Америка Құрама Штаттары биылғы сыртқы саясатындағы екіжақты қарым-қатынастарын Қазақстаннан бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін АҚШ-қа ресми сапармен келді. Араға 11 жыл салып жүзеге асып отырған бұл сапардың шын мәнінде саяси және экономикалық маңызы зор деп санаймыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үлкен Буштан басталған екі ел арасындағы қарым-қатынас бүгінде жоғары деңгейге жеткені белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті 2018 жылы Ақ үйге барған алғашқы қонақ болып отыр. Бұл Вашингтонның біздің елмен арадағы байланысқа ерекше көңіл бөліп отырғандығын көрсетсе керек.
Осы сапар аясындағы келіссөздер қорытындысы бойынша Ақорда мен Ақ үй басшылары ХХІ ғасырдағы қазақ-америка байланыстарын одан әрі тереңдету мәселелері қамтылатын екі мемлекет президенттерінің кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемесін қабылдайды деп күтілуде. Келіссөздер аясында сондай-ақ, бірнеше миллиард долларды құрайтын бірқатар келісімге қол қою жоспарланған. Осының өзі-ақ 26 жыл ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастарына Елбасының осы жолғы сапары мүлде соны серпін беретінін байқатады.
Бұған қоса, 2018 жылдың алғашқы айына келген Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі де сапардың салмағын еселей түсті. Елбасы мұхиттың арғы бетіндегі стратегиялық серіктес елмен ынтымақтастықты күшейтіп, дүниежүзілік мінберден ядролық қарудан азат ғалам құру идеясын қайта қозғамақ.
Қазақстанның ҚК төрағасы ретінде күн тәртібіне жаппай-қырып жою қаруынан бас тартуды ұсынуы кездейсоқ емес. Еліміз иелігінде ядролық қару бола тұра, одан ерікті түрде бас тартқан ең алғашқы мемлекет саналады. Қазақтың болашағы қаруда емес бейбітшілік пен тұрақтылықта екенін түсінген Елбасының осы шешімінің арқасында сансыз белестерді бағындыра білдік. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өзін тұрақтылықты төрге шығарған тірегі мықты мемлекет екенін көрсетті. Осы себепті болар, АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы ең сенімді серіктесіне айналдырып, екі ел арасындағы әріптестікке басымдық беріп келеді.
АҚШ пен Қазақстан басшылары жаһандық қауіпсіздік, аймақтық тұрақтылық, экономикалық қатынас, энергетика мәселелерін талқыламақ. Ақ үйдегі екіжақты кездесудің аталған тақырыптарға арналуы еліміздің Орталық Азия ғана емес, жалпы жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселесіндегі маңызын байқататыны анық.
2016 жылы еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Тынық мұхиты және Азия аумағынан 55 дауыс жинаған Тайландты артқа тастап, үлкен басымдықпен –138 дауыспен сайланған кезде әлемдік қауіпсіздік саласында Қазақстанның өзіндік орны бар екендігіне толық көз жеткіздік. Бұл – бүкіл әлем жұртшылығының Қазақстанның аймақтық және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі салмақты үлесін мойындауы. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Елбасының ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі егемен Қазақстанның бейбітсүйгіш ел ретінде позициясын нықтауға, әлемдік державалардың сеніміне ие болуға және нарықтық экономикаға қадам басқан жас мемлекетіміздің шетелдік инвестицияларды тартуына өз септігін тигізді. Одан кейінгі кезеңде Астана Таулы Қарабах мәселесі бойынша әділ мәмілегерлік позициясын танытты, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бейбіт келісімге келуге үлес қосты, Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңді реттеуде тиімді араағайындық көрсетті, Украина дағдарысын шешу бойынша Минск платформасын құруға атсалысып, Сирия мәселесін реттеуде жанжалдасушы тараптардың басын Сарыарқа төсінде келіссөздер үстеліне жинай алды. Бұл – Елбасының ғаламдық деңгейдегі мәмілегерлігінің, Қазақстанның көпвекторлы саясатының жемісі.
Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын дамытып, түрлі сынақтарды үдетіп, ғаламдық бейбітшілікке қауіп төндіріп тұрған уақытта Қазақстан секілді ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекеттің әлемдік қауіпсіздік және бейбітшілік бойынша ең ықпалды ұйымға мүше болуы заңды құбылыс. Өйткені Қазақстан бұл тұрғыда бірізділік танытып келе жатқан мемлекет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлемде қуаттылығы жөнінен төртінші орындағы ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, әлем елдерін ширек ғасырдан астам уақыт жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартуға үндеп келеді. Мәселен, 2016 жылы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде жарияланған Елбасының ядролық қарусыз, соғыссыз және зорлық-зомбылықсыз болашақ құруға шақыратын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі түрлі халықаралық мінберлерде қызу талқыланып, қалың қолдауға ие болды. Нәтижесінде манифест БҰҰ Бас Ассамблеясы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Осы ретте ұйымның Бас хатшысы Антониу Гуттериштің де Қазақстанға ерекше ықыласы бар екенін атап өткіміз келеді. Бас хатшы болып сайланбас бұрын Гуттериш мырза Қазақстанға келіп, Елбасының батасы мен қолдауын алып кеткен болатын. Содан бері бас ұйымның бас хатшысы еліміздің бастамаларын тұрақты қолдап келеді. Өткен жылдың соңында әлемдік қауымдастыққа мәлімдеме жасап, жаһандық қарусыздануға шақырған Антониу Гуттериш Қазақстанның 1990-жылдардан бері ұстанып келе жатқан саясаты мен ұстанымы оң екендігін тағы бір дәлелдеді.
Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылып, ядролық қарусыз әлем құрудағы белсенді бастамашылдығы әлем назарынан тыс қалған емес. 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан 64/35 қарарын қабылдап, 29 желтоқсанды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні етіп жариялады. Қарар Қазақстанның бастамасымен қабылдағанғаны баршаға мәлім. Еліміз бұл күнді бекер таңдаған жоқ. Өйткені 1991 жылдың дәл осы күні Семей ядролық полигоны жабылған болатын.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес секілді өзекті мәселелерді күн тәртібіне енгізуі еліміздің ширек ғасырдан астам уақыт бұрын айқындалған ұстанымдарынан еш айнымағанын тағы бір айғақтады. Осы себепті Вашингтон да Елбасының жаһандық бейбітшілікті көздейтін бастамаларына құрмет танытып, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қадамдарына үлкен сеніммен қарап келеді. Халықаралық қауымдастық пен АҚШ секілді әлемдегі ең қуатты елдердің Астананың қауіпсіздік пен тұрақтылық бойынша бастамаларын қолдауы еліміздің бейбітшілік флагманы ретіндегі рөлін нықтай түседі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары Қазақстан үшін ғана емес, тұтастай Орталық Азия өңірі үшін де аса маңызды екенін айтуға тиіспіз. Бұл орайда, аталған өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке әсері мол Ауғанстанның да жағдайы келіссөздер барысында қамтылатыны заңдылық.
Ресми Вашингтон да Астананың осы өңірдегі тұрақтылық пен орнықты даму мәселесін қозғауына мүдделі. Өйткені АҚШ президенті Д. Трамптың Шығыс Азия және Ауғанстан стратегиясын табысты жүзеге асыруы аймақтағы елдердің қолдауына тікелей байланысты. Қазақстан 2001 жылдан бері Ауғанстанның экономикалық әлеуетін күшейтуге, инфрақұрылымын жаңартуға және жаңа көшбасшылар толқынын қалыптастыруға айрықша мән беріп келеді. Мәселен, 2015 жылға дейін Қазақстан ауған студенттерін өз университеттерінде тегін оқытып, Ауғанстанда мектептер мен ауруханалар, жолдар салуға атсалысып келді. Адам капиталын дамытуға бағытталған бұл бастама Ауғанстан мен аймақ қауіпсіздігі үшін салынған стратегиялық маңызы жоғары инвестиция. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық кезінде де еліміз Ауғанстан үшін ұзақ мерзімді маңызы бар бастамаларға мұрындық болуға ұмтылары сөзсіз.
