• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қаңтар, 2018

Президент Жолдауы Тараз қаласының тұрғындарына түсіндірілді

436 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысында ақпараттық топ құрылып, өз жұмысын бастады. Ақпараттық топтың жұмысы Тараз қаласынан бас­тау алып, тұрғындарға Елбасы Жолдауын және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын түсіндіруде. 

Тараз қалалық Мәдениет үйінде Жамбыл облысы әкі­мінің бірінші орынбасары, Тараз қаласы бойынша ақпа­рат­тық топтың жетекшісі Бекболат Орынбековтің төраға­лығымен қала активі­нің жиыны өтті. Аталған жиын­да қала әкімі Рүстем Дәулет баяндама жасап, Елбасы Жолдауында айтылған өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің 10 мін­детіне тоқталды. Жалпы, Тараз қаласында 2015-2017 жылдар аралығында жалпы құны 19,3 мил­лиард теңгені құрайтын 9 ин­дустриялық жоба іске қосылған екен. Нәтижесінде 290 жаңа жұмыс орны ашылған. Енді Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылы жалпы құны 6 миллиард 924 миллион теңге болатын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 607 жаңа жұ­мыс орны ашылады. Сонымен қатар шаһар басшысы қаладағы кәсіп­орындарда цифр­лы технология­ларды енгізу жұмыстары қолға алын­ғанын да атап өтті.

Өңірде құрылған ақпараттық топтың жұмыс кестесіне сәйкес, об­лыстық кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық да­мыту басқармасының басшысы Қар­лығаш Аралбекова мен облыс әкімі аппаратының агроөнеркәсіп кешені мониторингін дамыту бөлімінің басшысы Дулат Ос­панов Шу ауданында болып, аудан активімен кездесті. Актив жиынында сөз алған аудан әкімі Қайрат Досаев Елбасы Жол­дауы тұрғындардың әл-ауқа­тын арттыруға және қоғам­ның дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Өз сө­зінде Қарлығаш Аралбекова об­лыста кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын, ал еліміз­дің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында Шу ауданында жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 2 жоба және 5,7 миллион АҚШ долларын құрайтын 1 жоба іске асырылғанын айтты.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бас­таған ақпараттық топ Мойынқұм ауданында болып, төрт бағыт бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Актив жиынын аудан әкімі Бақытжан Нүркенов ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар облыстық мәслихат аппа­ра­­тының басшысы Біржан Кү­зем­­беков, облыстық экология де­партаментінің басшысы Қанат­бек Мәдібек, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, Тараз инно­ва­циялық-гуманитарлық уни­вер­ситетінің проректоры Санат Әшірбеков, облыстық дін іс­тері басқармасының басшысы Жан­гелді Омаров және басқа да азаматтар ауданның Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет ауылдарында болып, көп­шілікпен кездесті.

Ал «Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев Талас ауданына келіп, «Қазфосфат» ЖШС-на қарас­ты «Шолақтау» тау-кен кеше­нінде өткен кеншілер жиынына қатысты. Мұнда Елбасы Жол­дауынан туындаған міндеттер әңгіме өзегіне айналып, өндірісті өркендету жайы сөз болды. Кешен жұмысшылары кездесу барысында Елбасы Жолдауы, әсіресе химия саласының қызметкерлеріне серпін беретініне, сондықтан өңірде өндіріс саласы өркендей беретініне сенім білдірді.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы