Тәуелсiздiктiң бүгiнгi ұрпаққа татырған жемiстерi мен басқа да игiлiктi iстерi көп қой. Мәселен, бұрын барынша бұрмаланып келген ел тарихы түзетiлiп қайта жазылар деп ойлап па едiк? Өңiмiз түгiл түсiмiзге де кiрмеген. Ата-баба рухымен қайта табысқанымыз, әр қалада бой көтерген хандарымыз бен батырларымыздың ат үстiндегi зәулiм ескерткiштерi де – сол тәуелсiздiктiң арқасы. Батыр бабаларымыз бiр кезде қазақ даласын басқыншы жаулардан қалай тазартса, тәуелсiздiктен кейiн олардың есiмдерi қалаларымыз бен көшелерiмiзде сiресiп тұрған қызыл комиссарларды да солай ығыстырып шығарды.
Өз басым XVIII ғасырдағы жоңғарға қарсы азаттық соғысының тарихын бiр кiсiдей зерттеп, қазақ ханы Абылай мен бас қолбасы Қабанбай өмiрiнен «Дарабоз» атты қос томдық роман жазған кiсiмiн. Ал империя кезiнде сол Абылайдың да, Қабанбайдың да атын ататқызбай шек қойылғаны белгiлi. Сол Қабанбайдың қазiр жетi қалада ескерткiшi тұр. Жеке Қабанбай ғана емес, кезiнде Абылай төңiрегiне топтасқан басқа да батырлардың ескерткiштерi әр қалада орнап болды деуге болады. Алдын ала қор құрып, қаржы топтап, ескерткiш соққан – батырдың ұрпақтары.
Мен сол батырлардың бәрiнiң дерлiк мерейтойларына қатысып, сөз сөйлеп, құттықтаған адаммын. Бiрақ, амал не, сол қуаныштарға ортақ болып жүрсем де, көңiлiмде бiр нәрсенiң орны толмай, өзiмнен-өзiм қорланып жүрушi едiм. Неге дейсiз ғой? Өзге батырларға iздеушi, жоқтаушы болып жүретiн жазушының өз бабасы Баймұрат батырға бүгiнге дейiн бiр белгi қойылмапты ғой.
Баймұрат – жай бiреу емес, мен туып-өскен төртуыл тайпасының медет берер ұраны. Қолбасы Қабанбаймен үзеңгi қағысып, бiрге соғысқан әйгiлi батырлардың бiрi. Аттаныс, не қорғаныс кезiнде төртуыл мыңдығын бастап, қашанда ту түбiнде табылған кiсi. Баймұрат та – көкжал Барақ, батыр Баян, ер Жәнiбек, Бердiқожа, Олжабай, Дәулетбай, Шыңқожа батырлар сияқты Абылайдың үкiлеп ұстаған сетерлер тобына кiредi. Мөлшермен 1710 жылы туып, 1785 жылдарда қайтыс болған. Кезiнде жоңғардан босаған Барқытбелдiң терiскейi мен күнгейiне өз ұлысын бастап барып қоныстандырған ру көсемi. Сүйегi Барқытбелдiң күнгейiнде, Шәуешектен 50 шақырым жердегi Күжiбай аңғарында жатыр.
Ал осы Баймұрат батырға осы уақытқа дейiн ас берiлмей, ескерткiш белгi орнатылмай, ескерусiз қалуының себебi не? Менiңше, оның себебiн төртуыл тайпасының ешкiмге ұқсамайтын айрықша тағдырынан, ылғи да осы рудың басына бұлт болып төнетiн тарихтың тәлкегiнен iздеу керек. Ол үшiн, амал жоқ, көне тарих беттерiн аз-кем ақтаруға тура келедi.
