Хафиз Матаев сонадайдан саңырауқұлақ тәріздес бұлттың көтерілгенін көргенде бірден жерге жабыса түсетін. Алпыс жыл бұрынғы жарылыстың жаңғырығы оның есінен әлі шыға қойған жоқ. «Сол күні біз жерден шыққан гүрілдеген дауысты естідік», – дейді ол.
81 жастағы Матаев Кеңес Одағының басты ядролық сынақ алаңына көршілес елді мекенде ғұмыр кешкен. Ол жарылыстың артынша іле-шала ауылдарында сеңгір көкті қаптап кететін қызған құмның жауынына еті үйреніп өсті.
Бұрынырақта мектеп директоры болған ол өзінің ұзақ жасауын ақыр-соңында ол мекеннен көшіп кеткенімен байланыстырады. Әкесі де, шешесі де обырдан қайтыс болды. Кейіннен ағасы да сол аурудан көз жұмды. «Бұл менің басымдағы қасірет», – дейді ол.
Кеңес өкіметі Қазақстанның шығысындағы Семей полигонында 1949 бен 1989 жылдар аралығында 456 ядролық сынақ өткізген. Бірінші жарылыстан тура 42 жылдан соң, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұдан бірнеше айдан соң Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Бұл елдің ядролық қарусыздануына кең жол ашты. Орталық Азиядағы мемлекет Кеңес Одағынан «мұраға» қалған ауқымы жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан ерікті түрде бас тартты. Оны жоюда Қазақстанға әлемдік қоғамдастық қолдау көрсетті. «Жаңа мемлекеттің күші ядролық қаруды иеленуде емес, оны қолданбау мен одан толық бас тартуда деп шешті халқымыз», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақындағы сөздерінің бірінде.
* * *
Қазақстан өз басынан өткерген ядролық сынақтың нәубеттерін елге тиесілі арсеналдан ерікті түрде бас тартуы арқылы қабылдаған шешімімен қуаттай түсті. Сынақтан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. «Радиациялық сәуледен экологиялық апатқа ұшыраған аймақ 300 000 шаршы шақырымды алып жатыр, бұл Германия сияқты Еуропаның алып мемлекетінің аумағына парапар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев полигонның жабылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген конференцияда.
1953 жылы сынақ жүргізілгенде ауылдағы басқа тұрғындармен үш ай бойы киіз үйлерде тұру үшін көшірілгендерін еске алады Матаев ақсақал. «Олар бізге жарылысқа қарамаңдар деп ескерту жасады», – дейді ол. «Бірақ жастар әуесқой, қызыққыш емес пе», – деді артынша.
Әйтеуір, сол жылы тым болмаса ескерту жасалды. Араға төрт жыл салып бірінші сынақтар өткізілгенде құзырлы органдар оның ата-анасына ешнәрседен қорқудың қажеті жоқтығын айтыпты. «Одан еш қорқудың қажеті жоқ деп айтып еді», – деп еске алады ақсақал.
Ауданы 18 500 шаршы шақырымды құрайтын полигонның аумағын сол кездегі Иосиф Сталинге қарасты кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік басшысы Лаврентий Берия таңдаған болатын. Таңдалған орын тұрғылықты адамы жоқ жер саналған еді. Бірақ, шын мәнінде ол жерді мекен еткендер бар болатын. Көп ұзамай олар түрлі ауруларға шалдыға бастады.
Жергілікті емшілерге обыр не лейкемия сынды диагноз қоюға ресми түрде тыйым салынған-ды. Олар, сонымен бірге, бертін келе жария болған Кеңес өкіметі заманындағы жазбаларға сәйкес осы аймақта өз-өзіне қол салу көрсеткішінің республикалық орташа көрсеткіштен екі есе көп болғанын да жасырып қалған. «Бәрі де мұның зиянды екенін білетін, бірақ барар жер қайсы?» – дейді басқа бір тұрғын, 74 жастағы Мақсұт Қошжанов. Ол өзінің екі әпкесінің көз жұмуының себебі жарылыстың салдарында деп санайды.
Полигон аймағының кей жерінде радиацияның деңгейі күні бүгін де қауіпсіз көрсеткіштен жоғары.
* * *
АҚШ-тың энергетика мәселелері жөніндегі ресми өкілі Понеман (Poneman) сынақ алаңының жабылуын «айрықша үлгіге» балайды. Әлем бойынша ядролық сынақ саны соңғы онжылдықта айтарлықтай кеміді. Бұл уақыт аралығында тек Солтүстік Корея ғана халықаралық мораторийді бұзған болатын. Бір онжылдықта 500-ге жуық жарылыс жасалған.
Бұл Қазақстан үшін бүгін қайталануын ешкім қаламайтын ел тарихының ажырамас бөлшегіне айналды. «Бәрінен де бұрын, бұл жамандықты жеңу салтанаты болды», – деп атап өтті Қазақстан Президенті өз сөзінде.
Робин ПЭКСТОН.