Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғимаратында Дін істері агенттігі, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумы өткізілді.
Форум жұмысын Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шәріп кіріспе сөзбен ашып, мінберге Парламент Сенатының депутаты, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімді шақырған. Сенатор ғалымның баяндамасы дінтану білімінің мәселелеріне арналғандықтан, ол сөзінде қазіргі күнгі еліміздегі дінтанушыларды даярлау ісіне тоқталды. Бұл Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қарағандыда, Таразадағы жоо-ларда қолға алынғанымен, алайда оны әрі қарай өрістету аса маңызды, өйткені, ондай мамандар қажеттігі айқын сезіледі. Жалпы, осы дінтану ісінде мен түсінбейтін бір нәрсе бар. Ол – баяғы кеңестер заманында құдай жоқ деп жүрген атеистердің қазір табан астында дінтанушыларға айналып шыға келуі.
Кейбіреулердің осылайша жалт бұрылғанына таңданысын жеткізген сенатор әрі қарай дінтану ісіндегі заңның маңыздылығына тоқталды. Дінтанушылар өз жұмысын заңға сүйеніп атқаруы тиіс. Біздің қолымызда қоғамда да, Парламентте де қызу талқыланған жаңа жақсы заңымыз бар. Ата Заңымыз бойынша дін мемлекеттен бөлінген, біз – зайырлы мемлекетпіз. Алайда, мемлекет діннен қанша бөлінген десек те, дінді қоғамнан бөліп қарай алмаймыз. Қоғам дегеніміз – мемлекеттің субстанциясы ғой. Мәселенің күрделілігі де осында. Мемлекет дінге деген қатысын заң арқылы белгілейді, зайырлы мемлекеттің басқа әсер ету жолдары жоқ. Осы жерде еліміздегі діни бірлестік құрушылардың заңды терең түсінулері қажеттігін айтқым келеді. Сонда ғана ешқандай мәселелер тумайды, дін өркениетті жолға түседі. Мұнымен қоса, деген сенатор, заңның мәтінін насихаттау қажет. Ешкімнің көңіліне келмесін, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында заң мәтінін дұрыс ұғынбаушылық сезіледі.
Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, рухани қажеттіліктер мен діни қажеттілік деген мәселе бар. Заңда діни қажеттіліктер көрсетілген, дін дегеніміздің өзі руханияттың бір құрамды бөлігі емес пе, алайда осы жерде рухани әлеміміздегі ақын-жазушылармыз, өнер адамдары қайда қалады. Олар біз де руханиятпен шұғылданып жүрміз дейді ғой. Міне, осы жердегі нәзік тұсты әлі де ойлана түсуіміз керек, деген ғалым кейбір дін өкілдерінің біз Қазақ елінің бүкіл руханиятына жауап береміз дегендері өте жаңсақ ой екенін айтты. Сондықтан, заңды алға тартқанда алдымен қазақ тіліндегі мәтінге сүйенген абзал. Өйткені, заң түбірі қазақ тілінде жасалған, сол себептен заң аясында жұмыс жасауда осы мәтін басшылыққа алынса қателік болмайды, деді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Биылғы жыл – ерекше жыл. Бүгін 16-сы екен, тап бір айдан кейін Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаймыз. Осы Ұлы той құтты болсын. Ұлы той дегеннен шығады, бұл біздің дініміздің де тәуелсіздік алуының 20 жылдығы болып табылады. Өйткені, діннің тәуелсіздікке дейін қандай жағдайда болғанын бәріміз білеміз. Осы жылдар ішінде 100 жылға татырлық істер жасалды. Кеңестік дәуірдегі белгісіз еліміз әлемге танылды. Мен өзім сол заманда шетелде оқыған адаммын, сонда бізді олар орыс, бірақ діні мұсылман деп таныған заман өтті. Қазақстан деген атау естілмейтін. Мұның барлығы айта берсек, көп әңгіме, мен осы мінберден 20 жыл ішінде дін саласында атқарылған істерге тоқталсам», – деді.
Келесі кезекте шейх 1991 жылы 68 мешіт қана болғанын, оның өзінде мұнарасы барының күмбезі жоқ, күмбезі барының мұнарасы жоқ болып келгенін, ал қазіргі күні елімізде 2500 мешіт жұмыс істейтінін айтты. 20 жыл ішіндегі атқарылған істердің бір парасына тоқталған ол алғашында біздің діни қызметкерлердің арнайы білімдері де болмады, деді. Содан ақылдасып, кеңесіп, «Нұр-Мүбәрак» университетін аштық. Жоғарыда айтылған осы 20 жыл ішінде ашылған мешіттердегі имамдардың да арнайы білімдері жоқ еді. Жағдайды қалай түзеу керек деген ниеттен Алматы қаласында имамдардың білімін жетілдіретін ислам институтын аштық. Күні бүгінге дейін соны 850 имам бітіріп шықты. Бұл – үлкен олжа, табыс қой деп ойлаймыз.