Шежiре бойынша, тоғыз таңбалы Найманның бiр таңбасын иеленген iргелi тайпаның бiрi – төртуылдар. Найман iшiнде: Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл төртеуiн – бәйбiше наймандар немесе «төрт Төлегетай» деп те атайды. «Бәйбiше найман» дейтiн себебi – бұлар Ақсопы Найманнан қалған жалғыз тұяқ – Белгiбай мен Ақсұлудың тұңғышы Сүйiнiштен тарайды. Әкелерi Қытай батыр ерте қайтыс болып, аталары Төлегетайдың бауырында өскендiктен, «төрт Төлегетай» атанған.
Бұлардың кейiнгi тағдыры Төртуылдың көрген түсiне, оны аталарының қалай жорығанына байланысты өрбидi. Төлегетайдың ең кенже немересi Төртуыл атасына келiп: «Түсiмде жан-жаққа шашырап кеткен қысырақтың үйiрiн қанша қайырсам да, басын қоса алмай шаршап жатып ояндым», дептi. Сонда атасы: «Қап, әттеген-ай, ұрпағың бытыраңқы болады екен-ау», деп қатты қынжылған екен.
Не керек, сол Төлегетай атасының айтқаны айна-қатесiз келдi де тұрды. Төртуыл ұрпақтары, шынында да, қоныс жағынан бытыраңқы болып шықты. Бөлiнiп-жарылу керек болса, нысанаға алдымен iлiнетiнiн қайтерсiң. XVIII ғасырда жоңғардан босаған Тарбағатай тауының күнгейi мен терiскейiнен, бiр жағы Ертiстi бойлап, сонау Алтайға дейiн Баймұрат бабамыз қонысты ойып тұрып-ақ алған екен. Кейiн, Ресей мен Қытай қағанаттары өзара еншi бөлiскенде, шекара сызығы Тарбағатайдың қыр жонынан тартылыпты да, төртуылдар екiге бөлiнiп қалыпты. Орысқа бағынып, Зайсан, Марқакөл өңiрiн мекендегендер – «Ертiс Төртуылы» атанды да, Қытай жағында, Шәуешек маңында қалғандар – «Күнгей Төртуылы» деген атақ алды.
Әсiлi, төртуыл тайпасы төрт рудан тұрады: Ақбарақ, Ақболат, Андабарақ, Аманбарақ. Шекара сызығы тартылғанда, Ақбарақ тұтастай, Ақболат жартылай Қытайға қарап қалды да, Андабарақ пен Ақболаттың тағы бiр бөлiгi Ертiс бойында қала бердi. Сонда, Аманбарақ қайда дейсiз ғой? «Ақтабан шұбырынды» кезiнде найман рулары Алтай мен Тарбағатайды тастап, Арқа өңiрiне ауып барды емес пе? Кейiн төртуылдар өз жерiне оралғанда, Аманбарақтар елге қайтпай, сол жақта қалып қояды. Қазiр олар Арғын iшiнде төртуыл атымен Сүйiндiктiң бiр атасы саналып жүр.
Қытайға қараған күнгей төртуылдың көрмеген қорлығы, тартпаған жәбiр-жапасы жоқ деуге болады. Баяғы Абылай, Қабанбай заманында (1760 жылдар) жоңғардан босаған Құлыстай өңiрiнен қоныс алған төртуылдар Баймұрат батырдың бастауында жергiлiктi Қытай өкiметiне тиiстi алман-салығын төлеп, бейбiт жағдайда тұрып жатқан-ды. Кейiн, қазақтың сорына қарай, 1864 жылдар Қытайдың бiрнеше қаласында «Дүнгендер көтерiлiсi» деген бiр пәле бұрқ ете қалды. Гансу, Шыңхай өлкелерiн жайлаған он миллиондай дүнген миллиард қытайға жон көрсетiп, оқта-текте осылай Гадауат соғысын жариялап тұратын әдетi бар. Мұсылманның ақ туын көтерiп келген соң, зиянынан басқа пайдасы жоқ сол көтерiлiске қазақ рулары да қосылып кетедi. Тiптi Бәйжiгiт руының батырлары Маншың әскерiн түре қуып, сонау Манасқа дейiн барыпты. Алайда көп ұзамай дүнгендер жойылып, көтерiлiс басылады да, Маншың өкiметi бұлғаққа қатысқан қазақтардан кек алуға кiрiседi. Жазалаушы шерiктер өздерiнше будда ұранын көтерiп, Қобықтағы Шаған Кеген бастаған қалмақтарды да қаруландырып, өздерiне қосып алады.
