Заманауи экономиканың дамуы адамзатқа орасан зор жаңа мүмкіндіктер ұсынатындығын, соған сай экономиканың кейбір дәстүрлі салаларының түбегейлі өзгеріске түсетінін қазірдің өзінде байқауға болады. Тек бір ғана ауыл шаруашылығын алып қарайықшы.
Америкалық ModernMeadow компаниясы мал еті мен табиғи тері әзірлеудің технологиясын ойлап тапқан. Мұндай ет пен теріні әзірлеу үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен, ғалымдар донор малдардан миллиондаған клеткаларды бөліп алады. Олардың өзі кәдімгі малдар немесе терісі үшін жиі құрбандыққа шалынып жататын экзотикалық жануарлар болуы мүмкін. Мұнан кейін алынған клеткалар биореакторларда көбейтіледі. Одан кейінгі кезеңде клеткалар бойындағы қоректік сұйықтардан ажыратылып барып, бір массаға біріктіріледі. Одан кейін 3D биопринтерінің көмегімен біріктірілген клетка қабаттары қайтадан биореакторға орналастырылып, өсіріледі. Тері клеткалары коллагенді талшықтарды қалыптастырып, ет клеткалары нағыз бұлшық ет жіпшелерін құрайтын болады.
Бұл үдеріске бірнеше апта қажет екен. Жасанды жолмен алынған бұлшық ет пен май тағам әзірлеу үшін қолданылса, ал терілерден киім, аяқкиім, сөмкелер сынды толып жатқан бұйым жасалады.
Қазіргі табиғи жолмен ет өндіруге қарағанда 3D принтері арқылы ет алуға қуат көзі үш есе, ал су 10 есе аз жұмсалады. Ауаның ластануы да 20 есе азаяды. Оның үстіне табиғи жолмен мал өсіруге қарағанда пайдаланылатын жер көлемі 100 есеге жуық қысқара түседі. Былайша айтқанда, жайылым қажет болмайды. Тек жасанды жолмен өнім алатын зауытты орнатуға ғана жер бөлінеді.
Енді бір ғалымдар даладағы егістіктер болашақта қаланың ішіне көшірілетіндігін айтып жатыр. Миллиондаған адам өмір сүріп жатқан қала орталығындағы 30 қабаттан тұратын терезесіз зәулім ғимаратты көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Оның ауданы 100х100 шаршы метр жерді, яғни 1 гектар жерді алып жатыр дейік. Сонда бұл астық өсетін ғимараттың ішінде 30 гектар жер пайда болады деген сөз. Ал енді ғимараттың әрбір қабатының өзі астық бойындай ғана бес қабат гидропон контейнерлерге бөлінетін болса – 150 гектар егістік дайын.
Бұл егістікке арналған ғимаратта температура мен ылғал және жарық сәуле тұрақты түрде болатындықтан, әр гектарынан ең кем дегенде 50 центнерден (мұндай өнім көлемін еуропалықтар қазіргі күннің өзінде даладағы табиғи егістіктерден алып жүр), әйтпесе 75 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік жеткілікті. Оның үстінде ғимарат ішіндегі егістік астықтың өсіп-жетілуіне барынша қолайлы етіп ұйымдастырылатындықтан, бір жылда кем дегенде 3 рет (табиғи астықтың өсіп шығуына 3 ай уақыттың өзі жеткілікті екендігін еске алайық), тіпті 4 рет өнім жиналатын болады. Өнімді жинау, кептіру, ұн тарту, нан әзірлеу жұмыстарының барлығы толық автоматтандырылады. Егістіктің өзі қаланың ішінде орналасқандықтан онда тасымал шығындары болмайды. Оның үстіне, ғимарат ішіндегі егістік қоршаған ортаның әртүрлі ықтималды қауіп-қатерлерінен толық қорғалатындықтан, онда зиянкестер арқылы астық ауруларын жұқтыру деген болмайды. Демек, әртүрлі химиялық гербицидтер қажет емес.
Есептей келгенде, міне осындай бір ғимарат ішіндегі егістіктің өзі қала халқына жылына кем дегенде 3 мың тонна астық бере алады екен. Ал біздің Қазақстанның қазіргі жағдайында 3 мың тонна астық өсіру үшін орта есеппен алғанда 3 мың гектар жер пайдаланылатынын еске сала кетейік. Міне кезекті индустриялық революцияның бізге сыйлайтын жаңалықтары осындай. Адам айтса нанғысыз өзгерістер. Бірақ жиырмасыншы ғасырдың басында адамзат көкке ғарыш кемесін ұшырады, айға адамның табаны тиеді, теледидар жұмыс істеп, әлемнің әр шалғайынан сәт сағатында хабар көрсетеді, интернет шырмауығы пайда болады дегенге адамдар сеніп пе еді. Өйткені ол тұста ұшақ ұшырудың, телеграф қызметін жолға қоюдың өзі қиын болатын.
Демек, Елбасының елімізге ұсынған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – әлемдік ауқымдағы алдағы өмір өзгерістерін кеңінен қамтыған жолдау. Оларда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру арқылы біз сол өзгерістердің келуін жеделдете түсетін боламыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»