• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қаңтар, 2018

Өмірсүйгіштікке тәрбиелеп жүрміз бе?

482 рет
көрсетілді

«Өлім» деген – арсыз сөз, Қайдан маған болдың кез? Өлім – жауым, өмір – дос, Неге өлейін бостан-бос! (Қасым Аманжолов)

Сөз басын ақиық ақын Қа­сым Аман­жоловтың осы бір өлең жолдарынан бастауы­мыз тегін емес. Неге десеңіз, бүгін­гі қоғамды «бостан-бос өле салуға» бейім жас­тар қатарының сейілмеуі алаң­датып отыр. Деректерге сүйе­нер болсақ, Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық мектеп жасындағы бала өзін-өзі өлімге қияды екен. Оңы мен солын танып үлгермеген жас өскіндердің өз-өз­деріне қол салу оқиғасының тыйылмауы,­ әсіресе, олардың тәлім­герлеріне, яғни,  білім беру мен тәрбиелеу тізгінін қа­тар ұстаған мұғалімдер қауымына ауыр тиетінін мойындамасқа болмайды. Неге десеңіз, жан түршіктірер оқиғаны өз қолы­мен тудыратын – ол біздің тәр­биеленушіміз. 

Өз еркімен өмірмен қош ай­тысу оқиғасы бұрындары жоқ­тың қасы еді. Тек ғашығына қосыла алмай, суға кетіп, иә бол­маса жардан құлайтын бірді-екілі оқиға болмаса. Бү­гінде өз басын өлімге тігу өзге­ше сипат алды. Себептері де әркелкі. Өз айналамызда да ұшырасып қалатын осындай аса өкінішті жағдайлар жаны­мызды күйзелтеді, оның алдын алу қарекеті қалайша жасалмақ деген ой мазалайды. Әдетте қандай да бір қайғылы жағдайға душар болғанда ғана себебін, оған кінәлі адамды іздестіріп, тиісті жазасын беруге әзір тұрамыз да, оның алдын алу тұрғысында балалардың психикалық саулығын, ерік-жігерін, қажыр-қайратын қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысын оңтайлы ұйымдастырып, жүйелі түрде жүргізуге ден қоймайтынымыз рас. 

Не істеу керек? Білім бе­­­­­ру сала­сында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жат­­қан тәжірибелі маман ретінде осы тұрғыдағы өз­ ой-пікіріммен бөлісіп, ұсы­ны­сым­ды білдіруді құп көрдім. Өс­келең ұрпақты жан-жақты білім­ді, жоғары саналы тұлға ретінде қалыптастыруда тәр­бие жұмысының, оның ішін­де адамгершілікке, еңбек­сүйгіштікке, елжандылыққа және тағы да басқа ізгі қасиет­терге баулудың маңызы зор. Бұлар­дың қай-қайсысы болсын әр мұғалімнің тәрбие жос­парының бұлжымас бағыт­тарына айналғалы қашан. Әйт­се де өмір бір қалыпта, бір ор­нын­да тұрмайды. Заман қажет­тілігіне, қоғамда пайда болған қауіпті құбылыстарға орай тың қарекеттің жасалып, жаңа амалдардың пайда болуы заңды секілді. Олай болса, қазіргі қоғамда белең алып отырған суицидке қарсы амал тауып, бұл тұрғыда арнайы жұмыс жүргізген абзал. Осыған орай тәрбие жұ­мы­сының бір бағытын «Өмір­сүй­гіштікке тәрбиелеу» деп бөле-жара атап, нақты іс-ша­раларды қолға алар болсақ, ке­неттен келетін кеселдің бетін қай­таруға септесін болар еді деп ойлаймын. Бұған алдымен Бі­лім және ғылым министрлігі, оның жанындағы Қоғамдық ке­ңес мүшелері назар аударуы тиіс. 

Табанды, қайсар, қажыр-қай­раты, ерік-жігері мол, тө­зім­ді, қиыншылыққа мойымайтын тұлғаны қалып­тас­тыру тұрғысындағы тәрбие­нің астарында оның адам баласына бір-ақ рет берілетін өмір­ге деген көзқарасын жа­ғым­ды жаққа бағыттау жат­қанын аңғару қиын емес. Өмір­ді бағалауға бағдарланған тәр­биенің кем­шін­дігінен белең ал­ған осы бір ауыр індеттің ал­дын алмасақ, бетін аулақ қыл­сын, әлі де сан мәрте сан соғып қала беретініміз кәдік. 

