1995 жылы жаңа Конституциямыз қабылданған кезден бастап ел азаматтары сотта заң бойынша өз құқықтарын қорғауға, барлық дерлік дауларын сот арқылы шешуге толық мүмкіндік алды. Алайда қазіргі күні осы талаптар өз шешімін тауып келе ме? Әркімнің өз конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау қалай қамтамасыз етілуде? Бұл мәселелер кімді болса да ойландыратыны анық. Міне, осыған орай кеше Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысы болып өтті.
Аталған кеңейтілген кеңесте еліміздің Жоғарғы Сотының әркімнің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауын қамтамасыз ету, сондай-ақ сот органдарының адам құқықтары саласындағы ратификацияланған халықаралық шарттар нормаларын қолдану жөніндегі қызметі талқыланды. Бұл үшін отырыстың жұмысына республика билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының өкілдері, адвокаттар, құқықтанушы ғалымдар, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Әуелгі баяндаманы Жоғарғы Сот судьясы Ә.Жүкенов жасады. Ол өткен кезең ішінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, елдің конституциялық құрылымын, біртұтас экономикалық және құқықтық кеңістігін қорғау жолында өз өкілеттіктерін жүзеге асыратын сот билігін өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекеттік билік тармағы ретінде орнықтыру жөнінде белгілі бір шаралар жүзеге асырылғанын атап көрсетті. Еліміздің Жоғарғы Сотының Қазақстанның әрбір азаматының өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауын қамтамасыз ету барысын және адам құқықтары саласындағы ратификацияланған халықаралық шарттар нормаларын сот органдарының қолдану жәйі туралы жан-жақты айтып берді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда үш буынды сот жүйесі құрылған. Мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық, әскери соттар жұмыс істеуде. Қазақстанның құқықтық жүйесіне 2007 жылдан бастап алқабилер институты енгізілді. Қазақстанның сот жүйесінде соттың санкциясымен тұтқындау жөніндегі ерекше өкілеттіктер 2008 жылдан бастап прокуратура органдарынан алынып, сотқа берілді. Осы қадам мемлекеттің бүкіл әлемде қабылданған адам құқықтары саласындағы жалпыға бірдей танылған стандарттарға бекемдігінің жарқын көрінісі болып табылады. Осы орайда үстіміздегі жылы еліміздің Судьялардың халықаралық ассоциациясының толық мүшелігіне қабылдануы Қазақстанның судьялар қоғамдастығының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын тану болып табылады. Осылайша сот реформасы Қазақстанда жүзеге асты деп айтуға болады. Алайда, орныққан үш буынды сот жүйесі жеткілікті дәрежеде тиімді болмай шықты. Халықтың облыстық соттардан алыстап кеткені байқалады. Азаматтар облыстық сатыларды айналып өтіп, тікелей Жоғарғы Сотқа жүгінетін болып алды. Осы қателіктер облыстық соттарда түзетілуі керек еді. Өйткені, Жоғарғы Сотқа Конституция бойынша жүктелген жергілікті соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру міндеті сот істері бойынша қадағалаумен алмастырылды.
Сондықтан облыстық соттарда заңды күшіне енбеген шешімдер мен үкімдер туралы шағым беру бойынша аппеляциялық алқа және заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау бойынша кассациялық алқа құрылады. Осының арқасында қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ ел аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын әр адамның сот арқылы өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық стандарттардың ықпалымен зор мәнге ие бола бастады. Адам құқықтарының аса маңызды құндылық екенін халықаралық қауымдастық пен біздің мемлекетіміз қазір мойындап отыр. Қорытындылай келгенде отырыста сот жүйесінің ашықтық пен айқындылық деңгейін жоғарылату қажет екендігі айтылып, сот төрелігін демократизациялаудың маңызды компоненті болып табылатын халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа қол жетімділігін ұлғайту, сондай-ақ халықтың сотқа деген сенімін одан әрі арттыру қажеттігі сөз болды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ІІМ Жол полициясының қызметін жетілдіру, жол қозғалысы қатысушыларының құқықтарын халықаралық стандарттарға сәйкес қамтамасыз ету жөніндегі аталған комиссия ұсынымдарын жүзеге асыру туралы баяндалды. Комиссия ұсынымдары Елбасыға, Жоғарғы Сотқа, Парламентке және Үкіметке жолданатын болады.
Александр ТАСБОЛАТОВ.