Қытай-қалмақ шерiктерiнен құралған жазалаушы полк ең алдымен көтерiлiске қатыспаған, малын семiртiп жайлаудан ендi түсiп жатқан төртуыл тайпасына соқтығады. Қарусыз, бейбiт ел қорғанып үлгере алмайды. А дегенде қарсы шапқан Олжабай, Кемпiрбай секiлдi батырлар бiрден оққа ұшады. Шерiктер көзiне көрiнген қазақты жас демей, кәрi демей, ер-әйел демей қылышпен турай бередi. Есi шыққан жұрт тау-тасқа, орман-тоғайға тығылады. «Жау кеп қалды» дегенде батысқа қарай үрке көшкен төртуылдар шекараны көктей өтiп, Қатынсуға келiп паналайды. Бiрақ жазалаушы әскер қазақ көшiнiң қыр соңынан қалмайды. 1864 жылы қыркүйек айында түнделетiп қуып жеткен жендеттер алаңсыз таңғы ұйқыда жатқан босқындарды оққа байлап, тiрi қалғандарын найзамен шаншып, қылышпен турап шығады... Не керек, осы қанды қасапта төртуылдың әр руынан үш мыңдай түтiн харап болады. Бұл – жай ел аузындағы әңгiме емес, орыс құжаттарында сақталған белгiлi оқиға. Сол күндерi Аягөздегi Сергиопол қамалының бастығы Нюхалов Семей губернаторына төтенше мәлiмет-хат жолдайды. Сол хатта: Үрiжар мен Бақты бекетi арасында сұмдық қырғын болғанын, қытай шерiктерi Қатынсудың бойында өз елiнен қашып өткен мыңдаған адамды қанға бөктiрiп қырып салғанын хабарлайды да, қазiр адам етiн жеген иттер құтырып, әрі-берi өткен жүргiншiге шабатынын айтады. Өлiктердiң мүңкiген иiсiнен ауру таралу қаупiн ескертiп, мәйiттердi жинап көмуге, құтырған иттердi атуға қосымша қаржы, оқ-дәрi сұрайды... Бұл сұмдықтың ел есiнде қалғаны сонша, Мұқаншы селосынан 25 шақырым жердегi төртуылдар қырғын тапқан Қатынсудың бойы қазiр де «Ойран» деп аталады...
Жаугершiлiкте жан-жаққа шашылып кеткен төртуылдарды iздеп тауып, басын қайта құрау үшiн менiң бабам Сымайыл зәңгi мен Керiмбай үкiрдайға он жылдай уақыт керек болыпты. Кейбiр ұсақ рулар мүлде жойылып, он шақты ғана үй қалған. Ел үрiккенде тайпа көсемi Сымайыл зәңгi Қайыңбай және Есiм атты екi ұлынан көз жазып қалғанда, басқаларға не сорым?! Зәңгi өз балаларын iздей жүрiп, ат жетер жердегi жетiм бала, жесiр әйелге дейiн түгел жинаған екен. Қырғыннан аман қалған, ата жағынан жақын бiрнеше шаңырақты бiрiктiрген. Iз-түзсiз жоғалғандар қаншама! Сөйтсе көп ауылдар Тарбағатайдан қоныс аударған Қызайлардың көшiне iлесiп, Iле уәлиятына өтiп кетiптi.
