Елбасының халыққа биылғы Жолдауын талқылау Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы және салалық кәсіподақтар төрағаларының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жалғасты.
Осы жылғы Жолдауда Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне табысты әлеуметтік бейімделуі үшін жаңа міндеттер анықталған. Жаңғыру кезеңінде осы міндеттерді сәтті жүзеге асыру үшін кәсіподақтар уақыт сынына сәйкес жаңа даму бағытын анықтауы қажет. Яғни кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз қоғамдық институт болуы тиіс.
Баспасөз мәслихаты барысында КФ төрағасы Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтардың қазіргі қызметі мен Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру барысындағы болашақ жоспарлар туралы айтты.
Сондай-ақ спикерлер заманауи дамудың басты тренді әлеуметтік-еңбек қатынастарын өзектендіру екендігін атап өтті. Осы себепті, кәсіподақтар жұмыс орындарының сақталуы, еңбекті тиімді қорғау, еңбекақыны уақтылы төлеу, өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу мәселелерін жедел түрде шешуі тиіс.
«Бүгінде еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен тығыз жұмыс атқарады. Елбасы Жолдауында қойған 10 міндет әрқайсымызға байланысты. Ол елдің алға дамуы жолында жасалған басым бағыттар. Қазіргі таңда елімізде қарқынды қарыштау процесі жүріп жатыр. Әлемдік технологиялар еніп, күнделікті тұрмысымыз жеңілдеуде. Тіпті адамның басқаруынсыз жүретін көліктер де шығып жатыр. Енді ол да біздің елге енері сөзсіз. Одан келетін қауіп, бұл жұмыссыздыққа әкеліп соғады. Сол себепті біз жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіподақтармен жүзеге асырылып жатқан шаралар жалпы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде көрсетілген адам капиталының сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады», деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»