Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға, соның ішінде мектепке дейінгі білім беру, орта және жоғары білім беру салаларын дамытуға баса назар аударылған.
Мемлекет басшысы атап өткендей, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс.
Бұл бүгін аса маңызды мәселе, себебі бүкіл әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып келеді. Қазіргі таңда өмірдің барлық саласына жаңа технологиялар енгізіліп, қолданылуда. Білім беру саласы да одан қалыс қалмауы керек.
Жастарды жаңа технологиялық даму деңгейіне қазірден бастап дайындаған жөн. Сол үшін 2019 жылы мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізілетін болады. 2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу аяқталады. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары қайта қаралмақ. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттер дамытылады, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасы күшейтіледі; қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады, халықаралық талаптар мен цифрлы дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары жаңартылатын болады.
Барлық өңірлердегі оқушылар сарайларының базасындағы компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісі құрылып, цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғастырылатын болады.
Мұның бәрі уақыт талабы, жаңа технологиялар дәуірінің талабы. Сондықтан қарқынды дамып жатқан әлемде басқалардан қалып қоймау үшін, жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу үшін Елбасының Жолдауда алдымызға қойған міндеттерін толыққанды іске асыруға әрбіріміз үлесімізді қосайық.
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты