Жақында сонау алып мұхит әлдилеген Америкадан Оңтүстікке Димаш Ниязов арнайы келді. Оның ата-анасы түбі оңтүстіктік, нақтырақ айтқанда Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылынан.
Әкесі Исмат пен анасы Салтанат Димаш 13 жасқа толғанда жұмыс ыңғайымен шетелге қоныс аударуға бел буған екен. Америкада өскен Димаш академиядан соң полицей болып жұмысқа орналасады. Былтыр есірткі сататын қылмыстық топтың басшысын ұстауда ептілік пен қайрат көрсеткеннен кейін 2017 жылдың үздік полицейі атанады. Қазақ баласы жекпе-жек өнеріне жақын ғой. Кәсіпқой бокпен айналысқан Димаш Ниязов бүгінге дейін 13 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен.
Қазығұрттың Мәдениет сарайында Американың үздік полицейі елмен кездесті. Өрімдей жастардың қызыға қойған сұрақтарына жауап берді. – Кездесу маған өте қызықты жағымды әсер қалдырды, – дейді Димаш. – Әсіресе жастардың спортқа құштарлығы мені қуантты. Көбісі ағылшын тілін біледі екен. Бұл өте құптарлық жағдай. Себебі әлемдік қарым-қатынас тілі болғандықтан осы тілді білген жақсы. Қазығұрт ауылы кішкентай болғанымен мұнда болашақта елдің атын шығаратын намысты талантты жастар көп көрінеді. Олар өз мақсатына жететініне сенімдімін. Америкада қазақтар көп. Дегенмен мұндағыдай бірін-бірі жақсы қолдай бермейді.
Жүздесуде Димаш жүрекжарды сөзін айтты.
– Қазақстан – бұл менің Отаным! Қазақтың қанындағы жауынгерлік күш-қайрат менің жұмысыма ғана емес, кәсіби бокста да көп серпін береді. Мен АҚШ-та жүрсем де, өзімді қазақ санаймын. Өйткені мұнда менің атамның да, әкемнің де және өзімнің де кіндік қаным тамған. Мені ыстық ықыласпен қарсы алған халыққа зор алғысымды білдіргім келеді, – деді «Нью-Йорктің үздік полицейі» аталымының жеңімпазы.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы