Өркениеттің өріне шыққан ХХІ ғасырда мемлекеттер қантөгісті соғыстан бас тартып, кикілжіңдер мен келіспеушіліктер тек диалог үстелінің басында шешілуге тиісті екенін барлық елдердің көшбасшылары мойындауға тиіс еді. Керіс тым тереңге тартып, келісу еш мүмкін болмаған жағдайда тек экономикалық санкциялар арқылы ғана қысым жасауға болатынына әлемдік көшбасшылардың көзі жетіп, қазір сондай әрекеттер белсенді түрде іске асырылып отыр.
Алайда ондайды мойындамай, ХХІ жүзжылдықта да өткен ғасырлардың стандарттарымен ойлап, түрлі таласты күшке салып, тізеге басып шешкісі келетін көшбасшылар әлі де бар екені адамзатты қынжылтады. Ондайлардың кейбірі тіпті ядролық қаруға жүгінуден де бас тартпайтын сесін көрсетуде. Ал ядролық қару қолданылса қазір тыл деген болмайтынын, радиацияның ауаға тарап, барлық елдерге жетіп, соның ішінде өз елінде де мыңдаған, тіпті миллиондаған жазықсыз жандарды мұрттай ұшыратынын қалай ойламайтындығына таңғаласың.
Адамзатқа зор қатер төндіретін осындай залалды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тереңнен танып, одан толықтай бас тарту қажеттігін әлемдік ареналарда белсенді түрде айтуда және нақты ұсыныстар жасауда. 1991 жылғы Семей ядролық сынақ полигонын жабумен, одан 1994 жылы елдің ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартумен және басқа да іс-әрекеттермен ғана шектелмей, осынау қарудың жалпы адамзатқа тигізетін зардабын ашық мәлімдеп, одан жаппай бас тарту керектігін айтудан танған емес. 2015 жылдың 28 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясының мінберінен «Ядролық қарудан азат әлем» декларациясын қабылдауды ұсынды. Ондағы сөзінде жалғыз үндеу емес, осы бағытта нақты әрекет жасау керектігін ашық айтты. 2016 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында бұл декларация 133 мемлекеттің қолдауы, 23 мемлекеттің қарсылығы және 28 мемлекеттің қалыс қалуымен қабылданды.
Тұтас адамзаттың мүддесіне сай болса да, оған да қарсы дауыс бергендер болғанын көріп отырмыз. Сөйтіп жалпыға ортақ декларацияны Қазақстан дипломатиясы жаппай мойындалған принциптер мен қол жеткізілген келісімдерге негіздеп, консенсустық құжат ретінде әзірлегенімен оны барлық елдер бірауыздан қабылдауға дайын емес екендігі көрінді. Ядролық қаруы бар кейбір елдер мен олардың жақын одақтастары аждаһадан бас тартудан жалтарып, өздерінің әлі де «ядролық қолшатырдың» астында қала беруді қалайтынын білдірді. Бұл тактикалық саясаттың мүддесін жалпыға бірдей бейбіт өмір талабынан жоғары қоятындардың аз емес екендігін де көрсетті.
Барша адамзаттың пайдасын көздейтін осындай бастаманың Қазақстаннан, біздің Елбасымыздың тарапынан шығуының өзі еліміз үшін үлкен мақтаныш. Әлемнің озық ойлы адамдарының, сарапшылар мен мамандардың өз елдерінің көшбасшыларына қазақстандық бастаманың маңыздылығын ұғындыра біліп, оның БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылдануы – жас мемлекеттің әлемдік аренадағы салмағы мен беделін де арттыра түсті. Ал бұл құжатты ілгерілетумен қазақстандық дипломатия 5 жыл бойы айналысқан.
Өзінің БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан азат әлем декларациясын қабылдауды ғана ұсынып қойған жоқ, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойы болатын 2045 жылға дейін бүкіл дүние жүзі ядролық қарудан азат болып, оны мүлде қалмайтын жағдайға жеткізу қажеттігін де айтты. Әрине, Қазақстанның бұл бастамасы барлық мемлекеттер бірлесіп, күш біріктірсе ғана іске асады. Сонымен бірге оны ғаламдық және аймақтық халықаралық ұйымдар белсенді түрде қолдап, бейбіт әлем орнатуға деген өздерінің міндеттеріне адал болса ғана бастаманың орындалуына мүмкіндік туатыны сөзсіз. Әзірге аталмыш ұйымдар, соның ішінде БҰҰ бұл бастаманы белсенді түрде қолдауда.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті аталмыш мінберден «Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын әлемдік бірыңғай желі құруды» ұсынды.
Айта кететін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында аталмыш бастамасын жариялаған соң 2016 жылдың 31 наурызында өзінің «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» атты манифесін жариялап, ол да әлемге кеңінен таныстырылды. Осы құжатта Президент ғаламдық декларацияның маңызы мен оның қажеттілігі туралы айтты. «Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!» дей келіп, «Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін», деген еді.