Сөйтiп аталарының көрген түсiне орай, күнгей төртуылының быт-шыт бытыраған бiр кезi осы екен. Әйткенмен өмiр қайта жалғасады. 1880 жылдары екi мемлекет арасындағы шекара бекiп, Маншың өкiметi өзiне қарасты қазақтарға сайлау жүргiзгенде, төртуылдардың саны үш мың түтiнге жетiп, бiр үкiрдай елге айналады. Бұл кезде жоғалған балаларының күйiгiнен күрт қартайып кеткен Сымайыл зәңгi «алғашқы үкiрдай кiм болады?» дегенде жасы кiшi Керiмбайға жол бередi. Ал кейiн, ел iргесi бүтiнделгенде, күнгейдегi төртуылдар жетi зәңгi (болыс) елге айналады. Алты зәңгi Ақбарақ, бiр зәңгi Ақболат.
Бұдан кейiнгi оқиғалар менiң «Тағдыр», «Соңғы көш», «Таңғажайып дүние» атты романдарымда баяндалғандықтан, бұл арада оны қайталап жатпаймын. Ендiгi әңгiме басқа бiр көш жайында. Сөйтсек төртуыл тайпасының маңдайына жазылған «бытырау» науқаны әлi де бiтпептi ғой... Олай дейтiнiмiз, Қытай шовинистерiнiң жан-жақты езгiсiне шыдамаған Шәуешек төңiрегiндегi төртуылдар 1962 жылы көктемде iрге көтерiп, атажұрт Қазақстанға түп қопарыла көшiп өттi. Небәрi бiр айдың iшiнде (10 сәуiрден – 1 мамырға дейiн) босып өткен қазақтың саны 200 мыңнан асады. Соның жүз мыңнан астамы, сөз жоқ, төртуылдар... Көктемгi көкөзек шақта бiр елден екiншi елге қоныс аудару оңай шаруа емес. Бұл, әрине, Совет өкiметiмен күнi бұрын келiсiмге келiп, көштi алдын ала дайындаған азаматтардың арқасы. Атажұртқа көшу идеясын бастаған, қысқасы сол көштi ұйымдастырған – осының алдында Алматыдан оқып қайтқан Қабдеш Жұмадiлов екенiн бұл күнде жұрттың бәрi бiледi.
Жалпы, ұлт тағдырымен өлшегенде, бiр мезгiлде көшiп өткен 200 мыңдай қазақ – Қазақстанның еңкейiп кеткен еңсесiн бiр көтерiп тастағаны анық. Олар шекара бойындағы төрт облысқа: Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы облыстарына бытырай жайғасты. Өйткенi әр совхозға 40-50 үйден бөлiнуге тура келдi. Ең бастысы, аштық құрсауынан қашып құтылған халық бiрден тоқшылыққа кенелiп едi. Жаңадан қосылған 200 мың халықты Кеңес мемлекетi шыбын шаққан құрлы елеген жоқ. Бiр айдың iшiнде ересектердi түгел жұмысқа орналастырып, екi айдың iшiнде «Совет Одағының азаматы» деген қып-қызыл паспорт бердi. Демографтардың айтуынша, сол жылы шекарадан өткен 200 мың қазақ бұл күнде ұрпағымен миллионнан асқан көрiнедi. Оны республикадағы қазақ санының 40 пайыздан 70 пайызға көтерiлуiнен-ақ көруге болады.
Мына бiздер елге ел қосылып, ұлт мерейiнiң тасығанына мәз болдық та, рулардың тартқан «зиянына» мән бермеуге тырыстық. Сөйтсек рулық құрамның бұлайша күрт өзгеруi бiраз қиындықтар тудырады екен. Мысалы, бөлiнiп- жарылған аталас ағайынның бiр-бiрiне жат болуы, жастары бiрiн-бiрi танымай, үйленгенде «жетi ата» заңының бұзылуы, торқалы той, топырақты өлiм кезiнде бас қоса алмау... Бұл да ештеңе емес, бiздiң төртуылдар ата-бабасына ас бере алмау, батыр бабаларына ел қатарлы ескерткiш қоя алмау қасiретiне ұшырады. Төртуылдың ұраны болған Баймұрат батырға бүгiнге дейiн ескерткiш қоя алмай жүргенiмiз содан.