Ал тарихқа жүгінсек, деп жалғады сөзін Ә.Дербісәлі, біздің қазақ жерінде, бүкіл Орталық Азияда медреселер болған. Ғалым бабаларымыз Әбу Насыр Әл-Фараби, Ұлықбек, Ибн Сина, Дулати сол медреселерден білім алған. Медресе түлектері. Сол медреселік білім біреуінің атақты дәрігер, бірінің астроном, бірінің мемлекет қайраткері, біреуінің әлемге әйгілі ғұлама ғалым болуына негіз салды. Міне, біз осы дәстүрді жалғастырып, медреселер аштық. Оны бітіргендердің бір де бірі жұмыссыз қалған жоқ, үздік тәмамдағандары білімдерін әрі қарай жоо-ларда жалғастыруға мүмкіндік алды. Осылай деген Әбсаттар қажы Дербісәлі еліміздегі діни секталарға қатысты да пікірін білдірді.
Дүние жүзінде ислам дінінде 4 мазхаб бар, деді осы орайда қажы. Мәлики мазхабын африкалық мұсылмандар ұстанса, шәфиғи мазхабын Мысыр, Малайзия, Индонезия және Қап тауындағы чешен бауырлар, ал ханбалиді Сауд Арабиясы, Парсы шығанағында тұратындар, біз ұстанатын ханафи мазхабын Үндістан, Пәкстан, Ауғанстан, Түркия мен Орталық Азия және бұрынғы Одақ шеңберіндегі мұсылмандар тұтады. Осылардың ішінде біздің мазхаб, егер қазіргі заманауи тілмен айтсақ, демократиялығы басымдау мазхаб. Өзгелері қатал, біздікін абзалырақ деп санаймыз. Ал салафилер дегенміз – бұл ханбали мазхабын негіз етіп алған ірі ағым. Бұл қатты жол. Ал ахмадишылар – ол анық секта, олардың қажылық жасауға да құқықтары жоқ. Оған тыйым салынған. Осыдан-ақ біраз жәйді аңғаруға болады, олардың діні бір жағынан христиан, бір жағынан исламды қосқан қойыртпақ. Сондықтан бұл таза дін емес.
Шешен қоғамда түрлі ой тудырып жүрген хиджаб төңірегінде де жастарға ой тастаған. Біздің апаларымыз, аналарымыз ешқашан әуретті жерлерін ашып жүрмеген, бірақ ол Иранның, Пәкстанның үлгісімен тігілген киімдер емес, таза қазақы ұлттық ғұрыптағы киімдер еді. Өкініштісі, қазір көшеде қыздарымыз пәкстандық әйелдердің, ирандық қыз-келіншектердің киімдерін киіп бара жатады. Міне, осы мәселені өркениетті жолмен қалай шешуге болады дегенді көп ойландық. Осыдан кейін Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» атындағы сарайда «Әсем киім – әйел көркі» деген сән үлгілерінің байқауын жарияладық. Заманауи тұрғыдағы әуретті жерлері жабық киім үлгілерін ұсынып және оны жыл сайын өткізуді дұрыс деп таптық. Жастарымыз өздеріне ұнаған үлгілерге қайта-қайта қол соғумен болды, деген хазірет сөзі жұртшылыққа біраз ой салғандай болды.
Қазақстан Митрополиясының викарийі, Қаскелең епископы Геннадий өз сөзін қазақ жеріне христиан дінінің келуінен бастап, оның бүгінгі жағдайына да тоқталып өтті. Адам баласына бір пенденің дін атын жамылып, зорлық етуі – Жаратушыға жақпайтын іс. Сондықтан, таза дін ұстанған адам лаңкестік әрекеттер жасауға бармайды, деп жоғарыда сөйлеген шешеннің сөзіне де қосылатынын жеткізді.
Форум жұмысы бірқатар шешендер сөзінен кейін бірнеше секцияларда жалғасты. Онда дін өкілдері мен дінтанушы ғалымдар адамзат қауымдастығының руханилығын байытуда, ғаламдық қауіп-қатер мен қоқан-лоққыға қарсы тұруда біріге қимылдау қажеттігін, ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру жөніндегі практикалық шараларды талқылады.
Сонымен бірге, форумға қатысушылар бүгінгі таңда ерекше өзекті болып отырған дін және діни сенім бостандығы, конфессияаралық және мемлекет пен конфессиялар арасындағы қатынастар мәселесін де сөз етті. Соңғы уақытта еліміздің кейбір өңірлерінде орын алған жағымсыз үдерістерге алаңдаушылық танытқан форумға қатысушылар қоғамда тікелей немесе жанама түрде дінге қатысты мәселелер туындағанын мойындауға тиісті екендігімізді атап көрсетті. Кейбір күштер өздерінің экстремистік, лаңкестік және әлеуметке, қоғамға қарсы әрекеттерін діннің биік мүддесімен байланыстыруға тырысады. Оған бірлесе қимылдап, жол бермеуге тиіспіз, деп отандық дінтанушы ғалымдар үшін тұрақты пікірталас алаңы қажеттігіне тоқталды. Осылайша, Қазақстанның дінтанушылар ассоциациясын құру қажеттігін сөз етті. Ол жайында форум соңында қабылданған қарарда атап көрсетілді. Және осы қарарда орта мектептерде «Дінтану негіздері» қосымша курсын енгізу, сондай-ақ шет елдердің орта және жоғары оқу орындарында осы мәселедегі тәжірибелерін зерттеп, қорытынды жасап, өз игілігімізге пайдалану мәселесі де қарастырылған.
Форум соңында «Қазақстанның дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігінің жарғысы бекітілді.
Анар ТӨЛЕУХАН,
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.