Сонымен бірге ол «Ядролық қаруды таратпау туралы» шарттардың өз міндетін орындай алмай отырғанын да сынады. Сондай-ақ Елбасы ғаламшардың «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа белесіне шыққанын атап өтті. ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарғанын және бес ядролық державаның атом қаруын сынауға мораторий жариялап және оны ұстанып келгенін еске сала келіп, өкінішке қарай бүгінгі таңда жаңа сипаттағы текетірестер туып отырғанына өкініш білдірген. «Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Мұның басқа баламасы жоқ. Бұл міндетті әлемдік көшбасшылар жаһандық күн тәртібіндегі өзге проблемалардың аясында абсолютті басымдық ретінде қарастыруға тиіс», деді ол.
Сөзінің тоқ етерінде Президент адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқымды бағдарлама қабылдау қажеттігін айтып, оның қарастыруға тиісті міндеттерін санамалап берді. Соның ішінде өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат керек және оны орындауды міндеттеу маңызды, деген еді Н.Назарбаев.
Қазір біздің Президенттің бастамасын қолдауға қарсы болған мемлекеттермен жұмыстар жүргізіліп, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі олардың өз позициясын өзгертулеріне күш салуда. Аталмыш декларацияны кезең-кезеңмен іске асыру көзделіп отыр. Ол үшін барлық мемлекеттердің декларацияны іске асыру барысы туралы есеп беру тетігі қарастырылған. Бұл әлемдік қоғамдастықтың назарын декларацияның мақсаттары мен принциптеріне үнемі аударып отыруға мүмкіндік береді. Декларацияның іске асырылуы өте күрделі процесс, ядролық қаруға жылдар бойы миллиардтаған қаражат шығарып, ақыры жасауға қол жеткізген мемлекеттердің енді одан бас тартуы қиын, әрине. Сондықтан олар ядролық қаруды таратпау сияқты келіссөздермен шектелуді қалайды. Мұның өзі келіссөздердің үнемі жалғаса беруімен адамзатты алдарқатады. Ал А.Чеховтың «сахнада мылтық ілулі тұрса, ол ойын біткенше бір атылуға тиіс» деген атақты сөзіне сүйенсек, сақтаудағы ядролық қару – қаупі үнемі үзілмейтін аждаһа. Оның үстіне соңғы жылдары өкімет басына халықтың арасында, биліктің құрылымдарында, саясаттың қалыбында пісіп-жетілген емес, популистік ұрандармен, жауапсыз мәлімдемелермен, ақшаның күшімен өткен кездейсоқ адамдар да шықты. Кілті осындайлардың қолына түскен аждаһаның адамзатқа төндіретін қаупі арта берері сөзсіз. Сондықтан Н.Назарбаевтың оны түп-тамырымен құрту керек деген ұсынысына түсіністік білдіріп жатқандар қатары жыл сайын өсіп келеді. Алайда ядролық державалар оны жоюдың уақытын нақты белгілеуге қарсы. Сол себептен Н.Назарбаевтың ұсынысымен қабылданған декларация барлық жақтың мүддесін ескеріп, мәселеге реалистік тұрғыдан қарап жасалған. Ол ядролық арсеналды жою процесін уақытпен белгілеумен қатар нақты мерзімін көрсетпеген, сонымен қатар құжатта жойылу уақыты барлық елдермен келісілуі керектігі айтылады.
Қазақстанның ғаламдық тыныштықты сақтау жолындағы бастамаларының бірі – АТОМ жобасы. Ағылшынша «Abolish Testing – Our Mission» деген сөз тіркесінің бас әріптерінен құрастырылған бұл аббревиатураның қазақша мағынасы «Біздің миссиямыз – сынақтарды тоқтату» дегенге саяды. Онда барлық әлем Семей сынақ полигоны аймағы және әлемдегі басқа да ядролық сынақ жасалған мекендер тұрғындарының қасіретімен тереңнен таныса түсті. Жапония, Ресей, АҚШ, Норвегия, Германия, Австрия, Чехия, Үндістан, Мексика және т.б. елдерге тікелей таныстырылған бұл жобаны әлемнің миллиондаған адамдары қолдады. Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған үндеуінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Н.Назарбаевтың антиядролық бастамаларына ғаламдық мінберден жоғары баға берді. Сонымен бірге әлемнің айтулы сарапшылары мен осы сала мамандары да оның еңбегін жоғары бағалауда. Осыларды көріп отырып бүгінгі таңда ғаламдық проблеманың шешілуін, адамзаттың аждаһадан құтылуын жан-тәнімен қалап жүрген жалғыз Елбасы Президент Нұрсұлтан Назарбаев екенін білесің.
Н.Назарбаевтың бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан Қазақстанға нақты пайдалар да келтіруде. Оның мысалына жуырда ғана Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы Екінші комитетінің қабылдаған қарарын айтуға болады. 23 мемлекет өкілдері қатысатын осы комитет консенсустық негізде Семей ядролық полигоны тұрғындарын оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және осы аймақты экономикалық тұрғыдан дамыту мақсатын халықаралық ынтымақтастық және әрекеттерді үйлестіру жолымен іске асыру жөніндегі келісім құжатын қабылдады. Бұл қарар БҰҰ Бас Ассамблеясында бекітілмек. Құжат бекітілсе, әлемдік қауымдастық тарапынан аталмыш мақсатқа қыруар қаражат бөлінетіні сөзсіз. Осының өзі тікелей Н.Назарбаевтың беделінің арқасында қолға алынып жатқан мәселе екені даусыз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»