Қазақстан Вашингтон үшін аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктес болуымен қатар, америкалық бизнес қауымдастық үшін инвестиция салуға қолайлы нарық. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 12 жылда елімізге 253,9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылса, оның ішінде АҚШ-тың үлесі 29,6 млрд долларды құраған. Яғни, АҚШ Қазақстанға 75 млрд доллар көлемінде инвестиция салған Нидерланд кейінгі ең ірі екінші инвестор. Америкалық инвесторлар өз қаржыларын салмай тұрып елдегі саяси тұрақтылық, экономиканың әлеуеті, бизнестің мүддесін қорғайтын заңдардың болуы, нарықтың көлемі және тұтынушылардың сатып алу мүмкіншілігі секілді мәселелерді ескергені анық. Оның үстіне Қазақстанның соңғы жылдары Дүниежүзілік банктің бизнес жасауға жайлылықты зерттейтін Doing Business рейтингінде 190 мемлекеттің ішінде алғашқы үздік 40 мемлекеттің қатарында тұрақты жайғасуы америкалық инвестициялар үшін еліміздің тартымдылығын арттыра түскендігі сөзсіз. 2016 жылы мұнай саласындағы әлемдік гигант Шевронның «Теңіз» мұнайын өндіруге 37 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу туралы шешімі Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен экономикалық жағдайға сенімділіктің анық көрсеткіші.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тек Астананың күн тәртібін ғана емес, Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселелерді қозғауды өзіне міндет етіп алған. Аймақтан сайланған алғашқы мемлекет ретінде Қазақстан терроризмге қарсы күрес, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі секілді бес мемлекетке ортақ проблемаларға БҰҰ елдерінің назарын аудартып, тиімді шешімді бірге іздеуге ұмтылады. АҚШ та Орталық Азия мемлекеттері өңірлік проблемаларды шешу үшін ең алдымен ауызбіршілік танытып, барлық тарап мақұлдайтын күн тәртібін құрып алу керек деген ұстанымда. Сол мақсатта 2015 жылы Обама әкімшілігі Орталық Азиядағы интеграцияны күшейтуді көздейтін С5+1 платформаны құруға мұрындық болған. Аталған платформа аясында кездесулер үш рет сыртқы істер министрлері деңгейінде өтіп, арнайы жұмыс топтары қызмет жасауда. Одан бөлек наурыз айында Астанада аймақ көшбасшыларының кездесуі жоспарланғанын ескерсек, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуде Орталық Азия аймағының мүддесін қорғау талпынысы нақты қадамдармен жалғасатынына көз жеткіземіз. Төрағалыққа тарихи сипат беруіміздің себебі, Қазақстан БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне енді тек 40 жылдан кейін ғана үміткер бола алады. Кеңеске мүшеліктің 2060 жылдарға дейін үміткерлері қазірдің өзінде анықталып қойғандығын еске салғанымыз жөн болар.
АҚШ қазір әлемде саяси, экономикалық және әскери күші жағынан ең қуатты мемлекет. Сондықтан да Вашингтонмен сенімді қарым-қатынас орнатуға әлемдегі барлық ел мүдделі десек, артық айтқандық болмас. Вашингтон Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған кезден бастап бізбен геосаяси стратегиялық аймақта орналасқан ел ретінде достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатты. Әлемдік державалардың мүддесі тоғысқан Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін көпвекторлық ең тиімді саясат екенін Елбасы күн сайын дәлелдеп келеді. Осы орайда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалықпен тұспа-тұс келген тарихи сапар екі ел арасындағы стратегиялық байланысқа соны серпін береді деп сенеміз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан» – Нью-Йорктен (АҚШ)