«Өмірсүйгіштік» деген­ сөз сөздік­терде бар, оның мән-­­мағынасы барша қазаққа түсі­нікті және бұл тұрғыдағы нақ­ты қарекет, тағы да қай­талайық, қазіргі заман ағы­мында туындап отырған суи­цидті сейілтіп, өмірді сүюге құш­тарлықты арттырған болар еді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» кіта­бында: «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егемен елге аянбай­ қызмет ететін, ой-өрісі кең, ал­ғыр да жүректі, сауат­ты да саламатты азаматтар қажет» деген сөздеріне зер салар болсақ, бұл жерде «саламатты» сөзінің астарында ден­нің саулығы ғана емес, адам жанының, рухани әлемінің де тазалығы, мықтылығы мең­зелетінін аңғару қиын емес. Өмірге ғашық адамның жабы­ғуға емес, қайта жандануға, жасампаз істерді тындыруға құлшынатыны хақ. Мәселен, өмірдің базарынан қайтар ша­ғына жеткен танымал тұл­ғалардың ғұмыры жетсе, әлі де жос­парлап жүрген дүниелерін іске асыруға асығатыны тегін емес. Мұны мерзімді басылым беттерінен оқып, біліп жүрміз. Өзіміз де сондай жандардың қатарына таяу қалғандықтан, қолы­мыздан келгенінше, пай­далы әрекет жасауға, қиын­шылық болса еңсеруге ұм­тылу­мен, алға басумен келеміз. Иә, өмір болған соң реніш, қа­мығатын, күйінетін сәттер болмай тұрмайды. Солай болды екен деп морт сынып, өмірден баз кешуге болмас. Өкінішке қарай, тығырықтан шығудың, қиыншылықтан ары­лудың төте жолы осы ғана деп ұғатын жандарға ой салар, сана-сезіміне әсер етер тәрбиелік іс-шараларды қолға алуға асығар емеспіз.. Әдетте қай келеңсіздіктің болсын алдын кесу шаралары жүргізіледі емес пе. Айталық, ауырғанды емдеу, бұзылғанды жөндеу, жылағанды уатудың қажеттігі секілді, өмірден күдер үзген жандарға тоқтау салар кесімді амал – өмірді сүюге тәрбиелеу болса керек. Бұл тұрғыда ойласып, оңтайлы шешімдерге келетін, тиісті амалдарды тиімді ұйымдастырып, оларды жүйелі түрде жүргізетін кез келді.

Белгілі қаламгер Аян-Се­йіт­хан Ныса­налиннің: «Ұсақ­талып, майдаланып барамыз. Бүгінгі ұрпақта ата-баба­ла­рымыздың мінезі, рухы жоқ» де­ген сөзінің жаны бар. Мі­нез­ді, рухы биік жастарды кім тәрбиелейді? Бұған жа­уап ретінде ғалым Тұрсын Жұрт­байдың «Рухты дамытатын жол – мектеп» деген пайымы сұранып тұрғандай. Ке­лісеміз. Өр мінезді, қайсар, намысқой жастардың қатары қалың емес. Тіпті, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден қашқақтайтын бозбалалар ұшырасады арамызда. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен күн көруге еті үйренген жастарға тағы да арқалы Қасым ақынның: 

Жастық дәурен – жігер оты  жанған жалын,  Көрмесем қызығыңды –  армандадым. Өмірге екі келер уақытым жоқ, Сондықтан үлесімді мол қармадым, – деген өлең жол­­дарын келтіргім келеді. Шы­нында да, өмірге құштар жандар өзі үшін де, өзгелер үшін де пайдалы істердің бірінен соң бірін атқарып, өмірдің қы­зығын, тәттілігін сезіне түседі. Тағы бір кезекті шаруаның басын қайыруға құмартып тұ­рады.   Ал жас ұрпақты мектеп ата-ана, қоғаммен бірлесе оты­­рып тәрбиелейді. Бүгінгі мақсат – адами капитал әлеуе­тін әлдендіру. Адам әле­уеті оның білім, білік дең­гейімен ғана емес, жоғары адам­гершілік, жасампаздық қа­сиет­терімен де өлшенеді. Қазіргі заман қиялы те­рең, жасампаз істерге бейім, өзін-өзі жү­зеге асыра алатын, бәсекеге қабілетті жастардың заманы. Алысқа бармай-ақ, күні кеше ғана «100 жаңа есім» жобасына енген өрімдей жастарды өнеге етіп, тәрбие сағаттарын өткізер болсақ, мұндай іс-шаралар кім-кімді болсын таңғалдырмай, еліктірмей қоймасы анық. Иә, алдымыздағы шәкірттеріміздің бойына өздеріне деген сенімді ұялату ұстазға байланысты. Ынта-ықылас, қызығушылық, талпыныс, ілгері басуға ұмты­лыс сынды оң нышанның оянуы адамның күш-қуатын үстей­ді, жігерін жаниды, қызы­ғу­шылығын өсіреді.

Өкінішке қарай, бұл тақы­рыпқа арнайы бармайтынымыз да жасырын емес. Оқиғаны онша жария етпей, жылы жауып қоюға тырысамыз да, ол турасында жолдас-жора, ата-аналары арасында ашық әңгіме, ой-пікір өрбітуге құлық­сыз­дық танытамыз. Әйтпесе қор­шаған ортада, елімізде болып жатқан өмірлік маңызды оқи­ға, жаңалықтарға, жасампаз істерге қызықтырып, рухы мық­ты, қайратты, намысты жастар тәрбиелеу амалдары жетерлік. Соның бірі елге тұтқа болған танымал тұлғалар тағылымын насихаттау. Бір ғана мысал. Осыдан біраз жыл бұрын Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабын са­тып алып, бас алмастан оқып шыққан едім. Менен әріп­­тестерім алып оқыды. Туын­­дының бас кейіпкерінің (автордың өзінің) өмір үшін адам сенгісіз арпалысын шә­кірт­теріме әңгімелеп, айтып жүрдім. 