Мен батыр бабаның алдында өзiмдi кінәлi санап, iштей мүжiлiп жүретiнмiн. Себебi Баймұрат батырдың өзi бастап барып қоныстандырған ел-жұртын арада екi ғасыр өткенде жылы орнынан қозғап, Қазақстанға көшiрiп әкелген мен ғой. Ақырында батыр бабама ескерткiш қоятын он сотық жердi кiмнен сұрарымды бiлмей, үмiт үзiп қойғанмын... Сол үшiн батыр бабамыздан кешiрiм сұрағаннан басқа амал жоқ.
Бiрақ мен тым асығыс, үстiрт ойлап жүр екенмiн. Қазақстанға өзiм бастап келiп, тарыдай шашып жiберген Ақбарақтың әлегiмен жүрiп, төртуылдың өзге балаларын естен шығарыппын. Сөйтсем сонау Алтайда, Зайсан мен Марқакөлдi мекендеген ағайындарым – Андабарақ бар екен ғой. Өткен жылы аяқ астынан солар атқа қонсын! Оларды оятқан, түстерiне кiрiп аян берген – батыр бабамыздың өзi. Бiздiң төртуылдар түс көрмей жүрмейдi ғой. Қалибек Алтыбаев деген iнiмiз бiр күнi ұйықтап жатса, түсiнде Зайсан қаласының дәл қақпасының алдында Баймұрат бабасы тұр дейдi. Өзiнiң төл тұлпары Нарқызылдың үстiнде, бес қаруы бойында. Өзi тым ашулы сияқты ма, қалай?
– Менi ұмытқан жоқсыңдар ма? Мен – бабаларың Баймұрат батырмын ғой! – дептi де, көзден ғайып болыпты.
Ұйқыдан қуана оянған Қалибек көрген түсiн ертеңiнде жора-жолдастарына, туысқандарына айтады ғой. Содан не керек, бабаларын кенет еске алған Андабарақтар көп ұзамай бас қосып, Зайсан қаласында Баймұрат батырға ескерткiш қоймақ болып шешім қабылдайды. Аудан әкiмi орынбасарын өз iшiне алған қор құрады. «Дарабоз» романындағы Баймұрат батыр суреттелетiн тарауларды қайта оқып, өздерiн тарихпен қаруландырады. Мiне, осыдан кейiн ғана батырдың өмiрбаянын нақтылай түсу мақсатында Қалибек Алтыбаев бастаған бiр топ Алматыдағы маған келедi ғой.
Зайсандық төртуылдардың мына ұсынысын естiгенде, қуанғаным сонша, жүрегiм жарыла жаздады. Неше жылдан берi еңсенi көтертпей, иықтан басып тұрған ауыр жүк лезде сыпырылып түскендей болды. О, ғажап, төртуыл ұрпағы жалғыз Ақбарақпен бiтпейдi екен-ау! Алтайда «золотой запасым» Андабарағым бар екен-ау! Ескерткiштi қайда орнатамыз дейтiн емес, Зайсан деген меншiктi қаламыз бар екен-ау! Мен ойланбастан Андабарақтар тобына қосылдым да кеттiм.
Осыдан көп жыл бұрын Зайсанға бiр барғаным бар едi. Кеңес дәуiрiндегi аудан басшысының қыры-қабағы ұнамады ма, әлде қағазбастылықтан қол тимедi ме, ол жаққа екiншi рет ат басын бұра қоймаппын. Ендi, мiне, батыр бабамыздың аруағы бiздi қайта бiрiктiрдi. Қазiр мен де «Баймұрат батыр қорының» бiр мүшесiмiн. Алматыда, Астанада, Семей мен Өскеменде қордың бөлiмшелерi бар. Қордың Зайсандағы есеп-шотына ақша деген мың-мыңдап аударылып жатыр.
Мүсiншiлерге тапсырыс берiлiп те қойды. Тәңiр жазса, алдағы жазда Зайсан қаласының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бабамыз Баймұрат батырдың ат үстiндегi айбынды тұлғасы қала қақпасының алдында бой түземек.
Қабдеш Жұмадiлов