«Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты 11-13 қараша күндері аралығында телефон арқылы сұрау әдісін қолдана отырып, «Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси көңіл-күйі» тақырыбында әлеуметтанушылық зерттеу жүргізген еді. Зерттеу туралы жалпы ақпарат туралы айтсақ, зерттеу барысында республиканың 10 қаласында тұратын 18 жастан асқан 652 адам сұралды. Респонденттерді таңдауда ықтималды сұрыптау әдісі қолданылды. Сенім интервалы 95%, нақтылық деңгейі ± 5% болды.
Енді зерттеудің негізгі нәтижелеріне келсек, қазіргі таңда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі Парламент Мәжілісін тарату туралы 53 депутаттың өтініші болып табылады. Телефондық сұрау қорытындыларына сәйкес, қазақстандықтардың 73,5%-ы 53 депутаттың Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі Президентке айтқан өтініші туралы естіген. Сұрау барысында респонденттердің 26,5%-ы депутаттардың осы бастамасымен таныс емес екені анықталды.
Сұраудың нәтижелеріне сәйкес, азаматтардың басым бөлігі (67,2%) Парламент Мәжілісін таратуды қолдайтыны белгілі болды. Депутаттардың бастамасымен келіспегендері 12,1%-ды құрайды. Сұралғандардың әрбір 5-шісі жауап беруге қиналатынын айтты.
Респонденттердің 42,5%-ы Мәжілісті тарату депутаттардың құрамын жаңарту үшін керек деп есептесе, олардың 18,1%-ы бұл қадам көппартиялық Парламентті құру үшін керектігін айтқан. Сұрауға қатысқандардың 16%-ының пікірінше, 2012 жылы сайлауға уақыт бөлмей, экономикалық дағдарыспен күресу керек, сол себептен депутаттардың бастамасы тіпті уақтылы болып табылады. Азаматтардың 9,3%-ының ойынша, Мәжілісті тарату қарқынды индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін керек. Парламент Мәжілісін таратудың негізгі себептерін атау бойынша жауап беруге қиналғандары 24%-ды құрайды.
Қазақстандықтар Мәжілістің жаңа құрамынан не күтетінімен де бөлісті. Сұрауға қатысқандардың көпшілігі депутаттардың жаңа құрамынан әлеуметтік мәселелерді шешуді (21,4%), мемлекеттегі әлеуметтік-саяси жағдайды жақсартуды (15,6%), зейнетақы, жалақы мен шәкіртақыны өсіруді (15,0%), экономикалық ахуалды жақсартуды (13,0%) күтеді.
Сонымен қатар, депутаттардың жаңа құрамынан қазақстандықтар тұрғын үй мәселесін шешу, жаңа жұмыс орындарын ашу, денсаулық сақтау және білім беру сапасын жақсарту мен оның қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік мәселесін шешу, жемқорлыққа қарсы күресу, мәдениетті дамыту, бейбітшілік пен келісімді сақтау бойынша қызмет атқарады деп күтеді. Осы сұраққа жауап беруге қиналғандардың үлесі респонденттердің 5,4%-ын құрайды.
Сұраудың нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтардың 77,8%-ы Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысады (олардың ішінде 59,1%-ы сайлауға нақты баратын болса, 18,7%-ы сайлауға бармаймын дегеннен гөрі барамын дегенім дұрысырақ дейді). Респонденттердің 16,2%-ы Парламент Мәжілісі сайлауына қатыспайтынын айтты (олардың ішінде 7,8%-ы нақты бармайтынын айтса, 8,4%-ы барамын дегеннен гөрі бармаймын дегенім дұрысырақ дейді). Жауап беруге қиналғандар саны 6%.
«Нұр Отан» ХДП-ға сайлаушылардың 86%-ы дауыс беруге дайын. Басқа партиялардың ешқайсысы қазіргі кезде 7 %-дық кедергіден өтуге дайын емес. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясына сайлаушылардың 2,1%-ы дауыс беруге ықыласты.
«Егемен-ақпарат».