Елбасы кезекті Жолдауында дамыған және өнеркәсіптік бәсекелес жағынан күшті елдердің қатарына қосылу үшін алдымызда тұрған басты міндеттерді айқындап берді.
Қазақстан мемлекеті үшін Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне енудегі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарына заң үстемдігін қамтамасыз ету мен жемқорлықпен күресу жататынын қадап айтты. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру арқылы азаматтарға мемлекеттік органдар тарапынан көрсететін қызметтердің сапасын арттыру тапсырылды.
Демек мемлекеттік органдардың қызметтерін цифрландыруды жүзеге асыру үшін бейімделген заңнама, бизнесті, білім мен ғылымды қолдау шаралары бизнесті жүргізу рәсімдерін жеңілдету, мемлекетпен өзара әрекеттесу кезінде транзакциялық шығындарды қысқарту түрінде қолдау инфрақұрылымы жасалынады. Осылай мемлекеттік органдардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасы қолжетімді, клиенттерге бағдарланғандық, ашықтық сипат ала отырып, мемлекет еңбек өнімділігін арттыру арқылы қызметтердің сапасын күшейтеді.
Тәуелсіз сот төрелігі мен құқық қорғау жүйесінің жұмысы тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заң талаптарын қатаң орындауға және қоғамда құқық тәртібін нығайтуға бағытталады. Биылғы Жолдауда көрсетілген міндеттер осы қызметтерді іске асыру үшін жол ашып берді.
Президент Жолдауында қолданыстағы заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілгенін келтірді. Яғни қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарының қорғалуын күшейтуге және қылмыстық процестің қайталануын азайтуға; оның ішінде адвокаттардың құқықтарын кеңейту есебінен жарыспалылықты арттыруға; сотқа дейінгі сатыда соттың бақылауын кеңейтуге; процестік өкілеттіктерді нақты бөлуге; қылмыстық процесті жеңілдетуге және үнемділікпен жүргізуге бағытталған өзгерістердің енгізілгенін меңзейді.
Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалғанына тоқтала келе, сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жұмысы әлі де жалғасып жатқанын ескерте кетті.
Елбасы Жолдауында берілген айрықша тапсырмалардың бірі – азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету. Республиканың Президенті – адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бiр түрiнiң конституциялық құқық деңгейiне жеткiзiлуi және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың өзі құрайтын жүйелер мен құрылымдар арқылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді өзінің ерекше міндетіне алғандығын білдіреді.
Қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру және Конституцияның ережелері мен нормаларын жүзеге асырудың тетіктерін жасау қоғамдық тәртіпті сақтаудың алғышартының бірі болып табылады.
Жолдаудағы тағы да бір назар аударатын жайт, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек деп еліміздегі азаматтардың жеке өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі көрсетілгендігі. Заманауи интеллектуалды жүйелерді белсенді енгізу адамдардың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік жасау арқылы қоғамдық тәртіпті сақтаудың бірден-бір жолы. Міне, осылайша саралай келгенде Президент Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауы әр қазақстандық үшiн ерекше маңызды, көпшілік асыға күтетін әр азаматтың жеке жоспарына діңгек болып табылатын маңызды бағдарламалық құжат дейміз.
Үнзила ШАПАҚ,
Конституциялық Кеңес мүшесі,
заң ғылымдарының докторы