Тәрбиелік мәні аса жоғары бұл еңбекке белгілі зиялы қа­уым өкілдері әділ бағасын бер­ді. Айталық, Әбдіжәміл Нұр­пейісов: «Нематтың «Үміт үзгім келмейді» кітабы адам­ның, нағыз адамның өмірге деген ғашықтығының, өмірге деген құштарлығының, қайтпас-қажымас қайсарлығы мен кіршіксіз адамгершілігінің, жан жары мен бала-шағасына деген өлшеусіз мөлдір махаббатының ең биік үлгісі» десе, Сма­ғұл Елу­бай бұл кітаптың шыққан күн­нен бастап қолдан-қолға тимей оқы­латын, оқырманның қайратын қайрап, жігерін жанитын рухани тәрбие құралына айналғанын жазды. Серік Негимовтің: «Даналық ілім тарихындағы «Кабуснама», «Рабғұзи қиссалары», Әлішер Науаидың «Ғашық жүрегі» дүние­танымыңды, әлеуметтік-этикалық көзқарасыңды, тәжі­ри­беңді, білім-білігің­ді қалай тереңдетсе, Н.Келім­бетов шы­ғар­малары Тәуелсіз Қазақ елі­нің рухани көркеюіне, түлеуі­­­не соншалықты әсер етеді» де­уінен көп нәрсені аңғаруға болады. Аталмыш кітапқа үнқосу ретінде пьеса жазылып, ол спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында табыс­пен жүргенінен де хабардармыз. Өз еліміз ғана емес, өмір үшін осынау жанкешті күрес үлгісіне өзге елдер де тәнті болыпты. Айталық, «Үміт үзгім келмейді» ЮНЕСКО аясындағы ең мерей­лі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Каф­ка қоғамының наградасын иеленді. Сондай-ақ Ыстам­бұл­дың бір мектебінде Н.Келім­бетовтің «Үміт» деген кітабы («Үміт үзгім келмейді» түрік тіліне солай аударылған) қосым­ша сабақ түрінде өткізі­леді екен. Өнегені пір тұтудың айқын бір үлгісі деп осындайды айтар болар. Біздің білім орда­ларымызда да «Өмір, саған ғашықпын!» немесе осы маз­мұндағы өзге тақырыпта факуль­татив жүргізіліп, оқыр­мандар конференциясы өткізі­лер болса, кәнеки. Өмірді сүю­ге тәрбиелеудің өзге де тетіктері баршылық, тек ниет болсын деңіз. Мәселен, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғани Мұрат­баев, Саттар Ерубаев сынды тым қыс­­қа ғұмыр кешсе де, мәңгі­лік мәнді із қалдырған аяулы тұлғаларға немесе қазіргі күн­нің батырларына арнап, маз­­мұнды әдеби-танымдық кештер иә болмаса өмірдің сан түрлі иіріміне бойлаған өлеңдерді мәнерлеп оқудан байқаулар өткізу дәстүрге айналса, осылардың бәрі жеткіншектерге серпін беріп, ойы­на қозғау салары, зердесіне ұялап, тіршіліктің қадірін түйсініп, түсінуге ықпал етері сөзсіз. 

Осы мәселе төңірегінде 2016 жылы қарапайым ха­лық өкілінің сөзін жерде қал­дырмайтын ардақты аза­мат, Мәжіліс депутаты Н.Сәбильяновқа хат жолдадым. Өзіндік ұсыныс-пікір­лерім ішінде «Үміт үз­гім­ келмейді» хикаят-моно­ло­гының желісімен фильм түсі­рілсе қалай болар еді дегенді де жазған едім. Нұртай бауы­рымыздың өтінішімен көп ке­шік­пей Мәдениет және спорт министрлігінен жауап келді. Онда министрлік тара­пынан Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильмге» Н.Келім­бетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының негізінде фильмнің сцена­рийін дайындау және фильм түсіру мәселесін пысық­тау жөнінде тиісті тапсырма берілгені жазылыпты. Тәрбие құралының пәрмендісі саналатын кино туындысын тамашалап, кейін әр мектепте оны ұжым болып талқылайтын болсақ, бұл өскелең ұрпақтың ой-өресін өсіріп, көзқарасын жаңғыртып, өмірдің мәнін тани түсуіне септесін болар еді. Өмірді қызықтап қана қоймай, оны қызықты, мазмұнды ету әркімнің өз қолында екенін ұғынар еді. Әрине, өміртану сабақтары фильм­мен ғана шектелмей, тәрбие жұмысын түрлендіруді, ізденісті, еңбек­ті қажет ететінін естен шығар­маған жөн.

Пиалаш СҮЙІНКИНА, «Қазына» сыйлығының иегері, Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушысы

ҚОСТАНАЙ