Төменде Ақмола облысының Степногор қаласынан фоторепортаж беріліп отыр.
Солтүстік Қазақстандағы уран кеніштерін игеру мақсатында құрылған Степногор қаласы Ақмола облысының ірі индустриялық орталығы саналады. Мәскеудің тікелей әміріндегі шаһар жабық режімде жұмыс істегендіктен, КСРО құласымен іргесі сөгіліп, күйрей бастаған. Қаланы нәрлендіруші қуатты кәсіпорындардың өзі лезде банкрот болып жатты. Әйткенмен, ол тез есін жиды. Сондықтан, Степногорді тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы сұрапыл сындарға төтеп берген, ел басшылығының салиқалы саясатының, жұртшылықтың табандылығы мен қажыр-қайратының үлгісін бейнелеген қала деуімізге болады. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 10 жылдық мерекесіндегі салтанатқа арнайы қатысып, 17 ұлттың өкілі тұратын степногорлықтарға тұтқалы міндеттер қоюы да жалпы серпіліске қуат бергені анық. Степногорде машина жасау, тау-кен, металлургия, химия өндірісі, энергетика, биотехнология жақсы дамыған. Жыл басынан бері мұнда 47362,1 миллион теңгенің тауарлы өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылғы деңгейдің 134,4 пайызы. Былайша айтқанда, қала облыс өнеркәсібінің 40 пайыздық үлесін иемденеді. Осынау шырайлы шаһардағы «Тау-кен комбинаты» ЖШС, «Подщипник зауыты» АҚ, «Целингормаш», «Тау-кен жабдықтары зауыты», «Джет-7» ЖШС мен «Қазақалтын тау-металлургия концернінің» іргелі табыстары байтақ елімізге кеңінен мәлім. Сондай-ақ, соңғы жылдары Степногор заманалық кәсіпорындарымен әлем назарына ілігіп отыр. «Сага Крик Гол Компани» Доре қорытпасындағы алтын өндірсе, «Құнарлы» мен «Тепличные технологии Казахстана» озық үлгідегі жылыжайларының біріншісі жылына 6 миллион дана қалампыр гүлін өсіріп, екіншісі, ел дастарқанына жылына 1832 тонна қызанақ, қияр, аскөк ұсынуда. Инновациялық технологиядағы мал дәрігерлік биологиялық дәрі-дәрмектер, мал мен құсқа арналған белок-витамин-минералды қоспалар, өсімдіктерді химиялық қорғау құралдары, спирт жоғары сұраныстағы өнімдер саналады. Индустриялық даму бағдарламасы шеңберінде пайдалануға берілген «Арыстан» ЖШС жылына ауқымы 20-1200 мм. 25 мың тонна құбырлар шығаруда. Өнім түрін көбейту мақсатында тағы да алты технологиялық желіні іске қосу жоспарланған. Бұл 2012 жылдың соңына қарай жоғарыдағы көрсеткішті 35 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде жұмыс орнының саны 50-ге көбейіп, 300 адам тұрақты жалақымен қамтамасыз етіледі. Бұған қосымша, «Жылына 180 мың тонна күкірт қышқылын шығаратын зауытты қайта құру», «Звездное кен орнының Шығыс бөлігін игеру», «Тепличные технологии» ЖШС-да «Жылына 60 тонна балық пен ашық алаңда 12 мың тонна көкөніс өндіру» инвестициялық жобалары қолға алынған. Қаладағы 22 шаруа қожалығы 36826 гектар жерді күтіп, баптап, игілік жинап отыр. Бұл өнімдерді қайта өңдеуде «Молторг» ЖШС озық келеді. Кәсіпорын қазірдің өзінде 41 миллион теңгенің 400 тонна өнімін тұтынушыларға жеткізді. Шағын бизнес құрылымдарының саны 4 мыңнан асады. Осының арқасында соңғы төрт жылда 7 мыңнан астам адам тұрақты нәпақа тауып жүр. «Жол картасымен» әлеуметтік жұмыс орындарын құруға, қайта даярлауға 50 миллион теңге игерілсе, биыл басталған жаңа бағдарлама аясында 167 адамды еңбекке тарту қарастырылуда. Степногорлықтар 32 білім беру мекемесімен, «Халықтық» атағы бар 10 шығармашылық орталығымен мақтана алады. Бөгенбай батыр атындағы спорт мектебінің түлегі, халықаралық дәрежедегі шебер Ирина Некрасова Пекин Олимпиадасында алғашқы күміс медальді жеңіп алып, көк туымызды аспандатқаны баршамыздың мерейімізді өсірді. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.
•
17 Қараша, 2011
Арқа төріндегі ажарлы қала
350 рет
көрсетілді