп қабатты үй салына бастайтынын айтты.
Дамудың 10 бағытын айқындаған Елбасы Жолдауы жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат болып табылатынын жеткізген өңір басшысы саяси құжатты түсіндіру және насихаттау жұмыстары бойынша желілік кесте, медиа-жоспар жасауды тапсырды. Сонымен қатар әкім барлық деңгейдегі әкімдер мен халық қалаулыларын, ардагерлер және қоғамдық ұйымдар мен сала белсенділерін халық арасында насихаттау жұмыстарына, негізгі басымдықтарының жоғары деңгейде жүзеге асырылуына белсенді атсалысуға шақырды.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы